Қарқаралы

Туған жерге – мың тағзым, тұлғалы ерге – бір тағзым

Қарқаралы ауданының құрамындағы Егіндібұлақ ауылдық округінің орталығы – бұрын Семей губерниясы, Қарқаралы оязына қараған ежелгі Қу болысының әкімшілік орталығы еді. Ұлттың рухани көсемдерінің бірі – Қаздауысты Қазыбек бидің 330 жылдық тойы (1995 ж.) сол кездегі аудан әкімі Мұрат Нұрақышевтың бастамасымен халықтан жиналған қаржыға ҚР Мәдениет қайраткері, мүсінші Жаубасар Қалиев сомдаған Би-Ата ескерткішін ашу салтанатына ұласқан болатын. Сол жылдан бастау алған «Егіндібұлақ күні» биыл Орта жүз – Арғын тайпасы, Қаракесектен тарайтын Шаншардың Жарылғап руынан шыққан беделді тұлға Хасен Ақайұлының 160 жылдығына арналды.

Толассыз жауған жауыннан соң аптап ыстықтың беті қайтып, жанға жайлы самал ескен тамыз айының соңғы бір күні Егіндібұлақ ауылының мерекесі тағдырдың қиын күндерінде елге рух берген Би-Ата ескерткішінің іргесінде, әдеттегідей, алдағы істерге сәттілік тілеген дұғамен басталды. Ауыл жұртшылығының бастамасымен қолға алынған ілкімді іс-шараның жақсылыққа жалғасуын тілеген Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтовтың хатын оның орынбасары Мерлан Сәдуақасов оқып берді. Аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нүркеновтің құттықтау лебізіне жұртшылық ыстық ықылас білдірді. Содан кейін ауылдық округ әкімі Меруерт Мәдікенова жиылған қауымға іс-шараға еліміздің әр түкпірінен ат арытып жеткен Ақайдың Хасенінің ұрпақтарын таныстырды.

  • Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сана деңгейіне байланысты» дегені тегін емес. Қазіргі таңда елімізді жаһандық өркендеу деңгейіне әкелетін латын әліпбиіне көше бастағанымыз, мезгіл тозаңы басқан киелі құндылықтармен, ұлттық дәстүрлермен қайта қауышқанымыз, жастардың заңды кәсіппен бай-қуатты тұрмысқа талпынысы – дамудың тарихи сүрлеуін тапқанымыз, – деп сөз бастаған ауыл әкімі одан әрі Қу-Балқантау өңірінің әрідегі тарихына шолу жасады: «Бір шонжардың төрт түлік малы бүтін бір ауыл мен аумақты асыраған заманда Тәңірі алдындағы имандылық, ел-жұрты алдындағы жауапкершілік таразысын тең ұстап, замана ағымын айқын санасымен зерделеп, ел-жұртын ұйыстырған Ақайдың Хасені, Бүркіттінің жұрты әлі күнге аузынан тастамайтын Мыңғыш бай, милыбұлақтық Ақбайдың Ыбырайы, өсібайлық Жайнақтың Қасымы іспеттес Арқаның гуманист бай-бағландары туралы Қарқаралы-Қу өңіріндегі аңызға бергісіз әңгімелердің бертінге дейін ауызша айтылып, баспасөз бетін көрмеуі – кеңестік солақай саясаттың салқыны екенін әркім сезеді. Патшалық Ресей заманындағы 1897 жылы Қу болысының управителі болып сайланған Хасен Ақайұлы ұйымдастырушылық, адамтанығыштық, тәуекелшілдік, қайырымдылық қабілетімен жұртының да, патшалық билік өкілдерінің де сенім-құрметіне бөленіп, қызметтік міндетімен қатар, еңбекқор ағайындарының, күнкөріс іздеген жатақтар мен орыс переселендерінің басын қосып, ауыл шаруашылығын тиімді жүргізу тәсілдерін қолға алып, нәтижеге жетеді…».

