Жаңалықтар

Теміртау – Елбасы тұғыры

Кемеңгер тұлға Бұқар жырау Қалқаманұлының «Ел иесі құт болса, халық ала болмайды» деген сөзі бар. Елбасымыз – қазақ елінің құты. Оның парасатты саясатының арқасында әлем таныған мемлекетке айналдық. Осындай ұлы тұлғаның қалыптасуы жолында Қарағанды облысы ерекше орын алады. Әсіресе, Теміртау қаласында Елбасымыздың қолтаңбасы сайрап жатыр. Қарағанды металлургиялық комбинатынан бастап, Мәдениет үйі, спорт кешені тәрізді маңызды нұсандардың барлығының құрылысына Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Бұл нысандар бүгінде ел игілігіне қызмет етуде.

Биыл Қазақстан болатының өндірілгеніне 75 жыл толады. 1944 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстанда алғашқы болат қорытылып, бірден майданға қажет қару-жарақ пен әскери техника дайындауға жіберілді. Бұл күн – Теміртау қаласының тарихына алтын әріппен жазылды. Өйткені, дәл осы сәттен бастап қала тарихының жаңа парағы ашылған болатын. Араға бір жыл салып, 1945 жылы Самарқанд поселкесінің атауы Теміртау болып өзгеріп, қала мәртебесі берілді. Ал, 1948 жылы Қазақстан Магниткасын салу туралы тарихи шешім қабылданады.

Қазақстан Магниткасының тарихы Елбасымыздың өмір жолымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Назарбаев өз естеліктерінде:

«Лениншіл жас» газетінде Қазақстан Магниткасының құрылысы туралы жаңалықтар шыға бастады. Кеңес одағының әр өңірлерінен жастар комсомолдық жолдамамен құрылысқа аттанып жатты. Солармен бірге мен де, Теміртауға барамын деп шешім қабылдадым. Алғаш келген кезде мұнда ештеңе жоғын көрдім. Иен дала, құрылыс, адамдар. Болды. Қарқынды құрылыс жұмыстарының нәтижесінде алғашқы домна пешінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Біз металлург атандық. Жұмыс өте ауыр болды. Қолымызда күрек пен қайла ғана болды. Бірге келген жігіттердің көпшілігі ауыр жұмысқа төзе алмай, кетіп қалып жатты. Әйтсе де, біз бұл қиындықтардың бәрін еңсере білдік. Осы жұмыстың арқасында шыңдалып, кез келген қиындыққа қарсы тұруды үйрендік», – деп жазды.

Расымен де, Елбасымыздың құрыштай шыңдалып, сындарлы саясаткер болып қалыптасуында Қазақстан Магниткасының орны ерекше. Ал, сол Магнитканың бүгінде еңселі кәсіпорын атанып, дәуірлеп тұруы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей жанашырлығының арқасы десек, артық айтқанымыз емес.

Ермек ТӨЛЕУБАЕВ, Елбасының үзеңгілесі:

Теміртауға 20 жасымда келдім. Ол кезде қаланың құрылысы енді ғана басталған еді. Ештеңе жоқ. Палаткада тұрдық. Елбасымен бірге жұмыс істеп, политехникалық институтта бірге білім алдық. Қыстың аязына шыдап, ауыр еңбекпен осы күнге жеттік. Теміртау көз алдымызда өсіп-өнді, үлкен шаһарға айналды. Бүгінгі жастарға қарап қуанамын. Біз көрген қиындықты көрмесін. Қазір мүмкіндік мол ғой. Халқымыз аз, жеріміз кең. Жастар білімді болуы керек. Ғылым қуып, ізденуден жалықпасын. Мемлекетіміз ол үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Біздің халыққа жақсы мамандар керек.

