Жаңалықтар

Тиімді жүйе

Сейсенбі күні облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тайхан Қалмахановтың төрағалығымен өткен алқалы жиында мемлекеттік сарапшылар тапсырыс берушілер мен жобалаушыларға қателіктерге қалай жол бермеуге болатыны туралы кеңестер берді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында еліміздегі мемлекеттік сараптама мекемелерінде сандық технологияларға көшу үрдісі қарқын алған. Бүгінде аталмыш мекемелер электрондық жүйеге көшкелі, жұмыстары оңтайлана түскен. Бұл туралы «Мемсараптама» РМК бас директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Қуандық Қажкенов мәлімдеді.

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың арқасында қағазбастылықтан арылып, біржола электронды форматқа көштік. Енді, тапсырыс беруші жобасын сараптама жүргізуге өткізу үшін өзінің жеке кабинетіне кіріп жүктей алады. Жіберілген жұмыстың дұрыс-бұрыстығы 5 күннің ішінде тексеріліп, 45 күнде құжаттың сараптамасы жасалып, жеке кабинетке тұжырымдама келіп түседі. Мәселен, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру мерзімі 1 айдан аспайды. Негізінде құрылыс құжаттамасына кешенді мемлекеттiк сараптау жүргiзу мерзiмi сараптаманың жұмыс көлемiне тәуелдi, бiрақ, ол тәртiп бойынша 45 күннен аспауы керек. Біз осы жобамыз арқылы белгіленген шарттарды орындай отырып, жұмыстарды жеңілдеттік. Енді, халық құрылыс жүргізу үшін әр рұқсат қағазына бұрынғыдай 285 күнін жоғалтпайды. Небары 45 күнде «Мемсараптама» РМК шешімі шығарылады, – деді Қуандық Қажкенов.

Айта кетейік, қарағандылықтар үшін бұл ақпараттың маңызы зор. Өйткені, облыста белсенді түрде тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бірінші жартыжылдықта нысандардың жалпы құны 110 млрд. теңгені құраған 99 бірлік жобалық-сметалық құжаттар қарастырылған. Мемлекеттік инвестициялар салынған жобалар бойынша 66 қорытынды, мемлекеттік емес инвестициялар құйылған нысандар бойынша – 33. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жалпы ұсыныс құны 48,3 млрд. теңгені құрайтын 55 бірлік жобалық-сметалық құжаттар берілген. Олардың ішінде 9 жоба – тұрғын үй құрылысы, 17 – білім беру және мектепке дейінгі мекемелер, 5 – магистралдық автомобиль жолдары мен құрылыстары, 16 – денсаулық сақтау нысандары, 8 – энергетика нысандары. Елбасы тапсырмасына сәйкес, медиа жоспарға сай, біз аймақтарда осындай семинарлар өткізіп келеміз. Олардың мақсаты – заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы айтып беру, оның ішінде қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияға рұқсатнама беру бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізуді бекітетін Экологиялық кодекс те бар, – деді Қуандық Қажкенов.

Сонымен қатар, «Мемсараптамаға» жобаларды ұялы телефон арқылы жіберуге мүмкіндік бар. Бүгіндері мобильді қосымшасы әзірленген. «Мемсараптама» РМКнің Қарағанды облысы филиалының директоры Әнуар Қасымовтың айтуынша, бүгінде тапсырыс берушілер мен жобалаушылар сарапшыларымен электронды пошта және телефон арқылы байланыс орнатқан. Енді барлық қорытындылар электрондық нұсқада болады. Кез келген мекеме мемлекеттік сараптама орталығының порталы арқылы өзіне қажетті қорытындыға қол жеткізе алады. Бұдан бөлек, «бір терезе» жүйесі арқылы жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерді болдырмауды көздеп отырған көрінеді. Кешенді сараптаманы өткізудің барлық процессі барынша цифрланған және автоматтандырылған.

Жиын барысында құрылыс саласындағы заңнамалық өзгерістер кеңінен баяндалды. Жаңа өзгеріс бойынша, мәселелер мен ұсыныстардың назарға алынып, оның өзекті дегендеріне қатысты нақты шаралар қабылданатындығы айтылды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button