Телегей тұлғаның бір қыры

Қазақ сөз өнеріндегі ірі тұлғалардың бірі – Сәкен Сейфуллин еді. Сан қырлы таланттың жиырмасыншы ғасырда көп қаузалып, қызыға зерттелгені – оның революция жыршысы болғандығы. Керек десеңіз, Сәкен сіңірі шыққан кедей табынан, сол кедейдің мұңы мен сырын жырлаған деген пікір тұжырымдалды. Бұл қисын төңкеріс кезіндегі жазықсыз байларды жазалап, кедейді де аямаған ұрда-жық әумесерлер қатарында С.Сейфуллин де болған деген шешімге бүгін шылбыр ұстатты. Шындығына келсек, Сәкен дәулетсіз отбасынан шықпаған. Солай бола тұра, теңсіздікті көріп, халық бостандығы үшін күрескен. Мұндай іс-әрекет екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Бір басына Тәңірі сан қырлы талант пен сырлы сұлулық берген Сәкендей болу – дарындардың арманы, даңғаза мен дақпыртқа құмарлардың жете алмай жолда қалғаны. Бұның өзі іштарлық пен қызғаныштан туындайтын өмір заңдылығы. Рас, Сәкен өмір сүрген заманда да, өзі құлай сенген Совет өкіметі аттырып тастағаннан кейін де мақтау мен даттау да қатар жүрді. Таразы басына осы екі ахуалды қатар салсаң, сөзсіз Сәкеннің айрықша дәріптелуі басымырақ тартады. Неге? Алдымен ақынды асқақтатып, аспанға көтерген туған халқы екені аян. Екінші, жылымыққа дейін де және кейін де Сәкен туралы тебіренгендер өз ұлтының ұлдары мен қыздары болыпты. Жамандап, жұртқа жар салып, таудай тұлғаны төмендеткісі келгендер де солардан шықты. Олардың сынына ақын көзі тірісінде жауап беріп, дәлелін дөп баса айтқандығын деректер ғана дәлелдейді.

Кеңес дәуірі Сәкенді біржақты ғана бағалады. Ақын өмірінің күнгейіне қызыл бояу жағылып, оның өз ұлты үшін күйіп-жанып, отқа түскен қадір-қасиеттері көлеңкеде қалды. «Тарихта жануарлардың үйірі деп есептеуге болатындай халық жоқ, сондай-ақ, таңдаулылар тобыры деп атауға лайықты халық жоқ» дейді А.Герцен. Сәкен өмір сүрген дәуір – идеялар қақтығысы, астан-кестен оқиғалар кезеңі. Империялық саясат қазақ ұлтына өз атауын қимай, «қырғыз», «кайсак», «бұратана халық» деп келгенін Сәкен тарихтан терең түсінді. Оның өзіне дейінгі білгені – Шоқанның «халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» дейтін өсиеті мен Абайдың «Сен де – бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» ғақлиясы болатын. Сәкен өнер-білім алуды қоштап, елдің жаппай сауат ашуының жолын қоғамдық өзгерістерден іздеді. Анығында бұл дүрбелең тек қазақ зиялыларының басында емес, барлық халықтардың ақыл-ой алыптарының бастан кешкен тағдыр-талайы еді.

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы зерттелу мәселесіне көз салып, мұқият назар аударғанға ең алдымен С.Сейфуллин ілігетіні мәлім. «Кеңес идеологиясы талаптарын көркем әдебиетке көшіруші тек Сәкен ғана болатын» деген тұжырым жасап, сол тұрғыда асыға және асыра сілтеп жатқандар барлығы белгілі. Егер осы қалыпта қарар болсақ, онда кеңес науқанынан бөліп аларлық өнер өкілдері саусақпен санарға келмей қалуы тиіс. Дарындарды даңғазаға айналдырғаннан көрі, бүгінгі заман тұрғысынан жаңаша қарау қажет. Бұл мәселе С.Сейфуллинге де қатысты. Ақынның ауызша сөйлеудегі шешендігі мен жазушылық шеберлігі толық зерттелген жоқ. Бұған оның сазгерлігі мен күйшілігін қосыңыз. Туған халқына қалай қарағаны Сәкеннің қазақ тілі мен өнеріне қатысты көзқарастарымен бағаланса керек еді. Бұл істе Сәкен ұлтжанды демеске шараң болмайды. Сол ұлтқа деген таным-түсінігі оның халық ауыз әдебиетін жинап, зерттеулерінен көрінеді. Ақынның поэмаларындағы ауыздан-ауызға көшкен аңыздарды пайдаланып, жаңаша тың туындылар жасауы да лайықты бағасын ала алмады.

