Бас тақырып

«Той атымен тон тігіледі»

Бота тірсек, бозбала шақтан асқан, «ағып жатқан бұлақтай жиырма деген жасыңызға» (Бұқар) жеткен Астанаға сый-сияпат жасамайтын аймақ жоқ. Оның қазақша атауы – шашу. Ресми атауы – «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы. Яғни, Астананың 20 жылдық тойына Алматы қаласы мен облыс атаулы құрқол бармайды. Бұған дейін жария етілген деректерге сүйенсек, бұл жоба арқылы әлеуметтік маңызы зор 10 нысан тарту етіледі деп күтілуде.

«Той атымен тон тігіледі» демекші, тойдың мақсаты ас ішіп, аяқ босатудан шалғай жатқанда ғана ысырап пен қанағатсыздықтан құтыламыз. Сол себепті, аймақтардың Астанаға тартуының мәні мен маңызына үңілдік. Той дегенде, кернейлетіп, сырнайлатып, алаулатып, жалаулатып өте шығатын бір күндік шара көз алдымызға елестейтіні де рас. Алайда, тойдан кейін де тіршілік бар. Соны есте ұстасақ, ұтылмаймыз. Тойдың дүрмегімен, Астананың сәніне салтанат, келбетіне көрік қосатын шарапаты пен шапағаты мол шаралар атқарылса, кейінгіге айта жүрер сөз қалмай ма? Сондықтан да Астанаға аймақтардың тартуы дегенде елең ете қалғанымыз бар-ды. Астанаға тарту етілетін он нысан бұқара игілігіне, әлеумет әлеуетіне қызмет етіп жатса, ғажап-ты! Тек, бүгін тұрғызылып, тойдан соң қабырғасы сөгітіліп жатпаса, тіпті, тамаша! Сонымен, Астана жүрек болғанда, оған тірек болған өзге өңірлер бас қалаға қандай сыйлық жасамақ? Ақтөбе облысы – «Бейбітшілік қақпасы» композициясын, Алматы қаласы – 240 орындық балабақша, Алматы облысы – «Арай» саябағы базасында спорттық-сауықтыру қалалық кешенін, ал Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын жүргізуде. Шығыс Қазақстан облысы – Ботаникалық саябаққа жарық-музыкалық субұрқақ, Қызылорда облысы «Ғарыш» тақырыбына ашық алаңы бар гүлзар мен экспозиция тартуда. Сонымен қатар, Астанаға Қарағанды облысының дайындаған сыйы – «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі мен жаяу жүргіншілер бульвары. Батыс Қазақстан облысы – Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында гүлзар, Маңғыстау облысы «Достық үйін» қайта жөндеу құрылыстарын жүргізуде. Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары есебінен қалалық саябақтан бастап Ильинка кентіне дейін қашықтығы 56 шақырым веложол салынуда. Ақтөбе облысы «Әлем қабырғасы» монументін тұрғызуда.

Қарап отырсақ, бөліп-жарары жоқ, он нысан да бүтін әлеумет үшін. Осыған қарағанда, Астанада тойдан соң талайлар тамсана тамашалайтын әдемі әсер мен әйбат көріністер қалатын сияқты.

Мұның сыртында мәдени шаралар да лек-легімен. Жарияланған деректерге жүгінсек, Астананың 20 жылдығына орайластырған алты жүзден астам шара ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, Ресей телекомпаниясының алты сериялы «Жан жүрегім – Астана» («Мое сердце Астана») фильмі көрерменге жол тартады деп жоспарлануда. Демек, өңірлердің шашуы жалғыз Астанаға ғана емес, дүйім елге құт-береке әкелгей!

 

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button