Тойға тарту – қостомдық!

Сәуір айының соңында облысымыздың тілдерді дамыту басқармасы Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толу құрметіне «Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізгенде біз қатысқан секция мүшелері (тарихшы Т.Аршабеков, ардагер ұстаз Т.Арконов, ардагер – металлург Т.Смағұлов және осы жолдардың авторы) Бабаның тойына есте қаларлық ескерткіш ретінде жинақ шығару туралы ұсыныс жасадық. «Кітап шығару жөнінде әжептәуір тәжірибем бар, жүктесеңіздер мен-ақ құрастырып берейін», деген едім сонда.

Шынында да қолым бос, ғалымдардың, журналистердің талай кітаптарын шығарып бердім. Оның ар жағында Қарағанды облысының 4 энциклопедиясын шығаруға қатысқан өлкетанушы журналиспін. 1994 жылдан облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде талай игілікті шараларға ұйытқы болғаным бар. Биылдың өзінде қос тілде 4 кітап шығарыппын, олар: «Алғашқы автобан» – Астана –Бурабай автобаны құрылысы туралы, «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» – облыстың таңдаулы ұстаздары туралы анықтамалық кітап, «Қоғамның алтын қоры» – қалалық ардагерлер ұйымына 30 жыл толуына және «Ұлағатты ұстаздар ұясы» – ғалым-ұстаз Қ.Оралбековтің ұстаздар әулеті туралы.

Осы сөз басшылардың құлағына жеткен болу керек, облыс әкімі, ұлтжанды азамат Ерлан Қошанов Бабаның мерейтойына екі томдық кітап шығару міндетін қойғанда мені жұмыс тобының мүшесіне енгізіпті. Қостомдықты тамыз айына дейін тез арада шығару қажет болды. Ұйымдастыру жұмыстары тілдерді дамыту басқармасының басшысы, іскер мемлекеттік қызметші Г.Қаңтарбековаға жүктелді. Гүлнарайым Хасенқызы мен ол басқаратын мекеме қызметкерлері және Н.Гоголь атындағы облыстық кітапхананың қызметкерлері бір кісідей жұмылып, шығармашылық топқа орасан зор көмек көрсетті. Соның арқасында біз уақытында қолжазба мен түрлі-түсті слайдтарды Алматының «Қаз­Ақпарат» баспасына ұсындық. Енді, міне, қостомдықтың алғашқы 500 даналары Қарағандыға да жеткізілді деген қуанышты хабар алып отырмыз.

Қостомдықтың бірінші кітабына Би туралы ертеректе және осы жинаққа әдейілеп берілген тапсырма бойынша ғалымдар, журналистер, өлкетанушылар жазған мақалалар және Қаздауысты Қазыбек туралы түрлі жинақтарға енген таңдаулы аңыз-әңгімелер енді. Жинақта негізінен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бұрын-соңды жарияланған және жоғарыда аталған конференция материалдары пайдаланылды.

Екінші кітап ретінде жерлес ғалым Жамбыл Артықбаевтың Ұлы Би мен оның заманы туралы тұңғыш рет танымдық тұрғыда жазылып, 2000 жылы жарық көрген «Қаздауысты Қазыбек би» атты кітабы толықтырылып, басуға қайра ұсынылды.

Ұлы Бабамыздың мерейтой­ына арналған қостомдық құтты болсын, кітап сүйер қауым!

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.