Теміртау қаласының әкімі жолдардың жай-күйін тексерді

Теміртау қаласының әкімі Ғалым ӘШІМОВ шаһардағы автокөлік жолдарының ахуалын бақылап, жұмысына салғырт қараған мердігер компаниялардың басшыларына сынескертпе жасады. Қаладағы негізгі екі көше – Республика және Металлургтер даңғылына 2017 жылы орта деңгейлі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Әйтсе де, олардың қазіргі күйі сын көтермейді. Әсіресе, қаладағы ең басты көше – Металлургтер даңғылы жарықшақтар мен ойдым-ойдым шұңқырларға толып кеткен.

Қазынаның қып-қызыл ақшасына жөнделген жолдың аз уақыттың ішінде таз кепешін қайта киюі тұрғындардың шамына тиді. Ашулы жұрт әлеуметтік желіде дау көтеріп, мердігер компаниялардың жұмысын сынға алған болатын. Ал, олар жолдағы жарықтардың қалыпты нәрсе екенін айтып, бұл ақауларды аз уақыттың ішінде жоюға уәде берді.

– Республика даңғылына 2017 жылы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Барлық техникалық талаптар сақталды. Ал, кейбір учаскелерде жарықшақтар мен шұңқырлардың пайда болуы қалыпты – жағдай. Жаңбыр суының жиналуы, қыстың қатты аяздары және басқа да факторлардың әсері болуы мүмкін. Біз жөндеу жұмыстары аяқталған соң оның дұрыс сақталуына кепілдік бердік. Алдағы айда барлық ақауларды өз есебімізден қайта жөндейміз. Сонымен қатар, қала басшысының сұранысы бойынша, бізге қатысы жоқ трамвай жолдарындағы өткелдерді де жөндеп береміз, – дейді «АрмСтрой» мердігер компаниясының директоры Григорий Акопян.

 Құрыш қалаға сырттан келген қонақтар міндетті түрде Металлургтер даңғылының бойымен өтеді. Қаланың басты келбеті де осы көше. Әйтсе де, 2017 жылы жүргізілген орта деңгейлі жөндеу жұмыстарының бүгінде ізі де байқалмайды.

 – Мердігер компаниялар үш жылға кепілдік берген болатын. Ауа райы тұрақталған соң олар жолды қалпына келтіреді. Республика даңғылының бойындағы жарықшақтарды түсінуге болады. Кейбір жерлерге су жиналған, трамвайдың да кері әсері бар. Ал, Металлургтер даңғылының жайы мүлдем бөлек. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Техникалық талаптар өрескел бұзылған. Су жиналып, жол содан бүлінді деуге келмейді. Суағарлардың барлығы таза. Кінәрат – мердігер компанияда. Биыл – кепілдік мерзімінің соңғы жылы. Олар жолдағы кемшіліктерді толық жоюы тиіс. Әйтпесе, сот арқылы жауапкершілікке тартамыз, – дейді қала әкімі Ғалым Әшімов.

Металлургтер даңғылына қарағандылық «ҚарағандыЖолҚұрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізген. Мердігер компанияның басшысы қала әкімінің қаһарынан қорықты ма, әлде расымен де денсаулығында кінәрат болды ма, кім білсін, әйтеуір, өзі жөндеген жолдың жай-күйін көруге келмеді. Арнайы жіберген өкілі басшысының ауруханаға түсіп қалғанын жеткізді. Ал, өзі Металлургтер даңғылын жөндеу барысында бұл компанияда жұмыс істемегендігін айтып ақталып, қойылған сұрақтарға мардымды жауап қайтара алмады. Десек те, бір анығы – мердігер компания даңғылдың бойын өз қаражаттарына қайта қалпына келтіреді. Жөндеу жұмыстары бір аптадан соң басталмақ.

 Қала әкімі Ғалым Әшімовтың айтуынша, соңғы екі жылда қаладағы жолдарды жөндеу үшін бюджеттен 2 млрд. теңге шамасында қаражат жұмсалған. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, қазір қаланың жолдары қалыпқа келіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Әйтсе де, кейбір мердігер компаниялардың өз жұмысына салғырт қарауы атқарылып жатқан қыруар шаруаны жуып-шайып кетіп жатады.

Биыл қала көшелерін жөндеу үшін 1.5 млрд.теңгеге жуық қаражат жұмсау жоспарлануда. Тұрғын үйлердің арасын байланыстыратын жолдарға басымдық берілмек. Бұл көлік жүргізушілерімен қатар, жаяу жүргіншілер үшін де қолайлы болады. Әсіресе жауын-шашын кезінде тобықтан асатын батпаққа батып қалатын аудандардың тұрғындары үшін бұл сүйінші сұрауға тұрарлық хабар екені анық. Әрине, қазынаның ақшасы жұмсалатын болғандықтан, жөндеу жұмыстарының сапасы да басты назарда болмақ. Қала әкімінің тегеурінді ұстанымы мен қатаң талабын аңғарған мердігер компаниялар өз жұмысына жауапкершілікпен қарар деген сенімдеміз.