Қарқаралы

Томар ауылының тұрғындары ағаш отырғызды

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, оларды туған жерді құрметтеуге және табиғатты аялауға тәрбиелеудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осы орайда, Қарқаралы ауданына қарасты Томар ауылының тұрғындары Жастар жылы аясында 100 түп жеміс ағашын отырғызды.

Жастардың бастамасына ауыл әкімдігі қолдау білдіріп, саябаққа жарық орнатуға және су тартуға көмек көрсетуге уәде берді. Сондай-ақ, көшеттерді күтіп-баптайтын арнайы бағбан маман бөлді.

  • Ауылдың белсенді азаматы Нұрсұлан бауырымыз Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне ашылған саябаққа жеміс ағаштарын отырғызу туралы бастама көтерді. Алдағы уақытта саябақтың ішіне абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, майдангерлер есімдері жазылған стеланы жөндейміз. Әкімдік жастардың бастамасына қолдау көрсетуге қашан да әзір, – деді Томар ауылы әкімдігінің бас маманы Бақтияр Жолдасбаев.

Ауыл халқын ортақ іске жұмылдырып, ағаш егу шарасын ұйымдастырған Нұрсұлан Жағыпаровтың айтуынша, бұл бастаманың жастарға берері мол. Бүгінгі ойын баласы ер жетіп, бой түзеген шақта көшеттер жеміс бере бастайды. Әкелері мен ағалары өз қолымен отырғызған ағаштың жемісі қашан да ыстық болары анық. Алысқа кеткен кезде туған жерге деген ынтызарлық пен сағынышты арттырады. Әрі осы арқылы өскелең ұрпақтың бойындағы туған жерге, қоршаған ортаға деген қамқорлық пен сүйіспеншілік сезімін оятуға ықпал етеді.

Жастар жылы аясында қолға алынған игі бастамалар тек мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта ауылға спорт алаңқайы орнатылып, көшелер жарықтандырылмақ.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button