Жаңалықтар

Тілсіз жауға – тиянақты әзірлік

              Қарағанды өңіріне көктем кеш келеді, дегенмен, күннің күрт жылып кетуі әбден мүмкін. Жыл сайын облыстағы өзендер тасығанда ел ішін біраз әбігерге салатыны бар. Сондықтан, құтқарушылар табиғаттың тосын мінезіне әзірлікті пысықтап, қауіп төнгенде және төтенше жағдайлар туындағанда құтқаруға практикалық дағдыларды игеру, сонымен қоса, басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға төтеп беруге қаншалықты даяр екендігін тағы бір мәрте сыннан өткізді. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ тапсырмасымен Теміртау қаласының және Бұқар жырау ауданының аумағында «Көктем – 2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығуға ТЖД және оның аумақтық бөлімшелері, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары, ҚР Ұлттық гвардиясы «Орталық» аймақтық қолбасшылығының 52859 әскери бөлімі, 55524 әскери бөлімі, «Астана» өңірлік қолбасшылығы штабының қызметкерлері атсалысты.
Командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында Бұқар жырау ауданының Чкалов ауылы Самарканд ауылдық округінің аумағында су тасқыны қаупі туралы дабыл қағылып, эвакуация жарияланып, облыстық шұғыл әрекет ету жасағы құрылымдарының дайындығы тексерілді. Арнайы шатыр тігіліп, медициналық көмек көрсету, тамақтандыру орындары ұйымдастырылды. Мұнда көктемгі кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жоюға құрылған апаттық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының іс-қимылдарға даярлығын және құрамын, оның талаптарға сәйкестігін, сондай-ақ, материалдық-техникалық ресурстардың, резервтік энергожабдықтау көздерінің жағдайларын тексеру жағын облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа аралап көріп, жоғары баға берді.
– Бүгін «Көктем – 2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіліп отыр. Бұл – біз үшін маңызды шара. Жасақ құрамы мен техника санын көбейтіп, дайындықты күшейттік. Тілсіз жаудың бетін аулақ қылсын. Десек те, төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарының даярлығы жақсы екендігін көрдім, – деді А.Шкарупа.
Бұдан кейін, Чкалов елді мекенінің Нұра өзені арнасының аумағында  су тасқыны кезеңінде ТЖ туындаған жағдайда авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының іс-әрекеті бойынша арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.  Мұзды қопару бойынша жару жұмыстары жүргізілді.
Аталмыш шарадан соң, «Қазсушар» кә-сіпорнының Қарағанды филиалы Самарқанд өндірістік телімінде штаб отырысы өтті. Оны облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа жүргізіп отырды. Отырыста су тасқынына жауапты тұлғалар құрылымдардың әзірліктері жайлы баяндады. Сонымен қатар, Нұра, Сарысу, Шерубай-Нұра қарлы-су қоры қосылатын өзендердің қадағалауға алынғандығы айтылды. Мұнда су тасқыны наурыз-сәуір айларында басталады. Өзеннің жағалауына жақын үйлер де бақылауда көрінеді. Мұнымен қоса, іс-әрекеттер тәртібін, қорғаныстың ұжымдық және жеке құралдарын пайдалану тәртібін, зардап шегушіге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету әдісі мен қорғаныс тәсілін білу және орындау міндеттері сөз болды.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Шкарупа және ТЖ басқармасының мамандары командалық-штабтық оқу-жаттығу шаралары негізінен азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі қалалық ішінара жүйесінің және халықтың көктемгі кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қабілеттілігін және даярлық деңгейін көтеруге бағытталғандығына тоқталды. Облыс орталығында көктемде келер қауіп-қатердің алдын алу мақсатында азаматтық қорғаныс және төтенше жағдай құрылымы даярлығын тексеру шарасына 206 адам қатысып, 52 техника жұмылдырылды.

Нұрдос КӘРІМ.
Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button