"Білгенге маржан"

“Қырық жеті”

Газетіміздің 13 маусым күнгі №75 (22671) санында шыққан «Қырық жеті деген не?» деп жариялаған сауалымызға жауап келді. Дұрыс жауапты бірінші болып жолдаған Шет ауданы, Өспен ауылының тұрғыны Жансая Сатыбалдина.

Қазақ ежелде қыз туғанда «қырық жеті», ұл туғанда «атұстар» деп сүйінші сұрайтыны немесе «Қалың малға қырық жетіні матап берді» − дейтіні бар. Халық құдалық салтында қалыңмал са- нын қырық пен жетіні қосып ырымдаған. С.Мұқановтың («Өмір мектебі», 1955 ж. Алматы, 337 бет) түсіндірмесін ықшамдап көрейік.

Жазушының әкесінен естуі бойынша, қалыңға балалайтын жеті мал береді, қой мен ешкіден бөлек. Мысалы, жеті бие береді дейік. Оның сыртында жеті құлын, жеті тай, жеті құнан, жеті дөнен болуы керек. Сонда бұл – отыз бес. Балалайтын малдың ішіндегі төлімен қосса (оның атын «бүкпе» дейді екен) − жетеу. Осымен қырық екі.

− Бұған қосылатын малдар: күйеудің әкесі қыздың әкесіне: «Уәдеміз шегедей мықты болсын» − деп «шеге ат», құда түсуге келгенде қыздың әкесіне «мініс ат»; қыздың әкесі ұзату той жасағанда сойыстыққа алатын «жеке ту бие» және күйеу қайын атасының үйіне алғаш түскенде «түс ат» береді. Соңғысы – «өлі-тірі». Бұл – ең алғашқы дәстүрлі кәде, құдайы мал. Қыздың үйі бұл малды сойып, қызға жегізбей, туыстарға, көршілерге таратады. − Сонымен, манағы балалы малдың саны қырық екі, мына соңғы әртүрлі ырымның малы бес, барлығы қырық жеті…

Қазақтың: «Қырық жетіні қырқа матап бердім» − дейтіні осыдан екен ғой.

***

Келесі сауалымызға назар аударыңыз:

Асату деген не?

Сауал сырына үңілген Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button