Осакаров

ТУРИЗМ – туған жерді тану тетігі

…Кез келген адамның жүрегіне жақыны әрі қымбаты – Отаны. Иә, туған жерден артық, туған жердей көркем жер жоқ. Отаныңды, туған өлкеңді, ата-бабаңның жерін сүю, өз тарихыңды білу – патриотизмге бастайды. Өлкесінің, қаласының, ауылының патриоты болуға кез келген адамның ұмтылатыны анық, ол біздің күшіміз, біздің түп-тамырымыз, біздің шыққан тегіміз бен қайталанбастығымыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «…Па­т­риотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады» деген болатын. Біздің көпұлтты патриотизміміздің негізі «Туған жер» бағдарламасы болмақ. Туған жеріңді, оның сұлулығы мен табиғатын, тарихын, адамдардың тағдырын тереңінен тану – өлкетану мен туризмді зерттеуге көмектеседі.

Осакаров жері… Жылдың қай мезгілі болмасын қайталанбас әсем сұлулығымен таң қалдыратын бұл жердің өзіндік тарихы, тағдыры, бүгіні мен болашағы бар.  Көктемде – қалыңдық тәрізді гүлге оранған оған өзендердің көгілдір таспасы әр береді. Жаздың аптап ыстығында буалдыр сағымға оранған даланың ағаштың көлеңкесі мен өзеннің көркем жиегіне көңілің тартады. Күзде – қара дауылы соғып, жапырақтар нақыштап соғылған алтын теңгедей сыңғыр қағады. Ал қыста – аяздан аппақ нұрға бөленіп, қырауға шомылып жалт-жұлт етеді.

Осакаров жері – еңбекқор, ержүрек адамдардың мекені. Бес жылдықтарды, Ұлы Отан соғысын да өткерді. Тыл ауданы бола отырып, колхоз даласында Жеңісті жақындатуға үлесін қосты, Мәскеу мен Ленинград түбінде, Сталинград пен Варшавада қайсарлықпен шайқасқан, Берлинге шабуыл жасаған өзінің ең батыл, ержүрек ұлдары мен қыздарын соғысқа аттандырды.

1943 жылы Мәскеуден Сталиннен Қызыл Армияға жасаған көмегі үшін тыл еңбеккерлеріне алғысын білдірген телеграмма келді.

1944 жылы бидай мен сүт өндіруде Бүкілодақтық Социалистік жарыста Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Ауыспалы  Қызыл Туын жеңіп алды.

Қарағанды облысында Социалистік Еңбек Ері атанған Е.Герасимов та осы ауданнан. Совет Одағының батыры И.Паньков, Социалистік Еңбек Ерлері Х.Байғабылов, Г.Яровой, Е.Ортман, И.Петров, И.Иванов, А.Ткач тұрған және еңбек еткен.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарағанды облысындағы жалғыз «Халық қаһарманы» белгісінің иегері А.Кулаков тұрды.

1964 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы А.Колесов Осакаров ауданында дүниеге келген.

Әлеуметтік-экономикалық дамудағы жоғары нәтижелері үшін бүкілодақтық, республикалық және облыстық социалистік жарыстардың бірнеше рет жеңімпазы атанған да осы аудан.

Шідерті ауылында Абылай ханның биі – Байдалының мавзолейі бар.

Осакаров ауданының аумағы осыған дейін туристік тартымдылық жағынан келешегі жоқ деп есептеліп келді. Негізгі туристік лектер ауданды айналып өткені жасырын емес. Туристердің ауданға келуі осы уақытқа дейін эпизодтық сипатқа ғана ие, олардың дені – балық және аң аулаудың әуесқойлары ғана.

Дегенмен, мәдени-тарихи және этнографиялық әлеуетке ие Осакаров ауданы туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндікке ие. Оларды жүзеге асыру талайға Осакаров ауданының әсем табиғатынан, қыратты және далалық ландшафттың әмбебап үйлесімінен ләззат алуға, ауданның тарихымен көп түрлі мәдениетімен, тұрмысымен және қонақжай халқының дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік береді.