Халық мұрасына байланысты Сәкен тындырған толағай табыстары туралы Е.Ысмайлов, С.Қирабаев, Ғ.Тоғжанұлы зерттеу еңбектерінде сөз арасында атап кетсе, бұл тақырыпқа сәкентануға зор үлес қосқан Т.Кәкішев арнайы тоқталады. Ізденуші Медет Бағылбековке «С.Сейфуллин – фольклоршы» атты кандидаттық тақырып беріп, диссертациялық жұмыс қорғалған болатын. Бұл – сәкентануға қосылған үлес. Солай дей тұрсақ та, «он шақты өлең, аңыз, ертегі, бірді-екілі жыр жинағанның бәрі фольклоршы болып келеді екен» деген дүдәмал жорамалдаулар да болуы тиіс. Рухани құндылықтардың ішінде Сәкеннің шын мәнінде терең игеріп, көкейіне түйгені – атадан қалған асыл сөз өнері еді.

Қазақ фольклорын жинақтау, жариялау және зерттеу ісіндегі С.Сейфуллин еңбегін Еуропа саяхатшылары, миссионерлік бағытта болған ғалымдардың қазақ фольклорына қарым-қатынасымен салыстыру әділ емес. Олар жазып алды, басқа халықтар тіліне аударды. Көпшілікке жария етті. Туыстас халықтардың рухани мұраларымен салыстырып, аздыкөпті пікірлер айтты. Күні кеше олардың еңбегі ескерусіз қалмай, қазақ халқына жарық сәулесін түсірушілер ретінде дәріптелді. Қызды-қыздымен «қазақ фольклорын жетік білген» деген бағалар берілді. Ақиқатқа жүгінсек, қазақ фольклорын білетіндер Шоқан, Абай, Ыбырайлардан басталып, келесі толқын Ахмет, Мағжан, Сәкен, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, тағы басқалары екені фольклортану тарихында XX ғасырдың 60-70 жылдарынан, сол ғасыр соңына қарай байыпты бағалана бастады. Әйтсе де, олардың халық мұрасына деген қалтқысыз қызметі толық тексеріліп бітті деудің қисыны жоқ.

Қазақтың көркем өнеріне келгендер алғашқы қадамын ауыз әдебиетінен бастаған. Сол қатарда Сәкен арқалаған жүк те жеңіл емес. Туған өлкесінен жанға алған азығы көп еді. Азығы – анасы мен әкесінен бастап, халық мұраларын нақышына келтіре айтатын Құлмамбет, Сапалай, Мүсейіп, Сатай, Сүйіндік, Әзімхан, Әшек, Бітімбай, Ыбырай, Ғазиз, Иман, Жүсіп және басқалары бойына сіңіріп баққан. Кейін өзі де талайлардың құлақ құрышын қандырып, ауыз әдебиетін жинаушыларға айтып берген орындаушы болатын. Әзірге Сәкеннің ел арасындағы әншікүйшілерді А.Затаевичке таныстырғаны, Ә.Диваевқа бергендері ғана аталып жүр. Оларға қанша дүние жазғызып, табыстағанын тексеру де үлкен еңбек. Атақты ғалым, қазақ фольклорына еңбегі сіңген В.Радловтың өзі жазып алғандарының қайдан және кімнен, қай мезгілде қағазға түсіргенін ескертпегенін ескерсек, онда бұл мәселе фольклортанушылардың алдында үлкен міндеттер тұрғанын сөз арасында айта кетейік.

