Тола бер, қазақ қоржыны!

Риодағы Олимпиаданың бесінші күнінде Алаштың абыройы алтынмен апталды, күміспен күптелді. Қоржынымыз қос алтынмен қампайып, қаракөз қарындасымыздың алтынға пара-пар күмісімен толықты. Соның арқасында бір тәулік бұрын алғашқы отыздықты тұйықтап тұрған ел құрамасы 10 тамызда 11-ші сатыға көтерілді.

Бұған дейін қазақстандық спортшылардың еншісінде дзюдошылар – Елдос Сметовтің күмісі мен Отгонцецег Галбадрахтың қоласы бар еді. Ауыр атлеттер – Фархад Харки мен Карина Горичева да қос қоланы алдымызға алып келді. Алтынның да ауылы алыс емес екендігін жүрегіміз сезгендей еді…

Сездік те, сендік. Сендірген Алексей Ни болды. Отандық ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Фархадтың қоласын қолына ұстап тұрып, «ертең 1 алтын мен 1 күмісті олжалаймыз» деп сөз берді. Сәуегей ме дерсің?!

Ни сөзінде тұрды. Екі жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған әзірбайжан Ниджат Рагимов биылғы Олимпиададағы алғашқы алтынды алды.

77 келі салмаққа дейінгі зілтеміршілер арасында сынға түскен Ниджаттың қарсыластары кіл мықтылар-тұғын. Жұлқа көтеру жарысында қытай Люй Сяо Цзюнь көш бастады. Екінші орынды армян Андраник Карапетян иеленді. «Ниджатқа үшінші орын бұйырады» деп топшылаған көпшілік. Алайда, Ни мен Ниджат жұрттың бәрін алдап соқты. Соңғы мүмкіндікте бірден 14 келіге артық тапсырыс берген Ниджат барлығы 379 келіні көтеріп, әлемдік рекордты орнатты.

Риода қазақ қызы тұңғыш рет Олимпиада медаліне ие болды. «Алтынға пара-пар күміс» деп отырғанымыз сол. Зілтемірші бойжеткен Жазира Жаппарқұл жұлқа көтеру сынында 115 келіні бағындырды. Сөйтіп, 22 жасында қазақ қыздары ешқашан көтеріліп көрмеген Олимп шыңынан орын алды.

Жазира ЖАППАРҚҰЛ, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері:

– Алтынға қол созым қалғанда сәттілік теріс айналғаны өкінішті. Менің еліме алтын медаль өте қажет. Бұйыртса, келесі Олимпиадада бұл мақсатыма жетемін деп ойлаймын.

Бұл күні Қазақстанға екінші алтынды суда жүзуші Дмитрий Баландин әперді. Димадан жұрт жүлде күтсе де, алтыннан алқа тағады деп ешкім ойламаған-ды. Сондықтан, 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуден жарысқан Баландин бірінші келгенде бөркімізді аспанға аттық. 200 метрді 2:07:46 минутта жүзіп өткен қазақстандық жүзгіш жүзу спортынан ел тарихындағы тұңғыш Олимпиада жеңімпазы атанды. Баландиннан кейін мәре сызығын кескен америкалық Джош Прено – 2:07:53, ал, ресейлік Антон Чупков – 2:07:70 минут нәтижені көрсетті.

Олег ВАГИЗОВ, жүзу спортынан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

Қазақстандық суда жүзушілер тәуелсіз ел шежіресіндегі алғашқы алтын медальді алып отырмыз. Бұл мерейлі сәттің жас мемлекетіміздің ширек ғасырлық мерейтойымен қатар келіп отырғанына бек қуаныштымын. Аталған мақсатта тынымсыз тер төктік. Ерінбей, жалықпай еңбек еттік. Еңбек өз жемісін берді деп ойлаймын.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.