Бас тақырыпТарих

Тылсым

Алаштың сағым тербеген сары даласын дүбірлетіп, көк аспанын күркіретіп, тұптура 59 жыл бұрын ғарыш кеңістігіне көк сүңгідей «Восток» кемесі шықты. Гагаринді қойнына құндақтай басқан ол жерді орбита бойымен шыр айналып, салмақсыздық тұңғиығында 108 минут жүзді. Адам баласы алғаш рет қаратүнек құшағында самаладай жарқыраған сансыз галактикаға қарусыз көзімен үздіге үңілді. Ғаламат сұлулықты жанарымен жұтып, таңырқай тамсанды. Сол сәтте «Адамға табын, Жер, енді» деп қазақтың ұлы жар салды.

Байқоңырдың жусанды шөлінен алғаш рет Жердің түндігі түрілді. Аңыздағы «қанатты пырақ» қуатты зымыран болып тірілді. Бұл тылсымға жаны құмартқан адамзат қиялының жеңісі мен ғылымының жемісі еді. Содан бері жаһанның санасы жарық сан баласы шексіздікке озық технологиялар арқылы бойлады. Олар Құдірет жасаған тылсым құпиялардың жұмбағын шешуді ойлады. Күн жүйесіндегі Жер-жұмақта жалғыз жаралғанына сенбей, алыстан ақылды өркениет іздеді. Сондықтан, қашық ғаламшарларға арнайы аппараттар қондырып, көктегі телескоптармен шексіз шартарапты тынымсыз шолды.

Ньютонның классикалық механикасымен басталып, Эйнштейннің салыстырмалы теориясымен толығып, Хокингтің гравитациялық «ғаламынан» қуаттанған ғарыш ілімі адамзатты көкке ұмсындыра берді. Аспан әлемін кезген мыңдаған спутниктер өркениеттің көзі мен құлағына айналып, жүздеген ғарышкер «солтүстік шұғыласының» үстінде өзін Жердің Көктегі «елшісіндей» сезінді. Осы бақыт қазақтың үш қыранына да бұйырды. Күллі түркілер мен ислам дүниесінің ғарыштағы тұңғышы, һас батыр Тоқтар Әубәкіров, ғарышта қыруар жұмыс атқарған Талғат Мұсабаев, мақсат жолындағы мықтылығымен танылған Айдын Айымбетов сынды аймаңдай ұлдар – Алаш мақтанышы!

Алғашында Айға қондық. Алысқа көз тіктік. Ғаламды тербеген қарақұрдымның сырын зерделедік. Сол түнектің де сәуле шығаратынына таңырқадық. «Тіршіліктің бастауы жарық па, әлде қараңғылық па?» деген ойға берілдік. Оның құпиясын жарықтың жылдамдығын «ауыздықтағанда» ұғармыз, бәлкім.

Анығы – жалғыз. Ғаламды түсіну үшін ғарыш саласының қызметі қажет.

 Қазақ елінің де әлемдегі озықтармен иық тірестіріп, тылсым ілімді ілері анық. Өйткені, талмас қырандары мен дарынды ұландары бар елдің өркендейтіні шүбәсіз!

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

Басқа материалдар

Back to top button