Тіл үйретудің заманауи тәсілі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін қазақ елі атқаруы тиіс он міндетті нақтылап беріп, оқытудың заманауи әдістемелері мен технологияларын қолдану керектігін баса айтты. Сол себепті, STEАM – білім беру мен оқуды бірдей бағытта ілгерілету қажет.

Осы орайда, облыстың тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен тіл үйретудегі шетелдік және отандық инновациялық технологияларға негізделген «STEAM жүйесі бойынша тіл оқытуда мультимедиялық технологияларды қолдану: Playposit, Socrative, Thinglink бағдарламалары» атты әдістемелік семинар-тренинг өтті.

Семинар-тренингке облыстың жоғары оқу орындарынан, тіл оқыту орталықтарынан, мектептерден әдіскерлер мен оқытушылар қатысып, онлайн бағдарламалар арқылы тікелей интернетке қосылып, тәжірибе жүзінде жұмыс жасап үйренді. Семинар-тренингті облыстың тілдерді оқыту орталығының әдіскері, гуманитарлық ғылымдардың магистрі Динара Қуанбаева жүргізді. Ол STEAM жүйесіне, Playposit, Socrative, Thinglink сынды интернет желісіндегі онлайн бағдарламаларға теориялық тұрғыда талдау жасай отырып, оларды тіл үйрету барысында тиімді әрі ұтымды пайдалануды тәжірибе жүзінде көрсетіп, өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Бағдарламалардың негізгі мақсаты – диагностика жасау, тіл үйрету кезеңдерінде табиғи тілдік ортаны қалыптастыру, тіл үйретуде көрнекіліктің дидактикалық принциптерін жүзеге асыру, тіл үйренушілердің барлығын бірдей тапсырмамен қамтамасыз ету, олардың мүмкіншіліктерін жоғары деңгейде пайдалану, ауызекі сөйлеуге ынталандыру қызметін жүзеге асыру.

Сондай-ақ, семинар-тренинг барысында әдіскерлер облыстың тілдерді оқыту орталығында өткізіліп жүрген, қазіргі кезде дүниежүзі бойынша тіл үйренудің кеңінен тарап келе жатқан түрі «Қазақ тілінің онлайн-курсын» ұйымдастырудың әдістемесімен бөлісті. Мемлекеттік тілді онлайн оқыту – заман талабынан туындап отырған тілді үйренудің ең тиімді технологияларының бірі. Өйткені, онлайн оқыту кезінде тіл үйренуші өзіне қолайлы уақытта, өзіне ыңғайлы орында, яғни, жұмыс кабинетінен, үйден, сабақтан да қол үзбей, тиімді қарқында тіл үйрене алады. Топта оқу мен сабақ кестесі өзіне тиімсіз деп санайтын ересектер үшін онлайн оқытудың пайдасы орасан зор. Онлайн оқу үшін тіл үйренушілерден интернетке қосылған дербес компьютер, тегін жүктелетін скайп бағдарламасы және ең бастысы, «қазақ тілін үйренемін» деген ниеті, мақсаты болуы қажет. Онлайн сабақтар барысында тіл үйретуші мен үйренуші қарым-қатынасы үзілмейді. Заманауи технологиялар мүмкіндігінің арқасында тіл үйрету дағдыларының барлығы қамтылады.

Оқыту үдерісінде тіл үйренушілердің деңгейлері әртүрлі болуына байланысты, тіл үйренушілердің талабына, сұранысына бағытталған нақты білім мен дағды, тәсілді қолдану қажет. Жалпы, қазақ тілін оқыту әдістемесінде инновациялық әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану тиімді. Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтас қызметі. Қазіргі таңда оқу үдерісінде жаппай енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар жетерлік. Мұндай технологиялар сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, тіл үйренушінің қызығушылығын арттырады, екінші жағынан тыңдаушының танымы кеңейеді. Осылайша, білім берудің қалыптасқан әдістемесінде оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, оқытушы жұмысының нәтижесі де арта түспек. Семинар барысында әдіскерлер STEAM – оқытуда тіл үйренушінің белсенділігі, зияткерлігі, парасаттылығы анықталып, тіл үйренушілердің жеке қасиеттерін ашу арқылы танымдық күшін қалыптастырып, шығармашылық қабілетін дамытатындығына көз жеткізді.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.