Шағын төбелі аудан рельефі Сарыарқа шоқыларына жалғасады. Бұл жерде Нияз, Ақдын, Шоқай, Ерейментау таулары көрініс береді. Аудан аумағы арқылы Есіл, Қарағайлы, Сабырқожа, Нұра, Шідерті, Өлеңті өзендері өтеді. Тоқсымақ, Қаракөл, Шыбынды көлдері де бар. Балыққа бай Қаракөл, Ағаштыкөл, Маржанкөл, Тоқсымақ көлдері өз алдына. Археологиялық ескерткіштерінің саны жүзден асады.

Батпақ шатқалында кейінгі палеолиттің мустьер кезеңіндегі орта палеолит кезеңіндегі адамның көне қалдықтары табылған (б.э. д. 40-12 мың жылдық).

Осакаров кентінен 47 шақырым қашықтықта, ауданның солтүстік-шығысында Аюлы тауы бар. Абсолютті биіктігі теңіз деңгейінен 796 метр тау солтүстіктен оңтүстікке қарай 13 шақырымға созылып жатыр, ені 5 шақырым. Тау протезорой жыныстарына құралған, топырағы карбонатты, қара топырақты. Тау аңғарында теректі-қайыңды тоғайлар кездеседі, бұлаққа да бай. Аюлы тауынан Есіл, Қарғалы, Шортанды өзендері бастау алады.

Ауданның солтүстік-шығысында күмбез және конус тәрізді шоқылардан, төбелерден тұратын Нияз тауы солтүстіктен оңтүстікке қарай 50 шақырымға созылып жатыр. Таудың теңіз деңгейінен абсолютті биіктігі 833 метр, ені 15 шақырым. Нияз тауының етегінен Есіл өзені бастау алады.

Аудандағы өсімдіктер – жапырақты ағаштар мен бұталар. Құнарлы топырағында негізгі ауылшаруашылық және жемісті дақылдар өсіріледі.

Аудан төңірегінде Молодежный кентінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық паркі орналасқан. Ол жерде құстың 80 түрі және сүтқоректілердің 33 түрі бар.

Осакаров кентіндегі «Батырлар аллеясында» Аудан батырларына ескерткіш орнатылған. Ол «Азалы ана» мемориалдық кешенінің жанында 2005 жылдың 9 мамырында, Ұлы Жеңістің 60 жылдығында ашылған.

Аудан орталығында мәдениет және демалыс паркі, жер аударылғандарға ескерткіш саябағы, экспонаттары ауданның құрылуы мен даму жолын көрсететін аудандық тарихи-өлкетану мұражайы бар.

Аудан аумағынан Алматы – Екатеринбург және Алматы – Омбы республикалық маңыздағы автомобиль жолы, «Қазақстан Темір жолы» РМК темір жолы өтеді.

Қарағанды және Астана қалаларынан бірдей арақашықтықта орналасқан аудан орталығы арқылы ірі теміржол торабы өтеді. Барлық елді мекендер автомобиль қатынасымен байланысқан, телефон желілері орнатылған.

Біз белсенді туризмді дамыту үшін мықты табиғи-мәдени әлеуетке ие Қарағанды облысының бай өңірінде тұратынымызды ескере отырып, патриоттық сезімі қалыптасқан, дені сау жастарды тәрбиелеу үшін жақсы негізге ие екенімізді айтуға болады. Белсенді туризм жастардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруда мықты құрал.

Ауданда туризмнің автомобиль, велосипед, су-моторлы, тарихи-мәдени және этнографиялық, археологиялық және ауылшаруашылық түрлерін дамытуда болашағы зор. Жаяу жүргіншілер, велосипед және ат туризмін ұйымдастыру мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, ауданның барлық жалпы білім беретін мектептерінде үйірмелер мен өлкетанушы туристер клубтарын қайта жандандыру балалар туризмін дамытып, республикалық «Туған жер» бағдарламасының орындалуына, туризм арқылы Туған жерді тануда мектептің, отбасының, әлеуметтің, биліктің күшін біріктіруге мүмкіндік берер еді.

 

Геннадий ГОЛОВЧЕНКО,

өлкетанушы,

Осакаров ауданының

Құрметті азаматы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button