Жаңалықтар

Терроризммен күрес – баршаның міндеті

      Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің индикаторын жақсарту жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған шаралар жоспарын орындау аясында Облыстық кәсіпкерлер палатасының базасында семинар өтті. Террорлық әрекеттерге төтеп бере алмайтын нысандарды сауықтыру мәселелері қаралған жиынға өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы,  кәсіпкерлік басқармасы, ішкі істер департаменті мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Қарағанды облысының ішкі істер департаментінің өкілі Виктор Коробковтың айтуынша, әр түрлі нысандарда террористік іс-әрекеттердің алдын алу үшін 2016 жылдан бері тексеріс жүргізіліп келеді. Өкінішке орай, бірқатар басшылар терроризмнен қорғау туралы жаңа қаулыға тиісті мән бере қоймаған.

– 2017 жыл қорытындысы бойынша мекеме, кәсіпорын басшыларына қатысты жетпіске тарта хаттама толтырылды. Айта кету керек, кәсіпкерлер айыппұл төлеуге кеткен қаражатты объектіде қауіпсіздікті техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, яғни, бизнестерінің қауіпсіздігін арттыратын іс-шараларға жұмсағаны абзал. Ал, айыппұл сомасы 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Техникалық қауіпсіздік теракт жағдайында ғана емес, ұрлықтың да алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді Виктор Коробков.

Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы Заңында нысандарды терроризмге қарсы қорғау және олардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтау мақсатында тиісті басшыларға қойылатын талаптарға сәйкес, қазіргі заманғы инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтауды қамтамасыз ету, персоналды үй-жайларды тексеру техникасына үйрету, жарғыш құрылғылардың орнатылуы мүмкін орындарды анықтау бойынша профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу міндеттері нақты жазылған.

Мемлекеттік маңызы бар нысандар, стратегиялық, өндірістік және адам көп жиналатын орындар – террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына кіреді. Адам көп жиналатын орындарда бейнебақылау жүйесі жеткілікті болса, стратегиялық және аса қауіпті объектілер үшін талаптар ғимараттағы инженерлік-техникалық жүйені нығайту және күзет бекеттерін қоюға сәйкес қарастырылады.

Ал, Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бөлімінің басшысы Азамат Дәненбаев кәсіпкерлердің шағымдары бойынша, өрт және терроризмге қарсы қорғау қызметтерінің талап параметрлері көп жағдайда қарама-қайшы дейді. Мысалы, турникет пен терезелерге тор орнатуға қатысты түсінбеушілік жағдайлар жиі орын алады. Виктор Коробков өз кезегінде екі жағдайда да терезелерге тор орнату қарастырылмағанын айтады. Оның айтуынша, қазір бір ғана нүктені басу арқылы өту мүмкіндігі берілетін жүйе қарастырылған.

Семинар соңында қатысушылар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу – мемлекеттік орган қызметтері алдарына қойылған міндеттерін атқарумен ғана емес, сонымен қатар, меншік иелері де мүдделі болған жағдайда ғана мүмкін деген қорытындыға келді.

Айта кету керек, Қарағанды облысы бойынша адам көп жиналатын сауда, қоғамдық тамақтану саласының, туристерді орналастыру орындарының 334, 18 өнеркәсіп нысаны террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына кіреді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button