Басты тақырыпРухани жаңғыру

Уақыт жадындағы уытты ақын

    Қарағандының Оңтүстік-шығысындағы Сатыбалдина көшесі… Сатыбалдина емес, Қапан Сатыбалдин көшесі екенін кім біледі осы? Қазақ Совет әдебиетінің классигі Қапан САТЫБАЛДИН есімін «Кеңес» ұмыттырғысы келгенімен, уақыт естен шығармапты… Қасымның өзі «О, Вольтер, Қапан Сатыбалды!

Сатыбалды баласы жатып алды.

Жатып алды, аққудай ақын даңқын

Атып алды, тарихта аты қалды» демеп пе еді?! Ендеше, «Сатыбалдинаны», Сатыбалдин көшесі деп қазақшалайтын кез келді. Биылғы жүз жылдығында болмаса, қашан?..

Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын, жазушы-драматург Қапан Сатыбалдиннің 100 жылдығына байланысты, «Мен жырлаймын…» атты әдеби кеш өтті. «Мен жырлаймын…» деген айдар ақынның небары 20 жасында жарық көрген тұңғыш өлеңдер жинағы. Биыл жүз жылдығында Мәскеу қаласында тұратын қызы Нәркес Сатыбалдинаның ұйытқы болуымен қазақ, орыс тілдерінде қайта шығып отыр. Биология ғылымдарының кандидаты Нәркес Қапанқызы Мәскеуден жарық көрген әкесінің кітабын кеудесіне қысып, ақынның туған жері Қарқаралыға өтіп бара жатыр екен. Әуелі Қарағандыға тоқтатып, ақын өлеңдері мен прозалық шығармалары және естеліктер топтастырылған қалыңдығы қарысқа жуық жинақтың тұсауы кесілді. Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы һәм кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен өткен кешке аталған филиалдың директоры, ақын Серік Ақсұңқарұлы қатысып, сөз сөйледі. «Қазақ Совет әдебиетінің классиктерінің бірі Қапан ағамыз елім деп өмір сүрген елеулі тұлғалардың қатарынан» дейді С.Ақсұңқарұлы. Қапан атамыздың 100 жылдық мерейтойына деген облыс әкімі Ерлан Қошановтың Құттықтау хатын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев табыстады. Нәркес Қапанқызының иығына аймақ басшысы Ерлан Жақанұлының шапанын жапты. «ХХ ғасыр ғұламасы», ұлы физик Темірғали Көкетаев «Мен жырлаймын…» кітабының тұсауын кесті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов ақынның шығармашылық мұрасына тоқталып, әсірсе, прозаларына дендеп, пайымды пікір айтты. Кезінде үкімет Ілияс Есенберлиннің соңына шам алып түсіп жатқанда, Қапан атамыздың араша түскені – ерлікке пара-пар іс. «Қазақ әдебиеті» газетінде редакторлық қызмет атқарып жүргенінде Қабдеш Жұмаділовке шарапаты тигенін де білеміз.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан болса, Қапекеңнің ғұмыр жолын сол кездегі қоғам ахуалымен байланыстырды. «Өзім де қумын, Октябрьден (революция) әрі аспаймын…» депті Қапекең замандасы Тайыр Жароков. Ақынның көзін көрген аталас туысы Ерғазы Жазықбаев ағасы жайлы естеліктерімен бөлісті. Алматыда үйіне барып жүрген інісіне «Біз өлеңді белгіленген трафарет бойынша жаздық, тау өзеніндей еркін көсілер ме еді, шіркін?!» десе керек бір әңгімесінде. Кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Телпекбаеваның ұйымдастыруымен «Жазушы Қапан» атты виртуалды кітап көрмесі де тұңғыш рет көрсетілді.

Ендігі кезекте ақынның туысқандары сөз алды. Үлкен қызы Нәркес Сатыбалдина елге, жерге деген алғысын білдіріп, кітап бөлімдеріне де тоқтала кетті. Қапекең өлеңдерін орысшаға талантты ақындар аударған көрінеді. Кітап жарыққа шыққанын анасы, ақынның жары, қазақтың белгілі кинорежиссері Күлпан Ахметова көре алмай кеткенін өкініш қылды. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дина Аманжолова қорытынды сөз сөйледі.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button