Иә, төрт түлігі жазда мол сулы Нұраның бойын жайлайтын, қыста боран шашыннан ықтасынды, шөбі шүйгін Қудың қолат-сайларын тебіндейтін жылқылы байлар Мағат пен Хасеннің әулеттік қыстау-жайлаулары Қызылшілік, Көлбасы, Керегетас, Шолаққайың, Қорық, Қоянды, Желтау жаққа созылған ғой. Адал жұмыскерін тентіретпейтін Дала заңын сақтай отырып, Хаскең «қолына бишік беріп, дауға қойса» жайнап түсетін Арқа қазағында бұрын-соңды қолына күрек-кетпен ұстап жер баптау, содан ризық өндіру ғадеті болмағандығына қарамастан, «жаз бойы қымыз ішіп қыдыра бермей, Алла Тағаланың пендесіне төрт түлігін асырау үшін иіп берген өсімдігін құнары барында шауып-шөмелеп алған жанның жұтта жұтамайтынын» ісімен насихаттайды. Желтау қыстауындағы 13 қазақ, 5 орыс отбасымен ұйымдастырған (1888 ж.) оның тұңғыш артелі 1900 жылға дейін, яғни, ширек ғасырға жуық өмір сүреді. «Жер-Ананы баптаса, берері таусылмайды» дейтін Хасен жайылымды көлдетіп суғарып, мал азығы үшін көпжылдық жоңышқа өсіреді. Жаз бойы екі мәрте шалғы түсіргенде, күзге қарай 25 сотық жоңышқалы шабындықтан 1000 шөмеле мал азығы әзірленеді. Сол жылғы жұттан болыстың қарамағындағы отбасыларының мал-жаны күйзеліссіз шығады.

Қарқаралының ояздық агрономы В.Галимский Хасен Ақаевтың аграрлық саладағы іс-әрекеті туралы «Ақаев дала қазақтарының сән-салтанатын насихаттаумен қатар, орыстарша бақша салу, дақыл егуді дала шонжарларына өнегеледі. Өзі қарағайдан қиып үй салып, ішін жиһаз-мебельмен жабдықтап, бірнеше рессорлы арба, тарантас сатып алып, қазақ ауқаттыларына жаңаша тұрмыс салтын байқатты. Маңайына қолөнершілерді, ағаш шеберлерін жинады. Жер жыртып, дән сеуіп, одан күзде астық жинаған, төрт түлігі үшін қысқы мал азығы болар шөп шапқан алғашқы қазақ та осы Хасен болар» деген жазба қалдырса, орыс оқымыстысы В.Ивановтың «Омская правда» газетінде шыққан мақаласында «Омбыда 1911 жылы өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне атақты шонжар Хасен Ақаев шебер қолмен жабдықталған киіз үй әкеліп тікті. Қазақтардың аңға шығу салтын көрсету үшін бірнеше бүркіт әкелген, бүркіттерді көмекшісі Нұрмақ баптайды, қасында болыстың кеңсесін жүргізетін орысшаға жетік ұлы Нығмет бар» деп жазыпты.

Сондағы «орысшаға жетік ұл» көзі жайнаған бозбала Нығмет Нұрмақов еді. Сол жолы ол әйгілі орыс географтары А.Седельников пен Г.Потанинге таныстырылады.

Иә, Хаскеңнің ата қыстауы Қызылшілікте ашқан мектебінде қазақ халқының бақыты жолына қызметін арнаған, сол жолда құрбан болған Нығмет Нұрмақов сауат ашқан. 1905 жылы Смайыл Байтенев есімді мұғалімнің алдынан Нығметпен қатар білім алып шыққан жасөспірімдерге кейін Омбының, Семейдің, Қарқаралының оқу орындарына түсуіне кең жол ашылған. Н.Нұрмақов, мәселен, Қарқаралыдағы үшбасқышты мектепті тауысып, біраз уақыт болыстың кеңсесінде Хаскең араласатын іскер ортамен хаткорреспонденция, келісім-шарт рәсімдеп, хатшылық қызмет атқарады да, Омбы семинариясына түсіп оқиды.

Жаңа нарық іздеген ресейлік көпестер тауарын тиеп алып, Павлодар, Ақмола, Қарқаралы станцияларына беттегенде, жәрмеңкенің ел өміріне тигізер оң ықпалын әріден білген Хаскең өз болысының Қоянды аумағынан Варнава Ботовтың көшіне орын сайлап береді. 1920-1923 жылдары Хасен Қарқаралы-Павлодар күрежолымен жүретін Қоянды пошта бекетін өз қаражаты есебінен ұстайды.

