Бас тақырыпРесми

Тың жоба – жемқорлыққа тосқауыл

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВТЫҢ Қарағанды қаласына жұмыс сапары қарағандылық кәсіпкерлердің жұмысының ілгерілеуіне оң ықпал жасайтыны сөзсіз. Сапар барысында «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойылды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВПЕН бірге «Атамекен» ҰКП филиалы базасында облысымыздағы бизнес өкілдерімен және инвесторлармен арнайы кездескен агенттік төрағасы оларды ашық пікір алмасуға шақырды.

«Сыбайлас жемқорлықтан азат өңірлер»

Облыс активімен кездесуге мемлекеттік орган өкілдері, бейнебайланыс режимінде қала мен аудан әкімдері қатысты. Онда «Сыбайлас жемқорлықтан азат өңірлер» жобасының басталғаны туралы жарияланып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың аспектілерімен қатар, азаматтарға бағытталған мемлекеттік аппараттың келешегі сөз болды.

– Астана бірінші болып осы жобаны іске қосты. Ол өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Біз де сыбайлас жемқорлықпен күресте жобалық менеджмент механизмін қолданамыз, – деді Ерлан Қошанов.

Жоба мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға, тұрмыстық жемқорлықты жоюға, азаматтар мен бизнес үшін бөгетсіз және жайлы жағдайлар жасауға, мемлекеттік органдардың іс-әрекетінде ашықтық пен жариялықты қамтамасыз етуге, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізуге бағытталған.

Агенттік төрағасы Қарағанды облысында жемқорлықтың жолын кесу үшін бірқатар ілкімді жұмыстардың іске асқанын атады. Сонымен бірге, жемқорлықты жоюда цифрландыру, автоматтандыру өзінің тиімділігін көрсеткен. Бүгінгі таңда облыста мемлекеттік қызметтің 70 пайызы электрондық форматта іске асады екен. Осылайша, сандық технологияға көшу – белең алған тұрмыстық жемқорлықты ауыздықтауға ықпал етіпті. Ал, қолға алынған жаңа жоба сол бағыттағы шараларды жетілдіре түспекші.

– Басты мақсат – ол тұрмыстық жемқорлықты жою. Бірінші кезекте – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сананы жаңғырту қажет. Мен Қарағанды облысында осы бағытта атқарылған жұмыстарды көрдім. Электрондық форматта көрсетілетін қызметтер түрлерін көбейту қажет. Қазір Қарағанды обысында бұл деңгей 70% құрайды және әлі де ұлғаяды. Тағы бір маңызды міндет – азаматтық қоғам белсенділігі мен қоғамдық бақылауды дамыту, – дейді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметті жаңғыртудың нәтижесінде Қазақстанда кәсіби-стратегиялық мемлекеттік аппарат жасақталған. Келесі мақсат – инновациялық модельге көшу. Бұл – Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті азаматтардың мұқтаждықтарына бағдарлау бойынша дамыту туралы тапсырмасы.

Осы жоба арқылы Қарағанды облысы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық басқару тетіктері енгізілген екінші өңір. Мысалы, Атырау облысында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою саласына өңірдің ерекшелігіне байланысты «ауыл және балық шаруашылығы» салалары енгізілген.

Жоғарыда атап өткеніміздей, жобаны іске асыру арқылы мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын арттыру, азаматтар мен бизнес үшін кедергісіз және жайлы жағдай жасау, мемлекеттік органдардың ашықтығы және кең көлемдегі қоғамдық бақылау міндеттерін шешу көзделуде.Ол үшін кәсіпкерлер, ғалымдар, азаматтық сектор мен БАҚ өкілдері қатарынан сарапшылар қауымдастығына кеңінен тарту ұсынылуда. Жобаны ұйымдастырушылар бұл бастама тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін елеулі түрде азайтуға, мемлекеттік билік органдарының жұмысын жақсартуға ықпал ететініне сенімді.

Сонымен қатар, актив отырысында мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының жаңа жүйесін енгізу, ведомствоға қарасты ұйымдарды оңтайландыру, «Б» корпусын жалдау тетіктері, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс режимін қадағалау мәселелері де талқыланды.

Қарағандыда бизнес қарқынды

 Сапар барысында «Альфарух Logistic» ЖШС, Қарағанды құйма-машина құрылысы зауытында, «Maker» ЖШС, «SES Saran» ЖШС және «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындарда болған агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Қарағандыда бизнес қарқынды түрде жүргізіліп отырғанын айтты. Мәселен, жаңа жұмыс орындарының ашылуы туралы айтпағанның өзінде әуел баста заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар жетіспеушілігі байқалса да, тығырықтан шығар жол тауып, жаңа кәсіпке үйретуде Қарағанды техникалық университетімен бірлесе жұмыс атқарып, жаңа заманға бейімделуге әзір маман дайындаудағы еңбектеріне зауыт басшылығына өзінің ризашылығын білдірді. Жаңа технологияны игеру – демек, жаңа жұмыс орындары, жақсы жалақы, бюджеттік түсімдер, ол, өз кезегінде жалақының артуына, зейнетақының өсіне ықпал етпек. Ел экономикасына ауқымды үлес қосып отырған Қарағанды өңірінде бизнес ахуалы жақсы екенін айтып, енді шағын және орта бизнесті де дамыту қажеттілігіне тоқталды агенттік төрағасы.

