Бас тақырып

Ұтымды ұсыныстар қаперге алынады

Бейсенбі күні өткізілген облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және тұрғындарды әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында депутат Серғазы ӘДЕКЕНОВТІҢ төрағалық етуімен «Қарағанды облысындағы бұқаралық спорттың жағдайы және дамуы туралы» көкейкесті мәселе талқыланды. Халық қалаулыларының салалық бағыттағы құрылымының жиынына облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ қатысты.

Маңызды мәселеге қатысты баяндаманы депутаттар назарына облыстың денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов ұсынды. Салаға жауапты тұлғаның мәлімдеуінше, Елбасының бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тартуды пәрменді ете түсу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыс аумағында айтарлықтай көлемді әрі нәтижелі жұмыстар атқарылу үстінде. Адамдардың барлық жас санаттары мен тұрғындардың түрлі әлеуметтік топтарына бағытталып ұйымдастырылатын дене шынықтырусауықтыру және бұқаралық спорт шараларының саны артып келеді.

Мәселен, салауатты өмір салтын насихаттау аясында 2018 жылы бұқаралық сипаттағы 9352 шара өткізіліп, оларға 567 077 адам қатысқан екен. Оның ішінде, ауылдық жерлерде 1400 жарыс ұйымдастырылған, қатысушылар саны – 116 221 адам.

Бұқаралық спорт шаралары қатарында аудандар мен қалалардағы жалпы саны 28 869 спортсүйер қауымды қамтыған 10 спартакиада өткізіліпті. Онда Қарағанды, Сәтбаев қалалары мен Абай, Осакаров және Нұра аудандарының командалары шеберлік машықтарымен ерекшеленген.

Осы орайда, жүзеге асырылған қарекеттердің облыстың даму бағдарламасының көрсеткіштерін айқындайтын екі межелі индикаторына қол жеткізуге бағытталатынын айта кеткен жөн. Оның алғашқысы, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың сандық көрсеткіші, 2018 жылы 415 158 адам, шартты өлшемі – 30,1 пайыз. Ал, белгіленген меже бойынша 2019 жылы бұл деңгей 992 адам санына өсіп, тиісінше, 30,3 пайызды құрауы тиіс. Аталған деректі көрсеткіштер республиканың орташа көрсеткішінен (2018 жылдың 1 қарашасында – 29,8 пайыз) жоғары. Ал, екіншісі – 7 жас пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде, дене дайындығының спорт клубтарында дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану жағдайы, яғни, қамтылу деңгейі. Бұл көрсеткіш 40 мыңға жуық адамды немесе 24,3 пайызды құрап отыр.

Өз баяндамасында Д.Карпов спорт нысандары қатарының артуы, қарапайым халықтың аталған нысандарға қолжетімділік жағдайы, қарапайым спорт алаңдарының жасақталуы мен жабдықталуы, спорт клубтары мен секцияларының тыныс-тіршілігі, ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамыту жайы, бюджет қаражатының бөліну көлемі және басқа да көптеген маңызды жайттарға дәйекті түрде тоқталды.

 Спорт саласы басшысының баяндамасын облыстық білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиевтің қысқаша хабарламасы толықтыра түсті.

Жетістіктер жетіп артылады, алайда, ортақ мүдделі істердің олқы соғар тұстары да аз емес, әрине. Баяндаманы талқылау барысында депутаттар осы мәселелерге баса ден қойды. Серік Өтешов, Серғазы Әдекенов, Айман Түкбаева, Ғазым Жарылғапов және басқалары салмақты сауалдарын ортаға салып, саланы басқарушы тарап құрамындағы мамандардың жауаптарына құлақ түрді. Осы орайда, халық қалаулылары өздерінің көңіл төріндегі осы мәселеге қатысты орнықты ой-пікірлері мен ұтымды ұсыныстарын бүгіп қалмағанын да айта кеткен жөн.

Тұрақты комиссия отырысының қорытындысында маңызды істі ілкімді ілгері бастыру жайттары кең тұрғыда қамтылған қаулы қабылданды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button