Бас тақырыпТеміртау

Теміртауда көпбалалы ана баспаналы болды

Төрт баланың анасы Гүлжан Исаеваның пәтер жалдап жүргеніне жиырма жылдың жүзі болыпты. Отбасының арқасүйер отағасы, балалардың асқар таудай әкесі осыдан он төрт жыл бұрын дүниеден өткен. Әйтсе де, қиындыққа мойымаған келіншек шиеттей бала-шағасын ешкімнен кем қылмай, өнерлі де өрелі азамат етіп тәрбиелепті.

Үйдің үлкен ұлы металлургиялық комбинатқа жұмысқа орналасып, анасы мен қарындастарының сүйенішіне айналған. Ал, үш қызы Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектебінде оқып жүр. Қыздардың үлкені ауыр атлетиканы жанына серік етсе, Әсел және Ақерке есімді егіз қыздар күресті таңдапты. Талабымен талайды сүйсіндірген олар облыстық, республикалық додаларда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүр екен.

  • Ата-анам, туыстарым мен достарымның қолдауының арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Жеке баспанамыз болса деп армандайтын едік. Арманымыз орындалып, үш бөлмелі пәтердің кілтін алдық. Қала басшылығына айтар алғысым шексіз, – дейді қуанышын жасыра алмаған көпбалалы ана Гүлжан Исаева.

Шаттықтан жүзі алаулаған анаға пәтер кілтін Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Пәтерге жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілген.

Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Вера Губарь ханымның айтуынша, көпбалалы отбасыға берілген пәтерде бұрын басқа отбасы тұрған. Олар өзге қалаға көшіп кетуіне байланысты босаған баспана кезекте тұрған жалғыз басты анаға бұйырыпты.

Басқа материалдар

Back to top button