Ұтымды істе іркіліс жоқ

Малдың қамын күйттеген ауыл адамдары үшін алты ай мерзімге арналған қыстық шөпті дер кезінде сапалы әрі жеткілікті әзірлеу жайы – кезек күттірмейтін бірегей міндеттердің бірі. Төскейде өрген төрт түлігінің қарасы көрген жанның көңілін тоғайтатын Жаңаарқа ауданында осынау қажеттілікке биылғы жылы да қапысыз ден қойылып, жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне ерекше мән берілуде. Соның нәтижесі болар, шаруалардың епсекті түрде кірісіп, жабыла қолға алған істерінде іркіліс жоқ.

Былтырғы жылдың шөп дайындау маусымында ауданның ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің алдына 236,1 мың тонна мал азығын дайындау тапсырмасы қойылса, биылғы жылы табиғи және көпжылдық екпе шөптерді шабу міндеттемесі 250,0 мың тоннаны құрап отыр. Міндеттеме көлемінің ұлғаюы, әрине, аудан аумағындағы төрт түлік мал санының арта түскендігінің айғағы.

Шабындықтардағы шөп дайындау науқанына 780 шаруа қожалығы мен «Жеңіс» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС жұмылдырылған. Сөз реті келгенде, маңызды мәселеге аудандық деңгейдегі атқарушы билік құрылымдары мен жергілікті селолық округтер әкімдіктері тарапынан талапшыл көзқарастың болуы ортақ мүдделі шаруаның қарқыны бәсеңдемеуіне берік негіз қалағанын айта кеткен жөн. Бұл ретте жұмысты ұйымдастыру тетігін жетік меңгерген шаруа қожалықтары жетекшілерінің жүйелі әрекеттері де айрықша маңызға ие. Қалай болғанда да, қайнаған еңбек пен маңдайдан тамшылаған терді қажетсінетін істе жаңаарқалықтардың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидасына арқа сүйегені аңғарылады.

Дала төсіндегі науқандық жұмыстарға 800 бірлік шөп шабатын шалғы, 197 дана шөпті көпенеге жинайтын тырмалар және 54 шөпкөтергіш құралдар пайдаланылуда. Олардың істен шыққандарын жедел жөндеп, қатарға қайыра қою шарттылықтары да терең ойластырылған.

Бүгінгі күні тиянақты жоспарланған тындырымды еңбектің нәтижесі көрген көзді қуантады. Шабындықтардан қыстақтарға тынымсыз тасымалдану үстіндегі шөпті маялау шаралары да ілкімді түрде іске асырылуда. Бекітілген кестеге сәйкес, шабылған шөптің басым бөлігі мал қыстайтын жерлерге жеткізілген. Аталған бағыттағы қам-қарекеттердің қарқыны күн санап артып келеді. Маңызды науқанды аудан бойынша 25 тамызда толығымен аяқтау көзделген.

Шаруа қожалықтарынан бөлек, жекеменшік малдарын үй-жайының жанындағы қораларында ұстайтын аудан жұртшылығының мал азығына сұранысының жалпы көлемі 80 мың тоннаны құрайды. Олардың жеке қажеттіліктері өздерінің тараптарынан берілген тапсырысқа сәйкес, ірі шаруа қожалықтары арқылы шешімін табуда. Бір тонна шөптің сатылым бағасы – 9-11 мың теңге мұғдарында.

Айтпақшы, жазғы дала жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі ережесі талаптарын мүлтіксіз орындау жайына да жете мән берілгені байқалады. Оны қадағалау жауапкершілігі аудандық деңгейдегі тиісті мемлекеттік құрылымнан тысқары, селолық округтер әкімдеріне де жүктелген. Әр елді мекенде өртке қарсы әрекет ететін ерікті жасақтар құрылып, қажетті құрал-жабдықтар және тиісті техникалармен толыққанды қамтамасыз етілген.

– Егістіктермен қоса, мал азығына жарамды шөпке зиян келтіретін жәндіктер – үйірлі шегірткелер. Ауданда оларға қарсы жүргізілген кешенді химиялық күрес шаралары биылғы жылы да межелі мерзімде басталып, 12 шілдеде толықтай әрі нәтижелі аяқталды. Алқаптарды зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары 38 800 гектар жерге жүргізілді. Оның ішінде, себу-өңдеу әрекеттері 15 760 гектарда микрон және жердегі бүріккіштер арқылы, 10 000 гектар жер аумағында аэрозольді генераторды қолдану тәсілімен, сондай-ақ, 13 040 гектарда қызметі ауылшаруашылығы саласында пайдаланылатын арнайы ұшақтың көмегімен атқарылды, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Дүйсен Ахметов.

Қысқасы, Жаңаарқа ауданында қысқы бағымға түсетін малды жемшөппен жеткілікті қамтамасыз ету мәселесін оңтайлы шешу жолдары ерте бастан екшеліп, олардан туындайтын міндеттер орнықты атқарылып отыр. Ал, мал азығын дер кезінде қора маңына маялап алған елдің көңілі күпті жағдайдан ада болары анық.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.