Теміртауда – тың жоба

    Жуырда Теміртауда «Азаматтық бастамалар орталығы» АҚ төрағасы Мадина СӘЛПЕНОВА мен Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара ЖҮНІСОВА қатысқан «Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет – тең дәрежедегі диалог» тақырыбындағы форум өтті.

Қазіргі уақытта елімізде барлық әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыратын 5000-ға тарта үкіметтік емес ұйым қызмет етеді. 2002 жылы Үкімет қаулысымен үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдама – үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың мақсаты мен басымдықтарын және оларды жүзеге асырудың тетіктері мен деңгейін айқындады.

2016 жылы Қазақстан тарихи оқиға – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтпек. Биылғы айтулы шаралардың барлығы дерлік, осы мерекелі күнтізбе күніне орайластырылды. 21 қарашадан бастап Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы айтулы жетістіктерін айқындаған «25 жұлдызды күн» басталғаны белгілі. Ал, бүгінгі тақырып – «Азаматтық қауымдастық». Қазақстанның табысты дамуына айтарлықтай ықпал еткен – азамттық сектор саналады. Шынтуайтында, осынау тарихи аз мерзімнің ішінде азаматтық сектор – өзіндік тың бастамаларымен мемлекет дамуындағы көптеген мәселелерге ықпал етуге және шешуге пәрменді қоғамның қоғамдық-саяси құрылымының шынайы қуатты сегментіне айналды. Қадірлі қатысушылар, сіздердің белсенді, әрі жасампаз қызметтеріңіз әрдайым біздің қоғамымыздың гүлденуіне және Егемендігіміздің нығаюына бағытталсын. Талқыланатын мәселелеріміз шешімін тауып, жұмысымыз берекелі болсын, – деді Динара Жүнісова.

Тәуелсіздік жылдары елімізде 27000-ға жуық коммерциялық емес ұйымдар тіркелді. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш шамамен 1089 коммерциялық емес ұйымдардың бар екенін айқындаса, Теміртау қаласында 5 қоғамдық ұйым 1994 жылы есепке алынды. Осынау ширек ғасыр ішінде Теміртау қаласы бойынша бой көтерген барлық бағыттар мен формалардағы үкіметтік емес ұйымдардың жалпы саны – 135. Олардың ішінде шынымен жұмыс жасап жатқардың саны – 87 коммерциялық емес ұйымдар.

Үкіметтік емес ұйымдардың аз мерзім ішінде көптеп көбеюінің бірнеше факторы бар. Соның бірі – әлеуметтік-маңызды жобаларды қаржыландырудың ұлғаюы және жобаларды басқару тәжірибесінің жинақталуы.

Сонымен бірге, қалалық үкіметтік емес ұйымдардың аса белсенділері бұрынғыдай 30%-ды құрап отыр. Дегенмен, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы іс-әрекеттестіктің маңызды бағыты – мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстардың жүзеге асырылуы болып табылады. Теміртау қаласының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарының аясында жүзеге асырылатын барлық жобалар – 2050 жылға дейінгі мемлекет дамуының стратегиясын, жыл сайынғы Елбасы Жолдауларын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған.

Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстардың тақырыптарын анықтау – ҚР «Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі. Конкурс процедуралары хабарланар кезінде басты өлшемшарт ретінде Теміртау қаласын дамыту мақсатының индекаторлары негізге алынады. Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімі бекіткен оқиғалар тізбесі мен жоғары тұрған органдардың ұсыныстары ескеріледі.

Конкурстың адал әрі ашық өтуі үшін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар саласы бойынша электрондық ақпараттық ресурстардың қызметі қамтамасыз етілген. 2005 жылдан бері, ҚР «Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар туралы» Заңының енгізілу сәтінен бастап, шамамен 300 млн. теңге бөлінді. Сөйтіп, 2014 жылы Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстары аясында, 6 үкіметтік емес ұйым құны 12,5 млн. теңгені құрайтын 10 жобаны жүзеге асырды.

Былтырғы жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды орындау аясында үкіметтік емес ұйымдардың 18 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруына 65,337 млн. теңге бөлінді. Биыл жыл соңына дейін құны 28 млн. теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асады.

