Жаңалықтар

Вирустың ресми атауы – “Covid-2019”

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасады. Әлемді дүрліктірген қатерлі вирустың енді негізгі атауы – «Covid-2019». Бұл туралы Женевада өткен брифингте ДДҰ басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус мәлімдеді.

Ел арасында «Ухань синдромы» аталып кеткен жаңа вирус түріне ресми атау вирустың нақты белгілерін көрсетпейтін басқа атауларды пайдалануды болдырмау мақсатында берілген. «Со» – коронавирусты білдірсе, «VI» – вирусты, ал, «D» – ауруды білдіреді. Жиында 18 айдан кейін дайын болуы мүмкін вирустың алғашқы вакцинасы туралы да айтылды. Ауру таралғалы ғалымдар, оның ішінде Қытай ғалымдары оған қарсы вакцина іздеумен айналысқанын білеміз. Тунцзи университетінің медицина мектебі жанындағы Шанхай шығыс ауруханасының қызметкерлері вакцинаның он нұсқасын әзірлеген. Олардың әрқайсысы қазір тышқандарға тестіленуде. Тестілеудің бірнеше міндетті кезеңінен өткен соң, маймылдарға тәжірибе жасалады деп жоспарлануда. Оны адамдарға салуды бастағанға дейін кем дегенде екі жыл керек болса да, ғалымдар ауру шыққан ошақ – Ухань сияқты үлкен қалаларда вакцина салуды одан бұрын да бастап кетуі мүмкін дегенді айтады.

Бір қызығы, Қытай коронавирусы ересектер арасында кең таралғанымен, балаларды айналып өтуде. Вирустан зардап шеккендер ішінде 15 жасқа толмаған балалардың жұқтыруы туралы бір де бір мәлімет жоқ екен. Ғалымдар оның балаларға жұға қоймайтын, болмаса, ауыра қалған күннің өзінде ауру белгілерінен аз зардап шегеді деген болжам жасап отыр.

Дегенмен, Гонконгтың жетекші эпидемиологы Габриэль Лян коронавирус індеті ғаламшар халқының үштен екісіне таралуы мүмкін деп ескерту жасады. Сарапшылардың пікірінше, вирус жұқтырған әр адам оны 2,5 адамға жұқтыруы мүмкін, бұл әлем халықтарының 60-80%-на қауіп төндіреді.

ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі Хэ Цинхуаның айтуынша, соңғы жеті күнде ауру жұқтырғандар саны азайған. Бірақ, бұл демалыстарға байланысты болуы да мүмкін, жұмыс күні басталғанда жұқтырғандар саны қайтадан артуы да мүмкін деген болжам бар.

Қытайда коронавирусты жұқтыру фактісі 44,6 мыңға жетті, оның ішінде 1113 адам қайтыс болса, 4740-і емделген деп хабарлады ҚХР Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитеті.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлімдеуінше, Қазақстанда коронавирустық инфекция жағдайлары тіркелмеген. Симптомдары мен жоғары температурасы бар 134 адам ауруханаға жатқызылды, олардың 106-сы сауығып шыққан, 28-і әзірге стационарларда емделуде.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button