Басты тақырып

Ғылым қайнары – Қарағанды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

 

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні деп белгіленген еді. Бұл күн жайдан-жай таңдалмаған деп ойлаймын. Себебі, 12 сәуір – академик Қаныш СӘТБАЕВТЫҢ туған күні және кеңестік Ғарышкерлер күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

Орыстың ұлы ғалымы Илья Мечников ғылымның айрықша ерекшелігі өзінің дамуы үшін күшті тұлғаның болуын талап ететіндігі болып табылатындығын айтқан болатын.

Қазақстандық ғылым үшін аса көрнекті ғалым және отандық ғылымның ұйымдастырушысы Қ.Сәтбаевтың аса зор тұлғасы осындай биік екені күмәнсіз.

Томск политехының түлегі ретінде ол өзінің еңбек жолын біздің аймақта бастаған. Оның геологиялық іздеу жұмысының жемісі – Үлкен Жезқазған болды. Соның нәтижесінде жасаған металлогеникалық карталары Қазақстанның тау-металлургиялық кешенін жасауда шешуші рөл атқарды. Ол осы стратегиялық салада өз өмірлік жолын тапқан жүздеген мың қазақстандыққа еңбек етуге, өмір сүруге және өсіп-өркендеуге мүмкіншілік берді. Бұл – өз кезегінде елдің шарықтап даму бағытын анықтап берді.

Оның кейінгі жылдарда одақтық ғылым академиясының қазақстандық филиалын табысты басқаруы – ҚазССР ҒА құруға және жемісті дамытуға жол ашты.

Ол – қысқа ғұмырында өз Отанының гүлденуі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек ете білген ерен тұлғаның бірі һәм бірегейі. Осы бір ғажап адамның іске асырған орасан зор еңбегіне таңғалмасқа болмайды.

Осындай ұлы істердің бір бөлшегі осыдан 60 жыл бұрын Орталық Қазақстанда алғашқы академиялық мекеме – ҚазССР ҒА-ның Химия-металлургиялық институтының ашылуына мұрындық болуы болып табылады. Онымен қоса, Қаныш Имантайұлы бұл Институтты кейін басқа ғылыми ұйымдар бөлініп шығатын негізгі орталық ретінде көре білді. Ол 1949 және 1958 жылдары ҚазССР ҒА Президумының Орталық Қазақстанда өндірістік күштерді дамытуға арналған көшпелі мәжілісін екі мәрте ұйымдастырып, өткізді. Ол жұмысқа Мәскеудің, Ленинградтың және КСРО-ның басқа қалаларының маңдай алды ғалымдары мен өндірушілері қатысты. Нәтижесінде, аймағымыздың алдағы жылдарға арналған мықты даму жоспары жасалды. Айтпақшы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің кітапханасында екінші Форумның бірнеше томнан тұратын, барлық маңызды бағыт-бағдарлары қамтылған еңбектері сақталған. Осы материалдармен танысқаннан бері мәселелердің қаншалықты терең, мазмұнды қарастырылғанына және жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылданғандығына, олардың бүгінгі күнге дейін өндірісте, еліміздің және қазақстандық қоғамның күнделікті өмірінде іске асырылып жатқанына таң қалу әсерінен арылар емеспін. Олардың арасында көмір өндірісін дамытуды интенсификациялау, «Ертіс-Қарағанды» каналын салу, денсаулық сақтау, қара және түсті металлургияның алғышарттары, кадрлар даярлау және басқа бағыттар бар екенін атап өту керек.

Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында ҚазССР ҒА ХМИ-ді бірнеше жыл жемісті басқарған академик Е.Бөкетовтің шақыртуымен кеншілер қаласына жас ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, КСРО ҒА П.Лебедев атындағы Мәскеу физика институтының аспирантурасын бітірген Зейнолла Молдахметұлы Молдахметов келді де, Қаныш Имантайұлының кейбір идеяларын өмірде нақты жүзеге асырды.

