Басты тақырыпОблыс әкімі

Қыркүйекте – қызу науқан

      Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Нұра ауданына жұмыс сапары барысында егін ору науқанына дайындық жұмыстарымен танысып қайтты. Аймақ басшысы «Қайнар» және «Шахтерское» сияқты екі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралады.

Облыс басшысы асыл тұқымды қой өсіретін «Отқанжар» ЖШС жайылымын да көріп шықты.

Шаруашылық басшысымен субсидия және мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару мәселелері талқыланды.

«Қайнардың» алқаптарында облыс әкімінің назарына жаңа техникалар ұсынылды. Кәсіпорын Ресейде шығарылған комбайндар сатып алған екен.

Бір машинаның құны – 50 млн. теңге. Мамандардың айтуынша, бұл комбайндар шетелдік баламалардан анағұрлым арзанырақ болғанымен, әлемге аты танымал фирмалардың техникасынан сапасы кем түспейді. Машина паркін жаңартуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген.

Ерлан Қошанов «Шахтерское» кәсіпорнында жиналған егінді сақтауға арналған дәнді-дақыл және көкөніс қоймаларын қарап шықты. Бидай қоймасы 26 мың тонна өнім сыйғыза алады. Дақылды өңдеу және кептіру құрылғылары да бар. Өнімділігі сағатына 80 тоннаны құрайды. Оның құрылысына 252 млн. теңге жұмсалған. Ал, көкөніс қоймасы 8 мың тонна картопқа шақталған. Бұл жерде қабылдау және өлшеп орау автоматтандырылған жүйесі орнатылған, ғимарат желдету және климат-бақылау жүйесімен жабдықталған.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин облыста жаппай егін ору науқаны 10 қыркүйектен кейін басталатынын мәлімдеді.

Қазір шаруашылықтар сынама түрде арпаны жинауға кірісті. Ал, жаппай егін ору науқаны 10 қыркүйектен соң басталады. Техника дайын, ЖЖМ жеткілікті. Арзандатылған дизельдік отын берілді және де жалпы көлемнің бірінші партиясы 4 мың тонна көлемінде жеткізілді. Егер, ауа райы қолайлы болса, 15-20 күннің ішінде дәнді-дақылдар және бұршақ жармасын жинап үлгереміз деп ойлаймын. Ал, картоп пен көкөністерді жинауға көбірек уақыт қажет болады, – деді Юржан Бекқожин.

Ол облыста биылғы жылы бір миллион гектардан астам алқапқа егін егілгенін еске салды.

Болжам бойынша, бір гектардан 7-8 центнер өнім жиналады деп күтілуде.

Әрине, өткен жылғыдай рекордтық өнім жинау мүмкін болмайды. Биылғы жаз құрғақ болды. Егін еккен соң бір жарым ай жаңбыр жауған жоқ. Соңыра жауған жаңбыр барлық жерлерге бірдей жаумады. Ылғалдылық жетіспеді, – деп мәлімдеді басқарма басшысы. – Соңғы 15-20 жылда облысымыздағы өнімділік көрсеткіші бір гектар жерден 8-10 центнерден шығып отырды. Биылғы жылы бір гектардан 7-8 центнер түсім аламыз деп күтіп отырмыз.

Жалпы, Қарағанды облысында биылғы жылы картоп өндіруші шаруашылықтар жинаған өнімдерінің бір бөлігін резервке сақтайды. Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылық басқармасы кәсіпорындармен келісім жасасты. Басты мақсат – көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақты сақтап қалу.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жауапкершілік туралы ескертті. Осыған орай, «Шахтерское» ЖШС жетекшісі Георгий Прокоп өздерінің тарапынан қажетті міндеттемелер орындалатынын жеткізді.

Кейбір кәсіпорындар жинаған өнімдерін сыртқа толықтай сатып жібереді. Біз өз аймағымыздың мүддесін, облыс тұрғындарының жағдайын ойлауымыз қажет, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button