ТЕМІРТАУДА тыңғылықты істер көп

      Өткен аптаның жұмасында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ іссапармен Теміртау қаласында болды. Аймақ басшысы мұнда қала әкімі Ғалым ӘШІМОВПЕН бірге жөндеу жүргізіліп жатқан бірнеше орынды аралап, ондағы істің барысымен танысып, барлық нысандардағы жұмыс нәтижелерін қадағалап өтті.

Елбасы еңбек жолын бастаған Теміртау – еліміздегі елеулі қалалардың бірі. Тәуелсіздікпен бірге түлеп, күн сайын көгеріп келе жатқанына тұрғылықты халықтың өзі куә. Шаһардағы алпауыт өндіріс ошағы – Қазақстан магниткасы аталған «АрселорМиттал Теміртау» – еліміздегі ең ірі индустриялық орындардың қатарынан. Келешегі кемел қаланың жүрегі ғана емес, ел индустриясының бір тірегі десе болғандай алып өнеркәсіпті.

Шағын ғана шаһардың шырайы бұдан былай тіптен ашыла түспек. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Көшедегі көлік жолдарының беті қайта құйылып, қалыпталу үстінде. Жаяу жүргіншілер жолы да ретке келтіріліп, жиектастар қойылып, аулалар абаттандырылуда. Көп қабатты үйлер алаңдары да назардан тыс қалмаған. Балалар ойын алаңдары ұйымдастырылып, түрлі спорт жаттығуларын жасайтын жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Ескі қаладағы саябақ қайта жасандырылуда. Қысқасы, қаланың сыртқы имиджін қалыптастыруда жасалып жатқан игіліктер жетерлік.

Солардың ішінен облыс әкімі Ерлан Қошановтың алғаш ат басын тіреп, танысқаны – орташа жөндеу жұмыстары бітуге айналып қалған Байсейітова көшесінің бойы. Аталған көшенің жалпы көлемі 3400 шаршы метрді құраса, мұнда орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге – көлік жолдарының асфальттық, бетондық бетін ауыстыру, жаяу жүргіншілер жолдарын орнату мен осы көшеге қарасты аулаларды абаттандыру жатады екен. Осынша жұмысты атқаруға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат құны – 45 млн. теңге. Жауапкершілікті мойнына алған «Жібек жолы ЛТД» мердігерлік компаниясы іске мамыр айында кірісіпті. «Қасақана қиратып, сындыру болмаған жағдайда іс беріктігіне 3 жыл кепілдік береміз» дейді мердігерлер. Ол мерзім аралығында су шайып, жел мұжыған тұсы болса, жөндеу өздерінен. Бұйыртса, құзырлы орын өкілдеріне жұмысты шілденің 30 жұлдызында тапсырғалы отыр екен.

Іс барысын бақылау мақсатында Байсейітова көшесінің бойымен өткен аймақ басшысы тұрғындардың пікірін тыңдап, сын-ескертпелеріне құлақ тосты. Бірен-саран тұрғынның уәжді ұсынысын тыңдаған бойда Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовке тапсырып, жағдайды бақылауда ұстауын ескертті.

Сондай-ақ, биыл Теміртауда қалалық «Балалар-жасөспірімдер орталығының» шатыры жөнделіп, шарбақтары жаңартылып, алдына бірыңғай кеспетастар төселіпті. Ескісі жаңарған еңселі ғимараттың өңі кіріп, ажары ашылып-ақ тұр. Бұл нысан бойынша қолға алынған жұмыстар да бітуге айналыпты. Бір әттеген-айы, акт залы төбесінің аздаған жері ойылып түсіпті. Мұны көрген облыс басшысы бірден қала әкіміне ескертіп, қыркүйекке дейін реттеп берулерін тапсырды.

Аймақ басшысы маңдай тіреген келесі нысан – Республика даңғылындағы Каршоссе көшесінен Металлург даңғылына дейінгі автожолды және жаяу жолды орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақ. Бұл нысан көлемі – 50335 шаршы метрді құрайды екен. Мұндай аумақты жауапкершілігіне алып отырған «АрмСтрой» ЖШС-не облыс әкімі бұған дейін атқарған жұмыстарының олқылығына байланысты қатаң ескерту жасады. Қолға алған іс межелі уақытта сапалы аяқталуына қатаң талап қойды. Ондай болмаған жағдайда облыс көлемінде де, ел көлемінде де сенімнен шығып қалатындарын мәлімдеді. Қазір қала бойынша осындай екі көшенің автокөлік жолдары жөнделіп болып қалды. Бірі – Степан Разин көшесінің бойындағы, екіншісі – Республика даңғылындағы Заводской көшесінің бір көпірінен екінші көпіріне дейінгі аралықтағы автокөлік жолдары. Күні бүгінге дейін екеуі де жөнделіп болуға айналған. Ұсақ-түйек оны-мұнысы болмаса. Жұмысты өз жауапкершіліктеріне алғандар тиянақты атқарғанға ұқсайды. «Біткен іске сыншы көп» дейтіндей емес.

Бұдан кейін қаладағы жаңартылуы тиіс екі ауланың жұмыс жоспарымен танысқан аймақ басшысы оларды атқарушы мердігерлермен сөйлесіп, қам-қарекеттерін пысықтап өтті. Ендігі беталыс – ескі қаладағы саябақ болды. Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіріліп жатқан саябақ 1957 жылы құрылыпты. Алаңы 0,9109 гектар аумақты алып жатыр. 2007 жылы алаң қоршалып, шамдары құрылып, тас төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылғанымен, жөндеу жұмыстары толық бітпеген. Ендігі уақытта субұрқақ орнатылып, абаттандыру сияқты тағы басқа дүниелер жасалып, ел игілігіне тартылмақшы.

Жәнібек Әлиман

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.