Тілдің «жарнамасы» жақсы болсын

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру – бүгінгі күннің басты талабы. Мұны қалай жүзеге асырамыз? Бұл үшін көп бас қатырудың керегі жоқ. Бар болғаны жарнаманы келістірсек жетіп жатыр. Қалай дейсіз ғой? Басынан баяндайық.

Қазір – нарықтық экономика заманы. Экономика – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Мұны атам қазақ «аш бала тоқ баламен ойнамайды» деп дәл сипаттап берген. Халықтың хал-ахуалы төмендеп кетсе, ұлттық мүдде, намыс дегеннің бәрі аяқасты болады. Тарихымыздағы ақтаңдақтар, әлем елдерінде орын алып жатқан дүниелер соның дәлелі іспетті. Бүгінде Қазақстан экономикалық қиындықтарды еңсеріп, рухани дүниелерге назар аудара бастады. Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» осының айғағы. Әйтсе де, толық жаңғыра алдық па? Жауап беру қиын. Өйткені кейбір дүниелерге әлі де ескіше көзқараспен қарап жүрміз. Оның ішінде қазақ тілінің жайы да бар.

Қазақ тілінің «ауыр» тағдыры туралы қайта-қайта ашына айтып, алты беттік қазақтілді газетке сала құлаш мақала беру және қазақтарға оқыту еш абырой әпермейді. Қайта аудиторияны жалықтырып жібереді.

Қазақ тілін дамыту бағытында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Десек те, жағымды жаңалықтың дені аттаншыл ағайынның айқайының тасасында қалып, көрінбей қалып жатады. Әйтпесе Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің, «Мемлекеттік тілді дамыту қорының атқарып отырған жұмыстарының ауқымды екендігі сөзсіз.

Тіл – өтімді тауар. Оны дамыту үшін жарнамасын келістіру қажет. Егер тілді тауар деп қабылдайтын болсақ, жоғарыда айтылған теңеулерден соң оны ешкім де құрметтеп, тұтынбасы анық. Айқын мысал: сіз дүкенге бардыңыз, сатушы бір тауарды әбден жамандап, оны ешкім тұтынбайтынын, жұрттың бәрі менсінбейтінін жеткізді. Сіз оны сатып алар ма едіңіз? Тіл де сол тәрізді. Қазақстанда шет тілдерін үйрететін орталық көп. Еңбектеген баладан, еңгейген қартқа дейін ағылышын тілін үйренуге құмар. Әрине, құптарлық іс. Бірақ жұрттың жаппай ағылшын тілін үйренуге ұмтылуына не себеп? Орталыққа барған он адамның бесеуі өз тағдырын ағылышын тілімен байланыстырғандар. Яғни болашақ білім алуына, қызметіне қажет болған соң үйренуде. Ал өзгелері көштен қалмау үшін барып жүр. Қазақ тілі мемлекеттік тіл статусын иеленген, оны үйрену тегін. Бірақ құлшынып отырғандар аз. Неге? Сұраныс жоқ па? Бәлкім әлгіндей теріс «жарнама» халықтың тіл үйренсек деген ниетін кері қайтарып тастаған болар?

Біз кешегі кеңес кезеңін көрген жоқпыз. Бірақ ағайын-туыстан естіп жүрміз. Қазақ тілі өз тарихындағы ең ауыр кезеңді өткен ғасырдың 70-90 жылдары өткерген екен. Қазақ мектептері жабылып, орыс отырған жерде қазақша сөйлеуге тыйым салынған. Тіпті, автобуста екі қазақ бір-бірімен ана тілінде шүйіркелесе қалса, оларға сан түрлі балағат сөз жауып кеткен. Ал қазір ше? Қазір бәрі өзгерген. Қазақ тілі кедергілерден өтіп, дамып келеді. Дәлел керек пе? Қараңыз.

Теміртау қаласына 2005 жылдың жазында көшіп келген едік. Теміртау әлі күнге қазақ тілі екінші орынға ысырылып қалған қала ретінде суреттеледі. Рас, 2005 жылы дәл солай болған да. Көшеде, аулада, дүкенде, автобуста – барлық жерде орыс тілі үстемдік құрып тұрды. Орысша білмей өмір сүру мүмкін емес көрінетін. Қазір бәрі өзгерді. Теміртауда автобустардан бастап, банк, ХҚКО тәрізді мекемелердің барлығында қазақтың қыз-жігіттері жұмыс істейді. Бұл – соңғы жылдары байқалып келе жатқан тенденция. Сенбейсіз бе? Теміртауға келіп, көз жеткізіңіз. Мәскеудің өзі бір күнде салынбаған. Алдағы таңда тұтас қаланың қазақша сөйлеп кетеріне сенім мол.

Енді шенеуніктердің қазақ тілінде сөйлемеу мәселесіне тоқталсақ. Мұндай мәселенің бары рас. Бірақ оған кінәлі тілдің сорлылығы емес, өзіміздің қауқарсыздығымыз болып отыр. Талап етіңіз. Орындалады. Талап етудің жөні осы екен деп, кейбіреулер тәрізді өзге ұлт өкілінің жағасына жармасудың керегі жоқ. Ұлты қазақ азаматтың көп алдында орысша шүлдірлемей, қазақ тілінде баяндама оқуын сұраңыз.

«Тілді дамыту үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Жалпы, іздейтін де ештеңесі жоқ. Сұранысты қанағаттандырып, талап ете білсек болғаны.

Қазіргі жастар кітапханаға барып, сағаттап отырып сабаққа дайындалмайды. Оған қажеттілік жоқ. Том-том кітапты ақтармай, іздегеніңді ғаламтордан бір демде тауып алуға болады. Тек қазақша мәлімет аз. Себебі оны енгізіп жүрген адам некен-саяқ. Жауыр тақырыпты қайта-қайта қозғап жүрген ағалар сол сияны ұрпаққа керек ақпарат жазуға жұмсаған болса, бәлкім, бұл кемшіліктің орны толар ма еді? Өзіңіз ойлап көріңізші, уикипедия ашық энциклопедиясына кітаптан 100 мақала көшіріп жазған баланың еңбегі артық па, әлде қазақ тілді газетке тіл туралы 100 мақала жазған адамның еңбегі артық па? Тілдің дамуына қайсысы көп септік тигізеді?

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.