Академик Е.Бөкетовтің оны Абайдың әкесімен салыстырып, «Зейнолла – бұл Құнанбай, ол – психолог» деуі де тегін емес. Қазақстандық қоғамда осындай аса зор беделді ғалымның мұндай бағасын кез келген ғалым алмайтыны сөзсіз. Айтпақшы, Е.Бөкетовтің мезгілсіз өлімінен кейін Зейнолла Молдахметұлы Қарағанды мемлекеттік университетіне оның бірінші ректорының атын беру туралы мәселені жоғары мемлекеттік деңгейде шешті.

90-жылдардың басында Зейнолла Молдахметұлы тау-кен ғылымы мен білімінің атасы, Социалистік Еңбек Ері, академик А.Сағынов үшін жаңа академиялық ҒЗИ – Жер қойнауын кешенді зерттеу институтын ашты. Оны Әбілқас Сағынұлы өмірінің соңына дейін басқарды. Сол кезде, институтты басқаруға тағайындалғанда Әбекең 76 жаста болғанын айта кеткен жөн.

З.Молдахметов Қазақстанға бұрын бұл жерде беймәлім ғылым – квантты химияны алып келді. Бүгінгі күні бұл – үлкен ғылыми мектеп. 1963 жылы ол Химия-металлургиялық институтта спектроскопия зертханасын ашты. Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының және Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болған кездерде жаңа оқу корпустарын, Студенттердің Мәдениет сарайын, жатақханалар, оқытушыларға арналған үйлер салдырды, оқу, ғылым-зерттеу және тәрбие жұмысының деңгейін біршама жоғары көтерді.

Ғылым Академиясының 1983 жылы құрылған Орталық Қазақстан бөлімінде академик-хатшы бола жүріп, сол кездегі алғашқы және жалғыз аймақтық академиялық құрылымның нақты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бес жаңа ҒЗИ ашты. Сонымен қатар, 1998 жылы ол “Қазақстан-Ресей” университетінің іргесін қалап, оның 2003 жылы Астана қаласында ашылған жаңа оқу корпусының таныстырылымына ел Президенті Н.Назарбаев қатысып, жоғары баға берді және оны жаңа заманның ЖОО деп атады. Шын мәнісінде Зейнолла аға Қазақстанда қашықтан оқыту мен оқытудың кредиттік технологияларын енгізу мәселесіндегі алғашқы бастамашы болып табылады.

Кең көлемді ғалым және педагогтің барлық сан қырлы өмірі мен еңбек жолын бірнеше параққа сыйғызу өте қиын. Алайда, Зейнолла Молдахметовтің ауқымды еңбегі кез келген мемлекеттің негізін құраған және құрайтыны сөзсіз. Және осы бір таңғажайып адаммен жұмыс істеу бақытына ие болған әрбір адам оның нағыз өмір мектебі екенін айтады.

Өзінің әйгілі «Ғалымды тағайындау» трактатында философ И.Фихте: «… Ғалым өзінің не істегенін ұмытсын, бір іс орындалған соң, ол тағы әрі қарай не істейтіні туралы ойлансын …» деп жазды. З.Молдахметов өзінің 85-ші мерейтойын үлкен күш-қайратпен, сергектікпен және шығармашылық қуатпен, өмірдің әр алуан саласында қажеттілігін сақтай отырып күтіп алды. Оның атақты ғалым және педагог, тамаша ұйымдастырушы және қоғам қайраткері ретіндегі таланты егемен Қазақстанның болашағы үшін әлі де ұзақ уақыт қызмет етері сөзсіз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ақсақалды және барлық біздің ғалымдарды кәсіби мерекемізбен – Ғылым күнімен құттықтаймын!

А.ҒАЗАЛИЕВ,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері,

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі.

СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай – ҚР ҰҒА академигі З.Молдахметов, ҚР ҰҒА академигі Ә.Сағынов, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, профессор С.Досмағамбетов, ҚР ҰҒА академигі Ғ.Құлқыбаев.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button