Руханият

ТОЙАЛДЫ ТОЛҒАУ

00

Жуырда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Тарих кеңістігіндегі тілдерді дамытудың өзектілігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Аталмыш республикалық ғылыми-практикалық конференция «Нұр Отан» партиясы облыстық филалының қолдауымен, сондай-ақ, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өз жұмысын бастады.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, сонымен қатар, биылғы жылы 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып жатқан Әлихан Бөкейхановтың, жалпы Алаш арыстарының ұлт мүддесін көтерудегі орнын, олардың қазақ тілінің өркендеуіне қосқан үлесін зерделеу, қалдырған бай мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау келелі жиынға өзекті тақырып болды. «Тілдерді оқыту мәселелері», «Алаш мұрасы – ұлт руханиятының қайнар көзі» бағыттарында жүргізілген жиынға 100-ге жуық  материалдар түсіп,  53 автордың еңбектері арнайы жинақ болып топтастырылып, жарыққа шықты.

Конференция барысында ұйым­дастырылған пленарлық оты­рыс­тың алғысөзін облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков сөйледі. Өз сөзінде аймақ басшысы:

– Ұлт көсемдері армандаған азаттық таңы атып, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр толып отыр. Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш ардақтыларының кешегі арманы – бүгінгі арайлап атқан ақ таңдар еді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы қатар келуі – кездейсоқтық емес, – деді.

Модератор өз кезегінде «Айқын» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының Журналистер академиясының академигі, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіпті баяндамаға шақырды. Баяндама барысында Нұртөре мырза «Төлқұжаттағы төл әріптерден басталған қаптаған қате кеңсе тіліне шауып, Елбасы айтқандай «үйренуші мемлекет емес, үйретуші мемлекет» болуымызға зор кедергі жасап келе жатқанын» тілге тиек етті.

«Әлихан Бөкейхан және қазақ мемлекетінің даму моделі» атты баяндамасын әдейі мақсатты түрде ұлтаралық тілде жасаған  алаштанушы, халықаралық журналист Сұлтан Хан Жүсіп Әлихан Бөкейханов хақында құнды сөзді естір құлаққа қонымды жеткізді.  Құттықтау сөзімен ҚР Жазушылар Одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, «Осы ғасырдағы біздің тілге қызметіміз келесі ғасыр үшін маңызды» атты баяндамамен «Ғасыр адамы», Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы, профессор Темірғали Көкетай жасаған баяндамалар ұлы мұраттарға жетелеген ұлт тарихындағы қайталанбас тұлғалар жайын сөз етті. «Қала ономастикасындағы менсонимдер» атты баяндамамен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмагүл Әділова, «Тіл оқытудағы инновациялық технологиялар» атты баяндамамен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бақыт Айтбаева және «Алаштың Әлиханы аңсаған азаттық» тақырыбында аталмыш университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берік Рахымовтың баяндамалары тыңдалды.

Екі бағытта жүргізілетін секция жұмыстарын «Тілдерді оқыту мәселері» бағыты бойынша Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шара Мәжітаева, «Алаш мұрасы – ұлт руханиятының қайнар көзі» бағыты бойынша Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берік Рахымов жетекшілік етті.

Шара соңында конференцияға қатысушылар тарапынан арнайы ұсыныстар қабылданды.

Мақсаты айқын мәнді мәжіліс өз жұмысын қорытындылай келе, мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында Алаш көсемдерінің идеяларын басшылыққа алу, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың есімін Қарағанды қаласының Октябрь ауданына беру және ескерткіш орнату, «Алаштану» атты арнайы курс ұйымдастыру, тілді меңгеру деңгейін анықтайтын «Қазтест» жүйесіне қызметкерлерді көптеп тарту жұмысын қарқындату сынды көптеген іс-шараларды жүзеге асыру ұсынылды.

Әлихан аруағын ардақтап, Алаш атын аспанға жазар ұлы дәуірге «Мәңгілік Ел» болып еңсе тіктейік!

 

Мирас АСАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button