Тарих

Томардың тумасы

Жеңісті жақындатқан жауынгердің бірі – Жақан НАЙМАНБАЕВ. Ұлы Далада туып, ұрыс даласында қаза тапқан. Көзсіз ерлікпен!
Үстіміздегі жылы ардагердің ұрпақтары әкелерінің ІІ Дүниежүзілік соғыстағы ерлігі мен жерленген жері туралы деректі іздеп тауыпты. Бірден редакциямызға хабарласып, қолдарындағы құжаттарын көрсетті. Бұған дейін әкеге деген сағыныш, тек, «қара қағазға» ғана телмірте берсе керек.

«Марқұм анамнан алып қалған «қара қағазды» көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Әкемнің соғыста қаза тапқаны туралы өзге деректі іздегенімізге көп жылдың жүзі болды. Тек, биыл ғана Батыр атасының есімін үйдегі қыз баламның көзі шалып қалды. Интернеттен», – дейді ардагердің ұрпағы Қазипа Жақанқызы.
Әлгі сайттағы мәтін келесідей: «Найманбаев Джакан, 1909, г. Кемерово, призван в 1941 Кемеровским ГВК, красноармеец, 408 стрелковый полк, 1 Брестская стрелковая дивизия, погиб 27.07.1944, похоронен кладб. д. Мокрины Новы, Бело-Подделский уазд Люблинское воев. Польша (ЦАМО РФ, ол. 18002, д 751, л. 129 об., № в эл. архиве 6616)».
Байқап отырғаныңыздай, Жақан Найманбаев майданға Ресейдің Кемеров облысынан шақырылған. Бірақ, туған жері – Қарқаралы ауданының Томар ауылы. Ашаршылық жылдарында шекара асып кеткен екен. Әскер құрамына алынғанға дейін Кемеров қаласындағы зауытта жұмыс істеген.
Содан Қазипа Жақанқызы интернеттен тапқан дерегін алға тартып, Қарағанды қаласы Октябрь ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жүгінген. Аталмыш мекеменің көмегімен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық архивке хат жолдапты.
Архивтен келген анықтамада Жақан Найманбаев туралы сайтта жарияланған дерек расталып, толықтырылған. Ардагер жерлесіміздің Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен наградталғаны жазылған. Сондай-ақ, ефрейтор Ж.Найманбаев қаза тапқан уақытында «Совет Одағының Батыры» атағына ұсынылғаны көрсетілген.
«Әкем өзінің үшбу хаттарында үнемі мені түсінде көретінін жазған екен. Бір кіндіктен екеу едік. Ағайым, әнші Нұрғали Жақанов та өмірден ерте озды. Қарқаралының әйгілі «Салтанат» ансамблінің қатарында Еуропа елдерінің сахнасына дейін өнер көрсеткен. Енді, әкемнің жоқшысы болу менің маңдайыма жазылған екен», – дейді еңбек ардагері Қазипа Жақанқызы.
Еңбек ардагері әкесіне деген сағынышқа толы әңгімесін өзінің арман-тілегімен де сабақтастырды. Ғұмыры жетсе, әкесі жерленген топыраққа барып, тағзым етіп қайту ойында барын айтады.
Сондай-ақ, Қазипа Жақанқызы ардагер әкесінің есімі өзінің туған жері – Қарқаралы ауданындағы мемориалды тақтаға жазылса деген ұсынысымен бөлісті.
Ерлік даңқы өшпейді. Ер есімі де жаңғырар. Уақыттың еншісіне қалдырайық…

Қуаныш Амагқұлов

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button