Сондай-ақ, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, қарқынды түрде жүріп жатқан құрылыс жұмысына да көңілінің толғандығын айтты. Қала көшелерінің тазалығы да коммуналдық шаруашылықтар жұмысының бір жолға қойылғандығының белгісі екеніне тоқталды.

Жемқорлыққа – жол жоқ

 Инвестициялық қолайлы ахуалды қалыптастыру, кәсіпкерлік қызмет барысында туындайтын жемқорлықты азайту – агенттіктің негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Бизнес пен инвестицияны қорғау мақсатында іске қосылған «Protecting Business and Investments» жобасы бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін нығайтуды көздейді.

Кездесу барысында Алик Шпекбаев аталған жобаның нәтижелі тұстары туралы айтып өтті.

«Біз әр инвесторға мемлекеттік институттармен өзара ықпалдастыққа қол жеткізу барысында туындайтын мәселелер бойынша қолдау көрсетудеміз. Аталған шаралар жобаны іске асырудың алғашқы кезеңдерінен бастап жүзеге асырылады. Бұл үшін барлық аймақтарда фронт-кеңселер ашылып, 140 лауазымды тұлға бекітілген. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері кәсіпкерлік субьектілері тарапынан кеңінен қолдау тапты. Қазірдің өзінде 243 отандық және шетелдік жоба жемқорлыққа қарсы қолдау тапқан. Жобалардың 33%-ы Нидерландия, Швейцария, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Ресей, Түркия, Германия және ҚХР, БАӘ, Корея, Польша, Малайзия сияқты мемлекеттердің қатысуымен іске асырылуда» – деді ол.

Елбасының «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: тұрмыс пен сапа кепілі» Қазақстан халқына Жолдауында «Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсі керек» деп айтылса да, шағын және орта бизнес өкілдеріне қысым жасалатын жағдайлар аз да болса кездесетінін айтады кездесуге келген кәсіпкерлер. Шенеуіктердің материалдық жауаптылығын да қарастыру мәселесін көтерген олар, ішкі істер органдары тарапынан заңсыз іс қозғалған жайттардың да кездесетін айтты. Тіпті, кәсіпкердің пайдасына шешілуі керек істің біразы сотқа жетпей, су аяғы құрдымға кеткен.

Агенттік төрағасы сондай-ақ, сот жүйесінің де, құқық қорғау органы саласының модернизациялануы бұл мәселеге де басқа көзқарас тұрғысынан қарауға мүмкіндік беретінін, бизнеске әкімшілік қысым жасау мәселесін шешудің маңыздылығын және Мемлекет басшысы оны болдырмау қажеттігі туралы қадап айтқанын атап өтті.

 «Бүгінде бизнес пен инвесторлардың құқығын қорғау бойынша бұрын-соңды болмаған нақты шаралар қолға алынуда. Бизнеске немесе инвестицияға қатысты кез-келген заңсыз әрекет – бұл мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды бөгеу болып есептелетін болады» – деді ол.

Сондай-ақ, жиынға қатысушыларға бизнесті жүргізу барысында туындайтын мәселелерді шешу, Қазақстан экономикасының басым бағыттарына шетелдік инвестицияларды тарту, инновациялық технологияларды енгізу бойынша көрсетілетін қолдау туралы да айтылды.

Агенттік жүзеге асыратын кешенді шаралардың Қарағанды өңіріндегі жемқорлықты азайтуға және бизнестегі мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Қызмет көрсету орталығы

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қарағандылық үш ЖОО-да болды. Оның назарына жуырда ашылған «Адалдық дүкені» мен Студенттерге қызмет көрсету орталығы ұсынылды.

ҚарМУ-дегі студенттерге қызмет көрсету орталығы осы жылдың мамырында ашылды. Сол уақыттан бері 14 мың студентке қызмет көрсетілген. Ең үлкен сұранысты оқу орнынан қажетті анықтама алу, жатақханадан орын беру, сондай-ақ, жоғарғы білім туралы дипломның төлнұсқасын беру қызметтері иеленген. Орталық штатында екі қызметкер. Сонымен бірге, бұл – білім беру мекемесінің әкімшілік жүйесінен бөлек ұйым.

Төрағаға университетте инновациялық жобалар көрмесі де көрсетілді. «Maker» зауытымен бірлесіп, ЖОО базасында құрылған тәжірибелік зертхана туралы да айтылды. Ректордың айтуынша, мұндай әріптестік 95% түлекке диплом алған бетте жұмыс табуға септігін тигізеді.

Бұған қоса, Алик Шпекбаев ректорларға білім ордасының барлық қаржылық құжаттары, жыл сайынғы кірістері мен шығындарын студенттер мен олардың ата-аналары көре алатын электрондық портал құруға кеңес берді. Осылайша, ЖОО әкімшілігіне деген сенім артып, осы секілді шаралар тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мүмкіндігі екенін атап өтті ол.

Бұдан соң Алик Шпекбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қарағандылық департамент қызметкерлерімен де кездесті. Кездесу барысында ведомство басшысы мемлекеттік қызметкерлердің жаңа жұмыс принциптерін түсіндіріп, оларды ашық жұмыс істеуге шақырды.

 Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

 Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button