Аймақ

Туризм тынысы тиянақталды

Ол “Балқаш” емдеу-сауықтыру кешенінде өткен туризмді дамыту жөніндегі аймақтық жиында әңгіме арқауына айналды. Ілкімді іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Приозерск қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі мен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы.

Ішкі туризмді дамыту мен Приозерск қаласы төңірегінде соған сәйкес жобаларды жүзеге асыруға инвесторлар тартуды көздеген форумға Еуразиялық қайта құру және даму банкінің, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстағы өкілдері мен Қарағанды, Балқаш және Приозерск қаласының кәсіпкерлері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты.

Жиналған жұртшылықты қызу құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров алқалы жиынға жемісті жұмыс тіледі. Приозерск және Балқаш қаласының басшылары Қайрат Қамзин мен Александр Аглиулин, Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова көпшілік көзайымына айналған көгілдір көлдің солтүстік қапталында туризмді дамыту мүмкіндігін қаузады

Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев Жезқазған аймағындағы саяхатшыны еріксіз еліктіретін көрікті жерлер жөнінде жанжақты әңгіме қозғады. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ Қарағанды филиалының директоры Тимур Екеев туризмге қатысты жобаға қаржылай қолдау көрсетудің жай-жапсарына тоқталды. “ҚазАвтоЖол ҰК” АҚ облыстық бөлімшесі басшысының орынбасары Игорь Гафтон бойына сервистік қызмет көрсету бекетін орналастыру қарастырылған республикалық автокөлік жолы құрылысының жобасымен таныстырды.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан»

ПРИОЗЕРСК қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button