Ол заманда қалың қазақты тәнті қылған балуандардың, әнші-күйшілердің өнер сынасатын «байқау-конкурсы» – Үш жүзге сауын айтып, жар салынған атақты тойлары мен астары болған ғой. Хасен болыс сондай хабармен Қояндыға ат басын тіреген Біржан сал мен Ақан серідей әнші-сазгерлерге, Қажымұқан мен Балуан Шолақтай күш аталарына, сырнайға үнін қосқан Нартай мен Майраға, Ғаббас пен Жүсіпбекке, Әсет пен Кемпірбайдай айтыскер ақындарға арнайы үй тігіп, олардың өнерін жәрмеңкеші жұртқа көрсетуге демеушілік жасайтын болған. Елге кеңестік тәртіп орнаған 1926-1929 жылдары қазақ сахнасының жанашырлары, драматург-жазушылар Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов атышулы жәрмеңкеге арнайы келеді. Олар қазақ операсының алғашқы жұлдыздары атанған сирек баритон Қали Байжановты, 30-жылдары Париж Халықаралық фестивалінде Гран-при иеленген Әміре Кашаубаевты, Қуан Лекеров пен Мұрат Толыбаевты осы Қояндыдан тауып, кәсіби сахнаға шығарған екен.

Қазақ халқына жақсылық әкеледі-ау деген қозғалыстың қайсын болсын қолдауға әзір тұрған, ата-тегінен есеп-қисапқа мықты, байлықты жинай да білген, соны жасаған малшы-сушыны асырай да білген Хасен Ақайұлы – азат Отанын, өркениетті елін көруді аңсап өткен қайраткер. Оны өзімен пікірлес Әлихан Бөкейханұлының әскерін мініс және сойыс малымен қамтамасыз етіп отырғаны, ояздағы халық ағарту ісіне үлес қоса жүріп, Әлекеңнің серіктестері Ахмет Байтұрсынов, Имам Әлімбеков, қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі Жақып Ақбаев сынды ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басындағы прогресшіл азаматтармен тығыз қарым-қатынаста болуы айғақтайды.

1905 жылдың 22 шілдесі күні Қарқаралы оязының өкілетті өкілі Хасен Ақаев халық атынан Ресей патшасына жолданған петицияның қабылдануына қатысады. Тарихта «Қарқаралы петициясы» атымен қалған осы құжатқа қол қойған 42 адамның ішінде Қу болысынан Тәттімбет күйшінің ұлы Мұсатайдың, Хасеннің бауыры Мағаттың қолы бар.

Өзі қаншама жыл басқарған Қу болысы Қу ауданы атанар қарсаңда Хасен Ақайұлы кеңестік кеңселерге кірігіп, мал-қаражатын кеңестік кеңселер тұрғызу ісіне қосқан кісі. Егіндібұлақта бертінге дейін түрлі мекемелер отырған екі қабатты, биік басқышты үйлерді ұмыта қойған жоқпыз. Құрылысы 1925 жылы басталып, Кеңес өкіметінің тапсырмасы бойынша Октябрь революциясының 10 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген осы мәдени-әлеуметтік ғимараттардың тұрғызылуына ол тікелей қатысқан.