Бұған қоса, Сәкен әйгілі Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Ақмола ақындарының шығармасын жинап, олар туралы баяндамалар жасағанын білеміз. Сондай-ақ, 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газеті арқылы республика жұртшылығына ашық хат жазып, ауыз әдебиеті үлгілері мен ақын-жыраулардың аттарын атап, соларды жинауға көмектесуін өтінеді. Бұған жауап берушілер болғанын Т.Кәкішевтің ескерткені болмаса, қаншалықты мұралардың С.Сейфуллин қолына түскенін ешкім біле бермейді. Дер кезіндегі көтерілмеген істің өкініші көп болатындығы осыдан түсінікті болса керек. Сәкеннің жинаушылық еңбегінен бір үзінді жөнінде С.Мұқанов мынадай дерек келтіреді: «1927 жылы жаздың күні Сәкен Сейфуллин Қызылжардан Көкшетау еліне жер бөліс науқанын өткізуге барады. Бурабай тауына айнала отырған елде бұл науқанды жүргізіп жатқан Сәкенді сол жылы 71 жастағы Ыбырай іздеп келді. Мен Сәкеннің қасында жүр едім. Ыбырайдың ірі ақын, ірі әнші екенін естіген Сәкен Сейфуллин «Оқжетпестің түбінде отырып тыңдау керек» деді де, ауылдан қымыз, тоқты алып, бір топ адам Оқжетпес түбіне кешке қарай бардық. Сонда Көкшенің жотасын қоршаған Оқжетпес қасындағы Ыбырай «Көкшенің биігі-ай» деп басталатын «Қарагөз» әнін шырқап жібергенде, жантайып жатқан Сәкен орнынан атып тұрып, Ыбырайдың алдына шөге түсіп, қатты да қалды. Аса ырғақты және аса биік бұл ән орындалып болғаннан кейін Сәкен: «Апырай, бұндай биік және көркем дауыс болады екен!» – деп Ыбырайды құшақтап сүйді», – деп жазады. Бұл бүгінгі өнер адамының психологиясын түйсініп, өзіне қажетті дүниені алып қалуды ойлаған ғылым жолындағыларға ғибрат болуы тиіс. Шындығына келсек, Сәкеннің ауыз әдебиетін жинаушылық еңбегі өзінің шығармашылығымен қос өрімдей өріліп отырғанын, «Көкшетау», «Оқжетпес», «Жұмбақтас» аңыздары поэмаға халық айтуымен арқау болғанын ұғамыз. Оны Гүлбаһрамның естелігі де дәлелдей түседі. Бұдан басқа, Сәкен өзі болған талай жерде халық мұрасын жинақтап, 1930 жылдары Қоянды жәрмеңкесінде көнекөз қариялардан фольклор үлгілерін толықтай жазып алады.

Қазақ фольклорын жинаушы ретінде Сәкеннің өнімді еңбек еткені 1926 жылдан басталатындығын академик Т.Кәкішев кезінде лайықты бағалаған еді. Еліміздегі халық ағарту институттары мен университеттерінде дәріс беріп, келешек ұрпақ алдындағы парызын орындаудағы педагог С.Сейфуллин ісі қай уақытта да үлгі-өнеге болып қала бермек. Дәл сол 1926 жылы Құлманбет пен Майкөт ақындар айтысы, Жанқожа батыр жөніндегі жыр мен өлеңдер «Жаңа мектеп» журналында жарияланып, Сәкеннің өнегелі істері үздіксіз жалғасып жатты. Жазушы, ақын, ұстаз қаламынан 1931 жылы «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», 1932 жылы «Қазақ әдебиеті», 1933 жылы «Батырлар жыры» жинағы, 1934 жылы «Ы.Алтынсариннің өлеңдер жинағы», Ө.Тұрманжановпен бірігіп 5 класқа оқулық, «Ақан сері», «Ақмола» өлеңдері жинағы, халыққа кең тараған «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын бастырып шығарды. Осының ішіндегі «Қазақ әдебиеті» атты еңбекте С.Сейфуллин халық мұрасын ғылыми тұрғыдан саралап, тек пен түрлерге қатысты тақырыптық және жанрлық жіктеулер жасаған ғылыми зерттеу болды. Сөйтіп, Сәкеннің фольклортану ғылымындағы көшбасшылардың біріне айналғаны бүгін де зеттеушілер тарапынан орынды аталады. Жетпіс жылдан астам бұл кітаптан ізденушілер керегін тауып, кәдесіне жаратып келе жатқандығы баршаға мәлім. Кей терминдік атаулар болмаса, еңбектің маңызы сол кезең үшін аса маңызды екендігін ешкім теріске шығара алмайды. Осы еңбек арқылы Сәкеннің ауыз әдебиетінің көлемді де көркем саласы қазақ эпосына қатысты көзқарастарының ғылыми тұрғыдан зерделілікті танытатындығы туралы арнайы зерттеу жұмысын жүргізуге болады. Әзірге, эпос туралы зерттеулер жасаған еңбектерде ғана шолу түрінде айтылып жүр. Сәкеннің эпосқа қатысты айтқан тұжырымдары, оның жалпы фольклорды тексерушілердің ішінде тарихи негізді ұстанушы екендігін көрсетеді.

Ақынның фольклорға қатысты елеулі еңбектерімен қоса, Сәкен өз шығармашылығы арқылы да фольклорды дамытушы екендігін танытты. Мәселен, «Көкшетау», «Аққудың айрылуы», «Ақсақ киік» атты туындылары оның халық рухын асқақ ұстап, ата-баба дәстүріне берік екендігін толық мойындатты. Бұл – түйіндей айтсақ, Сәкеннің өшпес өмірі мен үлгі-өнегесі.

Берік РАХЫМОВ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры,

филология ғылымдарының докторы.