Бас тақырыпОблыс әкімі

Теміртау карантин тәртібінде қалай өмір сүреді?

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртау қаласына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы қаладағы әлеуметтік нысандар құрылысының барысымен танысып, қала әкімі Ғалым Әшімовпен карантинді жеңілдету жөніндегі жоспарларды талқылады.

12 мамырдан бастап қалада қоғамдық көлік қозғалысы жанданып, шағын және орта бизнестің жұмысына рұқсат берілді. Сұлулық салондары, ауданы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлік емес дүкендер, банктер, ломбардтар, жеке медициналық клиникалар қайта ашылды. 

– Теміртау тұрғындарына эпидемиологиялық жағдай бойынша қауіп сақталатыны туралы ақпарат бергім келеді. Біз қалада COVID-19 жұқтыру ошақтарының барын көріп отырмыз. Олар бақылауда. Әрине, Теміртау қаласында және  облыстың басқа қалалары мен аудандарында вирус жұқтыру деңгейі төмендеді. Алайда, Теміртау бойынша жағдай басқа аудандарға қарағанда шиеленіскен. Дегенмен, карантин шараларын әлсіретіп, бизнестің басым бөлігіне жұмысты жандандыруға мүмкіндік беру туралы шешім қабылданды, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі сондай-ақ, шағын және орта бизнес нысандарының ашылуына қарамастан, коронавирустық инфекцияның қайта өршуіне жол бермеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

Ғалым Әшімов, өз кезегінде, карантиндік шектеулерге қарамастан, қаланы абаттандыру бойынша жоспарланған барлық жұмыстар атқарылатынын айтты. Мысалы, биыл Теміртауда 26 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар,  95 үйдің қасбетін бірыңғай архитектуралық стилді сақтай отырып жаңарту жоспарлануда. Қалада жұмыс істемейтін лифттерді ауыстыру жұмыстары басталды. Бүгінгі күні жеті көтергіш орнатылды. Биыл тағы 50 лифті жаңартылады.

Жеңіс Қасымбек жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын бақылауды күшейтуді және кестеден қалыс қалмауды тапсырды.

Басқа материалдар

Back to top button