Қазақ баспасөзінің тарихына есімі жазылған, кезінде Семей губерниялық газетінде істеген жазушы Николай Анов Қу болысының атышулы управителі Хасен Ақайұлының портретін «Арықша келген, сақал-шашына ақ кірген, сәл дөңестеу ер мұрынды бұл ақсақалдың айналасынан кісі үзілмейді. Кескін-келбеті пірәдарға ұқсас ақсақал елде-күнде жоқ ұзын мұртын кейде құлағына іле салады. Қалың қасының астындағы «жарқабақтан» кішірек қара көздері адамға әрі қатал, әрі мүсіркей қарайды; жұқа еріндерінде бұл жалғандағы 70 жылдық ғұмырында қуаныштың да, қасіреттің небірін көрген дана кісілерге тән ащы мысқыл ұялап қалған…» деп (қазақша аудармасы – Н.А.) суреттегеніндей, оның соңына шам алып түсу тыйылмайды. «Малының санын азайтып көрсеткен… тәртіп бұзушыларды қорғаштаған… қару-жарақты банда ұстаған… тәртіп сақшысымен сөз таластырған…» деген секілді жалалар себебімен оның қаншама уақыты мен жүйкесі (1911-1929 жж. аралығында оншақты рет) қылмыстық іске тартылумен, тергеу-тексеруді, абақтыны бастан кешумен жұлмаланған. Мұның ақыры Хасен Ақайұлының ХХ ғасыр еншісіндегі қасіретті 30-шы жылдары сталиндік режиммен «халық жауы» атанып, туған жерінен қудаланып, Уфа қаласына жер аударылуымен тынады. Ал, есімінің ақталғандығы туралы қаулы тек ғасырдың соңғы онжылдығында ғана шығады.

Қарағанды облысы прокурорының «Қылмыс Кодексінің 58-10 статьялары бойынша сотталған Қасен Ақаев СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы «30-40-шы жылдары және 50- ші жылдар басындағы мезгілдерде орын алған репрессия құрбандарына қатысты әділдікті қалпына келтіру бойынша қосымша шаралар туралы» Жарлығының күшіне сәйкес ақталды» мәтіндес қаулысы шыққан соң заманынан озып туған тұлға туралы жылдар бойы көкейде сақтағандарын Сапарғали Бегалин, Әшімбек Бектасов сынды жазушы ағалар ақтарыла жазып қалдырды.

Данагөй халық «Орнында бар – оңалар» деген ғой. Хасен Ақайұлының 160 жылдығына орай, Егіндібұлақта өткен мерекелі жиынға Мағат Ақаевтың Новосибирден оралып, ғұмырының соңында Ботақарада тұрған баласы Мұхаметжаннан туған қызы Сәуле Мағатова («Каргипрошахт» ҒЗИ тау-кен инженері Юрий Поповпен қатар инженер-технолог болып істеген Сәуле – белгілі өлкетанушының Ақаевтар әулетінің тағдырына қатысты мәлімет-деректерді Петербург мұрағаттарынан іздеп табуына тікелей себепші), Асқар және Ерік есімді атпал азаматтар және Хасен жарықтықтың Әли есімді ұлының сүйегі жатқан Петропавлдан егде жастағы дәрігер София Әлиқызы Ақаева сіңлілерімен бірге келіп қатысты. Хасен Ақайұлы атындағы көше мерекесін тамашалап, Хаскеңнің өмірдерегі қашалып жазылған, бейнесі мәрмәрға түсірілген белгітастың ашылуына, алуан сипатты мәдени-көпшілік шараларға, ұлттық спорт сайыстарына куә болды. Баймұрын атаның Нәбиінен тараған ұрпақ, алматылық белгілі ғалым Ысқақ Айтқұлбаласы Нәбиев Америкада өтетін конференцияға жол жүріп бара жатқанын айтып, Хасен бабасы тойының есеп-шотына өз атынан қомақты сома аударып берді.

Келіп қатысқан ұрпақтары да қаржылай үлестерімен мереке мерейін асырып, аламан бәйгенің, тай жарысының бас жүлделерін жеңімпаздарға өз қолдарымен табыстады. Ал, 80 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар бәсекесінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін Қарағанды облысы бойынша дзю-до федерациясының вицепрезиденті, Сәуле Мағатованың күйеу баласы Ғабдолла Дүйсенбаев, осы федерацияның президенті Евгений Кондратьев екеуі марапаттады. Бұдан бөлек, ауыл спортына қолдау көрсету мақсатымен 200 мың теңгенің сертификатын табыстады.

***

Есімі мен өр тұлғасы туған елі мен жұртына кешігіп оралған Қу-Балқантау өңірінің ежелгі шырақшысы, Нығмет Нұрмақұлы секілді арысты бала кезінен танып-тәрбиелеген, кәсіпкер мен өнерпазға демеуші болған Ақайдың Хасені бақытты адам, тегі!

Назипа АСҚАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button