Қыр мен қырманның думаны басталды

Нұра ауданының егін алқаптарын облыс әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВ пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан БЕКҚОЖИН аралап, диқаншылармен кездесті. Орақ науқанының барысымен егжей-тегжейлі танысты.

Қыр мен қырманның думаны көңілдегідей болып тұр, – деді «Қайнар» серіктестігінің директоры Сейітжаппар Нығметов әңгіме барысында. – Алқап астыққа тұнып тұр, қырман жұмысын бастады. Диқаншылардың күткені де осы шақ. Олар қазір жұмысқа барынша кіріскен. «Темірді қызған шағында соқ» демекші, осы сәтті барынша тиімді пайдалануға тырысудамыз.

Шынымен де, табиғат жарықтықтың қазіргі шағы диқаншылардың оң жамбасына түсіп тұр. Тамылжыған тамыздың алғашқы күндерінен бастап, күннің көзі Жер-Ананы жаңа көргендей құйқасын қыздырып тұр. Жайдарлы жаз енді басталғандай. Жаз бойы толассыз құйған жаңбыр егін алқаптарын барынша көтеріп тастаған. Оны көзіміз көрді. Тіпті, қызығушылығымыз артып, бидай сабағының ұзындығын да өлшедік. 1 метр 40 сантиметрді көрсетіп тұр. Бұрын «белуардан келетін астық алқабы» деуші едік, қайнарлықтардың егін алқабы биыл «адам бойымен теңесті» десе де болғандай. Серіктестік директорының сөзіне қарағанда соңғы 50 жылда масақтың мұндай биіктігі алғашқы рет кездесуде. Мұны ХХІ ғасырдың рекордтық көрсеткіші деп бағамдауға да негіз бар.

Осымен екінші күн егін алқабынан жеткізілген астықты қамбаға құюдамыз. Ісің оңға басқан сайын көңілің жайланып, еңбегіңді еселей бергің келеді ғой. Міне, биыл диқандар орақты тура сондай көңіл-күймен бастады. Айналымынан орташа есеппен 15-16 центнерден алудамыз. Бұл – алғашқы алқаптардың көрсеткіші. Өткен жылы 5-6 центнерден айналған болатын. Биыл артығымен еселеп алып отырмыз. Бұл – біздің жердің құнарлылығына балағанда керемет көрсеткіш, – деді №1 бригаданың бригадирі Қайыржан Какишов.

Қайнарлықтардың жерінің құнар­лылығы, шынымен де, аудан көлемінде ең төмені. Цифрмен келтіретін болсақ, құнарлылығы жағынан 8-10 балл ғана. Осыған қарамастан, Қарағанды облысы бойынша құнары жағынан ең мықты бидай осы алқапта өніп, жетіледі. Мұның өзі серіктестік еңбеккерлерінің еңбекқорлығын көрсетіп тұр. Қазіргі жаңашыл технологияны барынша пайдаланып, сонау көктемде жерге дәнді сіңіргеннен бүгінгі күнге дейінгі күтімнің мықтылығын аңғартса керек. Көктемде демекші, ағымдағы жылдың сәуір айында егістік жұмыстары басталмас бұрын, осы Щербаков ауылында облыстық деңгейдегі агрокеңес өткен болатын. Сол кезде серіктесіктің қуаты мен мүмкіндігі барынша жан-жақты көрсетілді. Семинарға қатысушылар таңдай қағысып, тәжірибе алмасқан болатын.

Өткен жылғы астықтың қамырлығы 32-34 пайызды көрсетсе, бүгінгі орылған астықтың қамырлығы 29,6 пайызды көрсетіп тұр екен. Стандартқа салсақ, астықтың қамырлығы 23-24 пайыздан кем болмауы керек. Серіктестік директорының айтуы бойынша өткен жыл мен ағымдағы жылғы астықтың қамырлығындағы алшақтық жаз айларында күннің көзінің жеткіліксіз болуынан екен.

Ылғалдылығы 14-15 пайызды көр­сеткен шақта орылған бидайдың қырман басында бір түн сақталып шыққандағы ылғалдылығы 10 пайызды құрайды. Мұны біздің көзімізше серіктестіктің бас агрономы Айнар Нығметов өлшеп көрсетті. Елеуіштен өткен астықтар бірден тасымалдаушы көліктерге тиелуде екен. Қарағанды қаласының «Ақнар», «Дарад» кәсіп­орын­дары әр тоннасын 49 мың теңгеден қолма қол алып, тасымалдап жатқан көрінеді.

Қазір серіктестіктің бар техникасы науқанға тартылған. Қыр мен қырманның думанын қыздыруда. Техника паркі жаңартылған құрамда жасақталған. Бәрі де кейінгі үлгідегі шет елдікі. 51 комбайын астық орып жүрсе, 30 тасымалдаушы техника қыр мен алқап арасын жалғастыруда.

Негізі, серіктестік 34711 гектар алқаптың 2500 гектарына арпа, 1211 гектарына сұлы егіп, орып үлгерген. Қазір 31000 гектар алқапта жайқалып тұрған астықты қамбалауда.

Сапар түйінінде Шагурашид Мамалинов жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу жайын қозғап, диқаншыларға сәттілік тіледі.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.