Вокзалдың тарихи келбеті сақталады

Облыс әкімі Ерлан Қошанов Қарағандыдағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту барысын жеке бақылауда ұстауда. Облыс орталығын аралау барысында аймақ басшысы нысандағы жөндеу жұмыстарын тексерді.

Мердігерлер жұмыстардың кестеге сай орындалуы туралы баяндады. Жоспар бойынша, қайта жаңарту жыл соңына қарай толық аяқталуы тиіс. Айта кету керек, жаңарту ғимараттың тарихи сәулеттік келбетіне әсер етпейді. Қасбеттің стилі өзгермейді. Вокзал ішіндегі бірегей жапсырма бұрынғы қалпында сақталады.

Ерлан Қошанов жұмыс кестесінің бұзылуына жол бермеуді талап етті. «Қайта құру жолаушыларға қолайсыздықтар туғызбауы тиіс», – деп атап өтті ол.

  • Қыркүйектің басында адамдардың көшеде тоңбауы үшін вокзалдың жаңартылған ескі бөлігін ашу керек. Абаттандыруды аяқтау қажет. Жаңа терминалдың бірінші қабатын салу керек. Содан кейін ары қарай жалғастырыңыздар. Жыл соңына дейін уақыттарыңыз бар, – деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бастап Қарағанды теміржол вокзалы ауқымды қайта жаңартудан өтуде. Жоба жаңа қосымша құрылысты және галерея құрылысын қамтиды. Жолаушылардың ыңғайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттан перронға өту үшін жер үсті өтпесі салынады. Вокзал ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тоғыз метрлік эскалатор мен лифтілер, ана мен баланың жайлы бөлмесі ашылады. Алдағы уақытта Қарағанды теміржол вокзалындағы жолаушылар ағыны екі есе өседі деп болжануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.