Бас тақырып

Университет оқытушыларының жалақысы өседі

Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін оқытушылардың жалақысын 30%-дан 50%-ға дейін көбейтуі тиіс. Бұл – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы. Ғылыми орта бұл жаңалықты қуана қарсы алды. Олар оқытушылар айлығының өсуі – білім сапасының жоғарлауына оң ықпал етеріне сенімді. Сонымен…

«Бұл шешімнің нақты негіздері бар. Біз жоғары оқу орындарының бюджеттеріне талдау жүргіздік. Ол еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтердің бар екендігін көрсетті. Бүгінде бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алатын жағдай қалыптасқан. Мұндай саясатпен сапаны талап ету мүмкін емес», – деп жазды Асхат Аймағамбетов өзінің «Фейсбук» парақшасында.

Министрдің пікірін жоғары оқу орындарының оқытушылары да қолдап отыр. Мәселен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің оқытушысы Нұртас Смағұловтың айтуынша, бұл – дер кезінде қабылданған оң шешім.

– Адамды әлеуметтік ахуалына қарап бағалайтын заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Нарықтың заңдылығы осы. Университет оқытушыларының айлығының өсуі – ғалымның қоғам алдындағы беделін арттырады. Әрі табысы аз ұстаз студентке сапалы білім береді деп айта алмаймыз. Өйткені, айлығы шайлығына жетпейтін жан күнкөріс қамымен бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Әр нәрсенің басын шалып жүрген оқытушы физикалық және моральдық тұрғыда қалжырайды. Жұмысына салғырт қарайды. Ал, табысы жақсы болса, оның жұмысқа деген ынтасы артып, студентке сапалы білім беруге ұмтылады. Сонымен қатар, білікті кадрлар көбейеді. Талантты жастар университет қабырғасында қалып, ғылым қуар еді, – дейді Нұртас Смағұлов.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда ЕҰУ, Каспий университеті және Тараз педагогикалық университеті тәрізді бірқатар жоғары оқу орындары ұстаздардың айлығын көтеруді бастап кеткен. Алдағы уақытта бұл қатарға басқа да университеттер қосылады. Осы орайда, облысымыздағы беделі мен әлеуеті жоғары ҚарМТУ мен Е.Бөкетов атындағы ҚарМУға хабарласып, тапсырманың орындалу барысы туралы сұраған едік. ҚарМТУ баспасөз орталығының қызметкері Айдана Дөненбайқызының айтуынша, қазіргі таңда университет басшылығы тапсырманы орындауға әзірлік жұмыстарын бастаған. Яғни, оқу орнының қаржылық әлеуеті қайта есептеліп, оқытушылардың айлығын көтеру мәселесі қарастырылуда. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің басшылары да министр тапсырмасын орындауға әзір екендіктерін жеткізді.

– Бұл мәселе Ғылыми кеңес отырысында мақұлданып, Бақылау кеңесінің қарауына жіберілді. Профессорлық-оқытушы құрамның айлығын 30-дан 50 пайызға дейін көтеруге университеттің қаржылық әлеуеті толық жетеді, – дейді ҚарМУ-дың тәрбие ісі және әлеуметтік сала проректоры Елдос Түйте.

Жағымды жаңалықтан ғылыми элита да қалыс қалмайды. Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындары басшыларына оқытушылардың айлығын өсірумен қатар, академиктерді арнайы қосымша ақылар тағайындау арқылы қолдау көрсету міндетін қойды. Сондай-ақ, алдағы уақытта жас ғалымдарды қолдау тетіктері де қарастырылмақ. Бұл оң өзгерістер еліміздегі ғылым саласының дамуына тың серпін беріп, білім сапасын арттырары анық. Тағы бір айта кетерлігі, ғылым саласындағы өзгерістер ел бюджетіне салмақ салмайды. Ұстаздарды қолдау шаралары қолда бар мүмкіндіктердің шеңберінде жүзеге аспақ. Яғни, мемлекеттік университеттердің қаражаты бақылауға алынып, жоспарлы түрде, нақты мақсаттарға ғана жұмсалады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button