Теміржол вокзалы қазан айында қолданысқа беріледі

Облыс әкімі Ерлан Қошанов күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қарағандының теміржол вокзалына барды. Бұл нысан өңір басшылығының ерекше бақылауында. Облыс әкімі бұған дейін  жаңартылған ғимаратты қыркүйек айында тапсыруы жөнінде тапсырма берген болатын.

— Вокзалдың ескі ғимаратында жұмыс 70-80% аяқталды. Қыркүйек айында біз жолаушыларды қабылдай аламыз, деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Қарағанды магистральдік желілері» филиалы директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Өміртай Шериязданов. – Белгіленген мерзімде үлгеру үшін құрылыс материалдарын жеткізу жеделдетілді, бригадалардың саны арттырылды. Бүгінде эскалаторлар орнатылып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бөлмелер, олардың жүгін қабылдайтын арнайы орындар дайындалып жатыр. Вокзалдың жаңа терминалының құрылысы қазан айында аяқталуы тиіс.

Оның айтуынша, Қарағанды теміржол вокзалы қайта жаңартылғаннан кейін елдегі ең үздіктердің бірі болады. Ол үшін заманауи әрлеу материалдары қолданылды. Мысалы, табиғи тасқа өте ұқсас травертин.

Вокзал келушілер үшін ыңғайлы, қауіпсіз әрі кең болмақ. Ғимараттың үш қабатты жаңа қанатында кассалар, күту залдары, медпункт, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған демалыс бөлмесі, ана мен бала бөлмесі, фудкорттар мен сауда дүңгіршектері орналасады. Жолаушылар перронға жерүсті өткелдері бойынша түсетін болады.

Қайта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалының өткізу қабілеті екі есе өседі. Ол тәулігіне 8000 жолаушыны қабылдай алады.

Айта кету керек, жаңарту жұмыстары ғимараттың тарихи сәулеттік келбетіне әсер етпейді. Қасбеттің стилі өзгермейді. Ал, вокзал ішінде бірегей өрнектелген жапсырмалар сақталған.
Ерлан Қошанов жұмыс кестесі сақталуы тиіс екенін атап өтіп, жөндеу жұмыстарын толықтай жыл соңына дейін аяқтау керектігін еске салды. Сондай-ақ, өңір басшысы барлық мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Қарағандыда теміржол вокзалының ғимараты 1956 жылы салынған. Соңғы рет 11 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.