Басты тақырыпРуханият

Туризм – толағай табыс көзі

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында туризм саласын дамытудың нақты тетіктерін белгілеп берді.

Алыс және жақын шетелдерден келетін туристерге Сарыарқа даласының есігі айқара ашық. Қолда бардың қадірін ұқсақ, туған жердің табиғатын сақтап қалуымызға мүмкіндік жеткілікті. Қыруар қаражат та қамбаға құйылары сөзсіз.

57-қадам. ТУРИСТІК КЛАСТЕРЛЕР ҚҰРУДА ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕСІ БАР стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тарту.

Расымен, туризм түлесе, толағай табыстың көзі ашылатыны сөзсіз. Мысал керек десеңіз, Еуропаның немесе мұхиттың арғы бетіндегі елдердің тынысына, тұрмысына зер салыңыз. Америка 2014 жылы туризм саласы арқылы 177,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде өз экономикасына кіріс кіргізген. Ал, Испания – 65,2 миллиард АҚШ доллары, Франция 55,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан.

Туризм әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқарады. Дүниежүзілік туризм ұйымының (ДТҰ) деректері бойынша ол әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын құрайды, әлемдік өндірістің әрбір 9-шы жұмыс орнын туризм қамтамасыз етеді.

Туризмнен түскен табыс мұнай, өнімдері және автомобиль экспорты табысынан кейін тұрақты 3-ші орында келеді.

Бір қызығы, туризм саласы – құлдырауды білмейтін сала. Мамандардың есебі бойынша, орташа есеппен бір шетелдік туристен түсетін қаражатты алмастыру үшін, шамамен, 9 тонна тас көмір немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдік рынокқа шығару керек. Бұл ретте, шикізат сату елдің энергия көздерін азайтады, ал, туристік өндіріс таусылмайтын ресурстармен жұмыс істейді. Шетелдік экономистердің есебі бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екі сағат болған кезде кемінде 350 мың доллар немесе адам басына бір сағатта 17,5 доллар жұмсайды.

Туризм мемелекеттің экономикасына үш түрлі оң нәтиже береді:

1. Шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етеді және төлем теңгерімі мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткіштерге оң ықпал жасайды.

2. Халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседі. ДТҰ мен Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесінің бағалауы бойынша туризм өндірісінде құрылатын әрбір жұмыс орнына басқа салаларда болатын 5-тен 9-ға дейін жұмыс орны келеді. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал жасайды.

3. Елдің инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді.

Сонымен, біздің мүмкіндік қандай? Алысқа бармай-ақ, Қарқаралыға ат басын бұрыңыз. «Қазақстанның Швейцариясы». Мәңгі жасыл қарағайларымен, таза кәусар көлдерімен, сыңғырлаған өзендерімен, ертегідей шатқалдарымен және қайталанбас жартастарымен «менмұндалайды». Қарқаралы өңірі табиғат пен тарихты сүйетіндер мен демалушылар, қонақтар және туристер үшін ерекше қызығушылық танытады. Таулы өзендер, дала және тау көлдері, бай флорасы мен фауналары Қарқаралыны керемет, тартымды етіп көрсетеді.

Қарағанды облысындағы ең көне қала – Қарқаралыда атақты Қоянды жәрмеңкесі өткізіліп тұрған. Аудан жері арқылы Ұлы Жібек Жолы өткен.

Сондай-ақ, Балқаш көлі – Қазақстандағы ірі көлдердің бірі де біздің облыс аумағында орналасқан. Көлдің ұзындығы – 614 шаршы метр, ені – 3,5-тен 44 шаршы метрге дейін созылған, ал, тереңдігі 26 метрге дейін жетеді.

Көлдің флорасы мен фаунасы өте бай. Көлде 20-дан астам балық түрі, 120-дан астам құс түрі кең таралған.

Балқаш көлінің жағасындағы ең ірі қалалардың бірі – Балқаш қаласы. Қала Қарағанды қаласынан 380 шақырым қашықтықта, Бертіс айлағында орналасқан. Қала тарихы Балқаш тау-кен металлургиялық комбинаттың дамуымен тығыз байланысты.

Көл және көл маңындағы табиғат ескерткіштерінің (Бектауата шатқалы, тоғайлы ормандар) рекреациондық потенциалы туристерді қабылдауға таптырмас мүмкіндік береді. Балқаш көлінің жағасында танымал туризм түрлері – жағажай туризмі, су спортының түрлері: желкенді қайық, байдаркамен және каноэмен есу, спорттық балық аулау бар.

Көлдің батыс жағалауында халықаралық және республикалық маңызы жоғары Алматы – Екатеринбург тас жолы өтеді.

Аймақта орналасқан табиғи ескерткіштердің бірі – Бектауата тау желісі. Оның шыңы 1000 метрге дейін жетеді. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі таралған, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і «Қызыл кітапқа» енгізілген. Сонымен қатар, Бектауата тауында киелі саналатын тұщы су көзі бар «Әулие» үңгірі орналасқан. Бектауата тау желісі – туристердің қызығушылығын тудыратын табиғат әлемінің ерекше бір туындысы.

Ал, Ұлытау – қазақ халқының тарихи орталығы, далалық өркениет көшпенділері мәдениетінің орталығы. Тау тізбегі көптеген шақырымнан көрінеді, ол солтүстіктен оңтүстікке 200 шақырымға созылып жатыр.

Ұлы қорғандар, қорымдар, Беғазы Дәндібай мәдениетінің кесенелері, тастағы таңбалар, петроглифтер, шахталар, мыс, қалайы, күміс, алтын және балқытқан металл қорыту пештері және басқа да көне ескерткіштердің табылуы мен ғалымдардың зерттеулері Ұлытау көне заманнан бері Сарыарқаның және барлық даланың орталығы болғанын куәландырады.

Ұлытауда Жошы хан мен түркі тілдес тайпалардың негізін қалаушылардың бірі Алаша ханға кесенелер көтерілген. Есімдері Алтай, Орал, Қырым, Солтүстік Кавказ және Өзбекстанның халық ауыз әдебиетінде мәңгілік сақталған. Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, Ордалық ұлы қолбасшы, әмір Едіге де осында жер қойнына берілген. Ұлытаудағы Алтыншоқы тауындағы тас тақтаға 1391 жылы осында болғаны турасында ұлы Ақсақ Темір жазба қалдырған.

Ұлытауда сақталған ескерткіштер палеолит пен неолит дәуірлеріне жол бастайды. Археолог-ғалымдар баяғы заманғы адамдардың талай мекендерін және олардың еңбек құралдарын тапты. Қаракеңгір өзенінің жағасында палеолит дәуірінің Қазақстандағы ең ірі шеберханасы табылды.

Ұлытау аумағында ботаникалық және географиялық зерттеулер бойынша 617 өсімдік түрі белгілі болған, оның ішінде, 90 түрін дәрі-дәрмек жасауға пайдаланады.

Біздің облыста туризм саласын дамытуға қолайлы өңірлердің саны мұнымен шектеліп қалмайды, әрине. Алда «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі өткізілетін күн де алыс емес. Мыңдаған турист біздің облыс жеріне де табан тіремек. Игілігі – елге болғай…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button