Қылмыс азайып, татуласу көбейді

Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік ШӘРІПОВ өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында 2019 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Оның мәлімдеуінше, аймақта сотқа жүгінушілердің саны айтарлықтай азайған. Бұл – сот саласындағы реформалардың және бітімгершілік бағыттағы жұмыстардың нәтижесі.

Баспасөз мәслихатына облыстық соттың төрағасымен қатар, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы міндетін атқарушы Рыскүл Исабекова да қатысты.

Нұрсерік Кәрімұлының айтуынша, Жоғары соттың төрағасы Жақып Асанов 2019 жылды – Сот төрелігінің сапасы жылы деп жариялаған. Осының аясында сот төрелігінің сапасын арттырумен қатар, жаңа форматтағы сот актілерін дайындау, процессуалдық нормалардың сақталуы және сотқа жүгінушілердің құқықтарын сақтауға ерекше зейін қойылған. Сондай-ақ, бітімгершілік рәсімдерді дамытуға, сот саласын цифрландыру және қағазбастылықтан арылу мәселелері де назардан тыс қалмапты.

– Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соттардың жүктемесі азайды. Мәселен, 2018 жылы 458 894 іс қаралса, 2019 жылы 283 896 іс сот қарауына жолданған. Әсіресе, қылмыстық істер 41%-ға азайды. Облыс аумағында қылмыстық істердің азаюы өте құптарлық және қуанарлық жайт. Тағы бір айта кетерлігі, бітімгершілік істер арқылы шешімін тапқан істер 46,4%-ға ұлғайды. Бұл дегеніміз аймақтағы бітімгерлердің, билер кеңесінің тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді, – дейді Нұрсерік Шәріпов.

Облыс аумағында «Татуласу рәсімдері», «Соттан тыс татуласу» жобаларының аясында 5 орталық ашылған. Биыл Қарағанды қаласында тағы 1 татуласу орталығын ашу жоспарланып отыр. Қарағанды қаласының және Абай, Шахтинск тәрізді серіктес қалалардың соттарында 11 фронт-кеңсе ашылған. Сондай-ақ, аймағымызда 59 медиация кабинеті және 30 билер кеңесі жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, сот төрелігінің қолжетімділігін арттыру мақсатында жеті елді мекендегі әкімдіктердің жанынан «Виртуалды сот» кабинеттері жасақталыпты. Бұл азаматтық істерді сотқа дейін жеткізбей, өзара татуласу арқылы шешуге мүмкіндік береді.

– Қазақ жерінде бұрын түрме деген ұғым мүлдем болмаған. Әрине, ел іші болғандықтан түрлі тентектер мен даулы оқиғалар кездесіп тұрады. Олардың бәрі билер кеңесі арқылы реттеліп келді. Біз осы ғасырлар бойы қалыптасып, санаға сіңген тәжірибені қайта жаңғырттық. Билер кеңесіне халқына қадірлі, сөзі дуалы қариялар тартылды. Аудандық әкімдіктер оларға жайлы орын тауып берді. Бірақ, әзірге Қарағанды қаласында билер кеңесі жоқ. Бұл мәселені алдағы уақытта шешеміз, – деді облыстық соттың төрағасы.

 Оның айтуынша, билер кеңесі ел ішіндегі тұрақтылық пен келісімді сақтаудың жарқын үлгісіне айнала алады. Өйткені, үлкенді сыйлау мен аталы сөзге тоқтау ұлттық болмысымызда бар дүние. Тек, соны тиімді пайдаланып, заман талабына сай жаңғырта білсек болғаны.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