Тың жобаның жемісі

Былтыр қазан айында Сәтбаевтағы №19 орта мектепте «Гидропоника» инновациялық жобасының зертханасы іске қосылған еді. Игі іске «Наурызбаев» жеке кәсіпкерлігі демеушілік көрсетті. Міне, бүгінде жоба өз жемісін бере бастады.

Алдымен «Жобаның жаңашылдығы неде?» дегенге айтарымыз, бұл – өсімдікті топырақсыз, жасанды ортада, яғни, қоректік заттың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі. Онда өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта (топырақ орнына қолданылатын зат) орналасады. Ал, мақсаты — тұщы суды үнемдеу, жерді эрозиядан сақтау, автоматиканы кеңінен қолдану.

Зертханада қыша мен беде (клевер) бақылауға алынды. Үйірмеге қатысатын оқушылар зерттеу жұмыстарымен асқан қызығушылықпен айналысып келеді. Айтары сол, оқушылар мен ұстаздар өздерінің тынымсыз еңбегінің алғашқы нәтижесін көре бастады.

Таяуда облыс орталығынан қуанышты хабар жетті. 17 команда қатысқан «Roboland – 2019» халықаралық фестивалінде 9-сынып оқушылары Жұлдыз Базылова мен Нұрзада Аманкелді бас жүлдені қанжығасына бөктеріпті. Агрокешендегі жаңашылдықты әспеттейтін «CITY FARMING» алаңында біліктілік байқатқан екеуінің ізденісін жұртшылық жоғары бағалапты. Бұл жерде оқушылардың жетекшілері биология пәнінің педагог-модераторы Гүлнұр Төрехан мен информатика пәнінің І санатты мұғалімі Гүлмира Идированың да еңбегін айрықша айта кеткен абзал.

Әлібек ӘБДІРАШ