Нұра

Ветеринарлық қызметке – оң баға

Өткен аптада Нұра ауданының орталығы – Киевка кентінде

4 күн қатарынан аусыл ауруына қарсы жүргізілетін іс-шаралардың басын құраған халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді.

Шараның халықаралық деңгейде өтуіне басты себеп – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Халықаралық эпизоотикалық бюро (ХЭБ) арасында халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы туралы келісімге қол қойылғандығы. Сонымен қатар, 2015 жылдың 28 мамырында Халықаралық эпизоотиялық бюроға мүше елдердің Париж қаласында өткен Ассамблеяның 83-ші жалпы сессиясында Қазақстанның 9 облысына ресми түрде аусыл ауруынан вакцинациясыз ел мәртебесіне ие болғанын растайтын арнайы сертификат табысталғаны.

Алғашқы күні Нұра ауданы көп салалы колледжінде оқу-жаттығу жұмыстарының салтанатты ашылуы мен семинар-тренингтер жүргізілді. Аталмыш іс-шараға Нұра ауданының әкімі Н.Омарханов, Халықаралық эпизоотикалық бюросының халықаралық сарапшысы Мариано Рамос, суб-аймақтық үйлестіру кеңсесінің өкілі ХЭБ (Астана) Диана Монтабор, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы С.Хасенов, Ветеринария бойынша референттік Ұлттық орталығының директоры С.Төлегенов, Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ басшысы Е.Мәдиев, «Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің Бас директоры Александр Сұлтанов, Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы М.Мұхтаров қатысты.

Сонымен қатар, семинарға және кейінгі тренингтерге ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағадау комитетінің аумақтық инспекциясы, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметі, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, Қарағанды облысының Ішкі істер департаменті, Нұра ауданы әкімі аппараты, Нұра аудандық аумақтық инспекциясы, Нұра аудандық ветеринарлық бөлімі, Нұра аудандық ветеринарлық станциясы, жергілікті полиция қызметі, Нұра аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы, табиғатты қорғау полициясы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының ветеринарлық қызметі қызметкерлері қатысты.

Жаттығудың бағдарламасы бойынша жасанды түрде аусыл ауруы тіркеліп, салдарын жою дайындығы пысықталды. «Калиев» шаруа қожалығы мен жергілікті тұрғындардың қорасында жасанды түрде ауру туғызылып, аурудың ошағын жою мен адамдардың жұқтырып алмауы мақсатында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, сынама алынып, зерттеліп, тексеріліп, пайдаланылған киімдер жойылды. Күдікті мал мал сою пунктінде сойылып, сол жерде ауру малдың ережеге сай сойылуы бақыланды. Мал өлексесі арнайы техникамен тасымалданып, республикалық эпизоотияға қары отряд қызметкерлері 30-35 ірі қараны өртеуге қуатты жылжымалы «HURIKAN – 3000» инсенираторында өртеді.

Ауылға қарантин жарияланды. Ауылға кірген-шыққан көліктер бақылауға алынып, карантиннің бар ережесі қатаң сақталды. Көліктер арнайы құралдармен залалсыздандырылды. Осы көрсетілген іс-шаралар жан-жақты қамтылып, әр мекеме қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындауымен ерекшеленді.

Соңында төрт күнге созылған жаттығу жұмыстары бағаланды. Халықаралық сарапшылар оқу-жаттығу жұмыстарын жоғары деңгейде өткенін хабарлап, қазақстандық ветеринарлық қызмет сапасына оң баға берді.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button