Теміртаудағы мерейлі мереке

Теміртау қаласының тұрғындары мерейлі мереке Елорда күнін атап өтті. « Нұр-Сұлтан – Қазақстанның бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны» атты мерекелік салтанатты жиынға Елбасының құрдастары, еңбек ардагерлері, студенттер, еңбек ұжымдары, жалпы қауым қатысты. Қала тұрғындарын Теміртау қаласының әкімі Ғалым ӘШІМОВ Елорда күнімен құттықтады.

Мерекелік жиынға қатысушылар көтеріңкі көңіл күй сыйлаған бейнефильмдерді LED экран арқылы тамашалады. Көпшілік Ұлы Даланың алтын бесігіне айналған Елорданың көне тарихымен танысты. «Сарыарқа – алтын сандық» бөлімінде ұлттық киімдерімен сахнаның көркін келтірген «Гюзель» және «Қуаныш» ансамбльдерінің өнерін тамашалады.

Мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауында тұрған Елорда күні мерекесімен теміртаулықтарды қала әкімі Ғалым Әшімов құттықтады.

– Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, мемлекеттігіміздің мызғымас діңгегі. Татулық пен бейбіт әлемде өмір сүретін Қазақстанда тұратын елдің мәдени және озық ойлы идеяларын біріктіретін, Шығыс пен Батысты жақындастыратын халықтар достастығының белгісі. Жас астананың туған күнін жыл сайын тойлау – жаңару мен жасампаздыққа әкелетін жол. Елбасының еңбек жолын бастаған сүйікті қаласы мерекеге деген мерейлі махаббатын өзінің экономикалық-инновациялық жетістіктерімен ғана көрсетіп қоймай, күн өткен сайын қарыштап дамуымен ерекшеленіп келеді, – деді Ғалым Әшімов.

Сондай-ақ, мерекелік салтанатты жиында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып, ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының дамуына үлкен үлес қосқан қала құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты шарада Елорданың бой көтеруіне атсалысқан құрылысшы Виктор Никитов сөз алды.

– Есілдің жағалауындағы әсем қала – Астанамыздың құрылысына атсалыстық. Құрылыс саласындағы жобалардың жүзеге асуына мұрындық болдық. Бас қаланың бүгінгі келбеті көз сүйсіндіреді, – деді құрылысшы.

Сондай-ақ, шарада Елбасының үзеңгілесі Қуаныш Омашев бастаған қонақтар Елбасының еңбегіне тоқталды.

– Елорда – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның егемен ел болып қалыптасқандығының жарқын көрінісі. Халқымыздың ұлан-ғайыр ұлы істерінің, еліміздің кемел келешекке ұмтылысының белгісіне айналды,– деді Қуаныш Омашев.

Мерекелік кеште Теміртау қаласының үздік өнерпаздары «Мәскеу көктемі – 2018» халықаралық байқауының лауреаттары «Акапелла Априори» және «Х-Factor KZ” телевизиялық конкурсының жеңімпаздары өнер көрсетті. Көпшілік «Теміртау түні» әнін қосылып шырқады.

Аяулым СОВЕТ.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

ТЕМІРТАУ қаласы.