Басты тақырыпПрезидент

Ынтымақтастық – ырыс кепілі

    Нью-Йоркте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Америка Құрама Штаттарына ресми сапарын қорытындылап, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

«Меніңше, келіссөздеріміз өте жақсы, жоғары деңгейде өтті. Көп мәселе жөнінде әңгімелесіп, ортақ тіл табыстық. Бізге қолдау көрсететін болды, ол аса қажет. Әрине, Америка Құрама Штаттары дүниедегі экономикасы, әскери қуаты жағынан ең алып мемлекеттердің бірі», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстанды Тәуелсіздік алған күннен бастап қолдап келе жатқанын баса айтты. Сонымен қатар, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға да тоқталды. «Бізге америкалық компаниялар 50 млрд. доллардан астам инвестиция құйды. Әлі де жүзеге асырар жобалары баршылық. 550 бірлескен өндіріс жұмыс істейді. Америкалық іскер топ өкілдері біздің іскер адамдарымызбен дөңгелек үстел басында кездескенде 20-дан астам келісім-шартқа қол қойды. 7,5 млрд. доллардың жобасын бірлесіп жүзеге асыратын болды», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен екеуара кездесуі барысында өңірлік және халықаралық саясат мәселелері де қозғалғанын айтты. «Ол жұмысына кіріскен уақыттан бері сырттай байланыстар болып, екі рет телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта кездестік. Және де біздерде қандайда бір өзара түсіністік қалыптасты. Мен оның басқа президенттерге мүлдем ұқсамайтындығын білдім. Мен үлкен Буштан бастап, Клинтон, кіші Буш, Обамамен кездестім. Оның келіссөздер жүргізу мәнері де ешкімге мүлдем ұқсамайды. Бизнесмен, нақтылықтың адамы, бос сөзді жақсы көрмейді. Бұл маған да ұнайды. Біз бір-бірімізбен бірден түсіністік. Жайлы жұмыс жасадық, ешқандай проблема болған жоқ. Қайта, талқылаған мәселелер бойынша тікелей байланысып отыруға уағдаластық. Америкалық компанияларға Қазақстанда жұмыс істеуге белгілі мүмкіндік берілетіндігіне, Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды ел екендігіне келістік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы АҚШ пен Қазақстанның стратегиялық серіктестігін одан ары нығайту мәселесі Дональд Трамппен бірге қол қойған бірлескен мәлімдемеде көрініс тапқандығын баса айтты. АҚШ Президентімен әлемнің шиеленісті нүктелеріндегі мәселелер де талқыланғанын атап өтті. «Оны Солтүстік Кореядағы ахуал қатты алаңдатады. Мен Солтүстік Корея проблемасын АҚШ, Ресей және Қытай тізе қоса отырып қана шеше алатындығын айттым. Басқа шешімі жоқ. Ол мұнымен келісті. Меніңше, дәл осы бағытта жұмыс істеу қажет», – деді ҚР Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентімен Иран мәселесін, ядролық бағдарламасын тоқтату келісімін талқылағанын айтты. «Трампқа бұл келісімдер ұнамайды. Бірақ, мен бұл келісімнің жан-жақты сараланған, қажетті екендігін, оны алып тастау Иранның өзінің бағдарламасын жүзеге асыруды қайта қолға алуына түрткі болатындығын, сол кезде Солтүстік Корея сынды тағы бір проблемаға тап болатындығымызды табанды түрде айттым. Меніңше, бұл бағытта жұмыстар жүргізілетін болады», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы АҚШ Президентімен Ауғанстан мәселесі де қарастырылғандығын айтты.

Елбасы БҰҰ-ның бас мінберінен мемлекеттік тілде мәлімдеме жасағаны белгілі. Бұл ретте, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы қазақ халқының табысы екендігін айтты. «Бұл – біздің тарихымыз үшін өте маңызды, бұрын-соңды болмаған шара. Бүкіл дүниенің осындай ұйымын басқару, нұсқау беру, не істеу керектігін айту – мұның барлығы үлкен табысымыз деп санаймын. Менің жеке басымның табысы емес, қазақ халқының, Қазақстанның табысы. Артымызда халқымыз тұрғаннан кейін елге қызмет істеп, жақсылық жасау үшін жүріп жатырмыз», – деді Елбасы. Қазақстан мен АҚШ байланыстарына да кеңінен тоқталып өтті. «АҚШ-тың дүние жүзіндегі ең алып ел екендігі барлығымызға да белгілі. Жақын арада АҚШ-тың орнын басатын дүниеде мемлекет жоқ. Жақынырақ келе жатқан Қытай шығар. Бірақ, ол да әлі көп шаруа жасауы керек. Сондықтан, осындай елмен, әсіресе, ғылыми-техникалық жағынан дамып келе жатқан елмен қарым-қатынас жасау біз үшін өте қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы еліміздің үшінші жаңғыруы, индустриялық, инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін АҚШ-пен екіжақты байланыстарды нығайта түсу қажеттігіне назар аударды. «Кешегі Жолдауда айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін төртінші технологиялық революцияға өтіп, Цифрлық технологияны дамытамыз деп отырмыз. Ал, оның барлығы да осы жерде», – деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның бас хатшысымен кездескенін, ол да Украина, Солтүстік Корея, Иран проблемаларында Қазақстаннан көмек сұрағандай болғанын да атап өтті. «Мұның барлығы елдің абыройы, елге деген сенім. Сенім болса елге қаражат та, технологиялар да келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Қазақпарат» дерегі негізінде әзірлеген Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button