Осы жылы жүзеге асқан жобалардың қатарында – АИТВ инфекциясына шалдығудың жоғары қаупі бар, сонымен қатар, АИТВ-пен өмір сүріп жатқан тұрғындар тобына жұмыс тауып беруге көмек көрсету және әлеуметтік бейімделуіне қолдау жасау, өмір қиындығына тап болған балалы әйелдерге әлеуметтік көмек көрсету, туберкулез ауруынан емделу мақсатында амбулаторияда жатқан азаматтарға әлеуметтік қол үшін созу, мүгедек балалардың сауығуына әлеуметтік қолдау жасау, балалардың, жеткіншектер мен жастардың бос уақытын өткізу қызметін ұйымдастыру, Конституция күнін мерекелеу аясында өткізілген «Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың әркеттесу механизмі: мәселелері мен келешегі» форумы, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғырым» атты кешенді іс-шаралар, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, сонымен қатар, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар, Теміртау қаласы мен Ақтау кентіндегі әлеуметтік шиеленісуді бақылау, болжау және төмендету, Теміртау қаласы мен Ақтау кентіндегі мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында жүзіге асып жатқан жобаларды бақылау және бағалау, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясындағы «Авиамоделизм» жобасы, «Шахмат ойындары іс-шарасын өткізу» жобасы, «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап көпшілік спорттық іс-шараларын ұйымдастыру» жобасы, «Мұзойыққа түсу және дене шынықтыру» жобасы бар.

Жобалардың жүзеге асуы аясында өткізілетін шараларға бағдарламаның барлық әкімшілері қатысады.

Дегенмен, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың бүгінгі күнге дейінгі даму көзі – халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің гранты екені жасырын емес. Бизнес-жобаны жасау шеберлігі арқасында өткен жылы 2 үкіметтік емес ұйым халықаралық қордың қолдауына ие болса, 2 үкіметтік емес ұйым Қазақстанның қайырымдылық қорының грантын қанжығалады. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар негізінде 1 үкіметтік емес ұйым облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады.

Биыл «Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандық моделі», «Әлеуметтік еріктілердің мектебі» жобаларымен «Жас көсбасшылардың қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Даму мен гүлдену мақсатындағы серіктестіктің кәсіби «Кескіні» жобасымен «Кескін» қоғамдық бірлестігі, «4-ке тең күшпен» жобасымен «Менің үйім» даму және тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Абырой мен Құқық» жобасымен «Қайсар» қоғамдық қоры, «АИТВ-пен өмір сүріп жатқан тұрғындардың уәждемеге ұстамдылығын қалыптастыру» жобасымен АИТВ жұқпасына шалдыққан азаматтарға қолдау көрсетуге арналған «Шапағат» қоғамдық қайырымдылық қоры сынды 5 қоғамдық бірлестік 35 млн. 873 мың 465 теңге көлеміндегі қолдауға ие болды.

Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі – мемлекеттік реттеу қызметін жүзеге асыратын, сонымен қатар, заңнамада белгіленген шектеу шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды орындауы аясында саларалық үйлестіру жүргізетін атқарушы орган.

2006 жылдан бері үкіметтік емес ұйымдармен әрекеттесу және ынтымақтастық орнату мақсатында қала әкімі орынбасарымен кеңес құрылды. Кеңес құрамына мемлекеттік мекемелердің басшылары, 8 қоғамдық бірлестіктің өкілдері енді.

Комиссияның алғашқы отырысы биыл 28 қаңтарда өтіп, отырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты ҚР заңнама актілеріне өзгертулер мен қосымшалар енгізу, мемлекеттік сатыпалуларға қатысты ҚР заңнама актілеріне өзгертулер мен қосымшалар енгізу, ҚР Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауын жүзеге асыру кезіндегі азаматтық сектор институттарының ролі, 2016 жылға жоспарлар сынды бірнеше маңызды мәселелер талқыға түсті.

Кеңес отырысы бекітілген жоспарға сәйкес, жылына 2 мәрте өткізіледі.

Форум барысында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері атқарылған жұмыстар жайында қорытындылар жасап, тың жобалар ұсынды. Шара соңында барлық қатысушыларға сертификат табыс етілді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

ТЕМІРТАУ қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.