Тоғызқұмалақ тылсымы

23 желтоқсан мен 13 наурыз аралығында қыстың аязды 81 күні бар. Мұны көшпелілер «тоғыз-тоғыз» деп атаған. Әр тоғызды үш-үштен жеке топтап, алғашқысын «кіші үш тоғыз», келесі үшеуін «орта үш тоғыз», соңғысын «кәрі үш тоғыз» деп бөліп есептеген. Мысалы, «үшінші тоғызда аяз кәріне мінеді, тоғызыншы тоғызда қыстың ызғары бәсеңдеп, көктем лебі сезіледі» деген сияқты. Ал, тоғызқұмалақ ойыны Наурыздағы ұлттық ойындар арасында бар екендігі де, «тоғыз-тоғыздың», яғни, қыстың аяқталып, көктем келгенін, жыл кіргенін білдірсе керек.

Халқымыз үшін киелі тоғыз сөзімен байланысты «тоғыз қатынның толғағы қатар келді», «тоғыз жолдың торабы», «тоғыз қабат торқа», «тоғыз айып тартты», «тоғыз қырлы, тоқсан сырлы», «тоғыз жау», тағы басқа тұрақты тіркестерді пайдалануы да тоғыз санының қасиетін танығандығынан болар, сірә. Ал, «үйірімен үш тоғыз» деген тілек – көшпелі қазақтың мал шаруашылығына жақындығының белгісі.

Тоғыз планетадан адамзат еншісіне берілген Жер-Анамыздың төсінде Отанымыз көлемі бойынша 9-шы орында. Қолданатын сөзінің өзі тоғыз таптан тұрады. Тоғызқұмалақ ойыны да осылардың қатарында.

Төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақты қарапайым қойшылар ойлап тапқан екен. Олар ойын тақтасының орнына жерді қазып, шұңқырлар жасаған. Содан соң қойдың құмалақтарын кептіріп, әрқайсысына 81 данадан 162 ойын тасын әзірлеген. Кейбір деректер бойынша қойшылар өздеріне керемет ермек болған ойынды ойнай отырып, әр отардағы аналық қой, қошқар және қозының санын біліп отырған деседі.

Көбіне көне түркілер мен моңғолдар ойнаған ойын манкала (екі адам ойнайтын тақта ойыны) тобына жатады. Адамның математикалық ойлау жүйесін дамытып, төзімділікке баулиды және көрегендікті қалыптастырады. Ғалымдардың айтуынша, ауа-райын болжауға, күнтізбенің қасиеттерін білуге де септігін тигізеді екен.

«Арт», «Тектұрмас», «Атөтпес», «Атсы ратар», «Бел», «Белбасар», «Қандықақпан», «Көкмойын», «Маңдай» деген отау атауларының өзі ойынның өте күрделілігін аңғартып, «бастаушы» мен «қостаушы» арасындағы «қазандық» толтыруға, яғни,  әділ айқасқа деген ниетінен хабар беріп тұр. Шахмат сияқты миға салмақ салатын бұл ойынды қазақтың ғұламаларын, ақынжазушыларын айтпағанда, батырлары да ойнаған. Себебі, сұрапыл шайқаста күш пен қоса, ақыл-айла қажет. Ойнап отырып, соғыс майданының әдіс-тәсілдерін іштей жоспарлаған…

Бүгінде тоғызқұмалақ ойнайтын әлемнің 25 елі арасында Қазақстан көш бастап тұр. Одан кейінгі орынға қырғыздар мен моңғолдар жайғасқан. Сондай-ақ,  қазір АҚШ, Қытай, Жапония тәрізді алпауыт елдер де оқушыларға үйретіп жатқан кө рінеді. Ал, Қарағанды облысында шамамен 15 мыңнан астам спортшы бар. Жуырда Қызылорда қаласында өткен Азия ашық кубогінде II орынды Шет ауданы, Ақадыр кентінің тумасы, ҚР спорт шебері Асылхан Қожанәсіп жеңіп алды.

– Елімізде бұл ойынға әуес жастар көп. Бірақ, мектеп бағдарламасында аз сағат бөлінеді. Менің бір шәкіртім, ҚР спорт шебері Аңсаған Қожанәсіп 2018 жылы Моңғолияда Азия чемпионы атанды. Болашақта да талай биікті бағындырарына сенемін. Тоғызқұмалақ – бүгінгі компьютербасты балаларға ауадай қажет. Өйткені, елдің ертеңіне ие болар жастар көреген әрі ақылды болуы тиіс, – дейді тоғызқұмалақтан Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Сәуле Қаратай.

Жәлел ШАЛҚАР.