Нина ВАХИТОВА, Елбасының үзеңгілесі:

Нұрсұлтан Назарбаевпен партияда бірге қызмет еттік. Жиырмадан енді ғана асқан, жалындап тұрған шағымыз. Ол кезде қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатты. Бүкілодақтық комсомол жолдамасымен келген жастар көп. Тіпті, сонау Болгариядан келген азаматтар болды. Оларды орналастыру, әлеуметтік ахуалын жақсарту жұмыстарымен қатар, идеология саласын да назардан тыс қалдырмау керек болды. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің нағыз көшбасшы екенін көрсете білді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Магнитка жұмысы тұралап, металлургтердің әлеуметтік ахуалы күрт төмендеп кетеді. Осы кезде партияның жауапты қызметіне тағайындалған Нұрсұлтан Назарбаев КОКП Орталық Комитетінің Қарағанды металлургия комбинатына байланысты арнайы қаулы қабылдауына себепкер болады. Осыдан соң, кәсіпорынның жұмысы өрге басып, Теміртаудың да екінші тынысы ашыла түскен. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңа нысандар бой көтерді.

Кеңес Одағы ыдырап, еліміз өз алдына отау тіккен өтпелі кезеңде дағдарысқа төтеп бере алмай, жұмысы шатқаяқтаған Қазақстан Магниткасының келешегі бұлыңғыр тартқан еді. Металлургтердің еңбекақысы уақытылы төленбей, қаланың да ажары кете бастаған шақ.

Жоспарлы экономикадан бірден нарықтық жүйеге ауысудың оңайға соқпағаны анық. Әрі, Қазақстан тәрізді жас мемлекетке ақша құятын инвестор тартудың өзі оңай емес еді. Шетелдіктер біздің елдің ертеңіне күмәнмен қарап, тәуекелге бара алмай, аяқ тартып тұрды. Осы кезде Елбасымыздың тікелей араласуымен англиялық «Испат Интернэшнл ЛТД» компаниясы Теміртауға инвестиция құюға келіседі.

«Кеңес Одағы құлаған шақта елдегі зауыттар, фабрикалар, балабақшалар, дүкендер, барлығы – 100% мемлекет меншігінде болды. Бұрынғы одақ жоқ. Өнімді сататын нарық жоқ. Не істеу керек? Білікті менеджерлерді, қалталы инвесторларды табу керек болды. Сондықтан да, шет елдерді аралап, инвесторларды Қазақстанға шақырдым… Инвесторлар келместен бұрын мен Теміртауға бардым. Жұрт көпқабатты үйдің ауласына от жағып, шай қайнатып жүрді. Міне, осындай аянышты жағдайда болдық. Ал, инвесторлар келіп, зауыт жұмысы жанданған соң, мәселенің бәрі еңсерілді. Ел еңсесі көтеріліп, әлеуметтік ахуалы жақсарды», – деп еске алады Елбасы Ярослава Красиенконың «Глава государства» деректі фильмінде.

Осылайша, алып кәсіпорын дағдарыстан құтылып, жаңа тыныспен жұмыс істей бастады. Алғашында «Испат Қармет» АҚ аталған компанияның атауы кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болып өзгерді. Зауыттың жұмысы жүйеленіп, жаңа технологиялар енгізілуде. Бүгінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы – әлемдегі ең ірі болат өндірушілердің сапында. Мұнда машина жасау, ұшақ құрастыру, құрылыс салаларында қолданылатын жоғары сапалы болат өнімдері шығарылады.

Сейсен Зейнуллин, Теміртау қаласының тұрғыны:

Теміртау қаласына сексенінші жылдардың бас кезінде келдім. Осы қалада жан жарымды кезіктірдім. Шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүйдім. Адал дос, жаныма жақын кәсіпті де осы жерден таптым. Қаланың дамуы көз алдымда өтті десем де болады. Әр салынған жаңа үйді білемін. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңін де бастан өткердік. Бірақ, жұрт қиындыққа мойымай, еңсеріп шықты. Металлургиялық кешеннің талан-таражға түспей, сақталып қалуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көп еңбек сіңірді. Жалпы, Теміртаудың бүгінгіндей құт қонған шаһарға айналуы – Елбасымыздың еңбегі. Қаламыз әрі қарай да өсіп, өркендей берсін.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button