Руханият

Теледуман: талант пен талаптылар

    Әңгіме «Арнадым саған» теледуманы жөнінде. «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бірлескен жобасы – бұл. Аталған телеарнаның тұрақты көрермендері бірден біледі. Жыл бойы жалпы іріктеу сынынан өткендер теледуманның финалдық концертінде Кеншілер мәдениет сарайында өнер көрсетіп, жеңімпаздар анықталды.

  Концерт жоғары деңгейде өтті десе болғандай. Көргендердің көзі жарып, тыңдағандар таңданысын жасыра алмады. Облыс, республика көлемінде әншілігімен аты шығып, танылып қалған тоғыз әншінің әрқайсысы жыл бойы жаратып, баптаған екі өнерпазын қасына алып ән шырқады. Бірыңғай ретро әндер айтылсын деген талап қойылыпты теледуманда. Тағы бір талабы – әлгі кәсіби әншілер баптап шығарған өнерпаз осы жобаға дейін сахнаға шықпаған, әнші ретінде танылмаған болуы тиіс. Мәселен, жоба басында Саят Әбдіғалидың тобында 5 адам болса, финалдық концертке шейін іріктеліп соның екеуі ғана қалған. Жобаның мақсаты – ел ішінде танылмай жүрген таланттар есімін көпшілікке мәшһүр ету. Сонымен концерт басталды да кетті.

Алдымен ортаға халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаты Арайлым Жүкенова тобымен шықты. Яғни, әнші жыл бойы бауырынан жаратқан екі өнерпазымен бірігіп ән салды. Финалдық концертті «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының журналистері – Жанбота Рахметуллаұлы мен Райхан Сайранбекқызы сахнадан жүргізсе, Әділбек Құмар тікелей көрермендер арасынан телекөпір жасады. Шара сонысымен де ерекшеленді.

Теледуманның финалдық концертіне республикалық, облыстық ән байқауларының лауреаттары – Гүлмира Тапай мен Гүлбану Серікованың, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Дулат Дүйсеновтің, әнші, сазгер Саят Әбдіғалидың, халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаттары Еркебұлан Еріков пен Гүлмира Жакупбаеваның топтары қатысып (барлығы 9 топ), сахнаның сәнін келтірді. Біреулері «Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын» деп тамылжытса, біреулері «Жаңбырлы түн, екеумізде бір шатыр» деп тебірентті залды. Енді біреулері Жақсыкелді Сейіловтің «Неге солай?..» әнімен ойландырып, «Қаракөз» ансамблін еске түсірді. Жан бір түлеп, зал дүркіреп сала берді сәтте. Әншілердің өнерін бағалаған қазылар құрамы да бірінен-бірі өткен өз саласының дүлдүлдері: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, атақты әнші Мейірхан Адамбеков, «Намыс» төсбелгісінің иегері, белгілі сазгер Есжан Әмір, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының бас редакторы Сағат Батырханова, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бас директоры Талғат Ыдырысов пен сазгер, әнші Әлібек Салықов.

Қазылардың шешімі бойынша әнші Гүлмира Жакупбаеваның тобы көрермен көзайымына айналды. Танымал әнші Саят Әбдіғалидың тобы ІІІ орыннан көрінсе, Бибігүл Жағыпарованың тобы ІІ орынды иеленіп, Гүлбаршын Серікованың тобы І орын алды. Ал, бәйгенің бас жүлдесі Еркебұлан Еріковтің тобына бұйырды. Жақсыкелді Сейіловтің «Неге солай?..» әнін орындаған бұл жігіттерге қомақты ақшалай сыйлық табысталды. Жеңімпаз, жүлдегерлердің құралақан қайтқаны жоқ. Сондай-ақ, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының ұжымы Еркебұлан Еріков пен көңілден шыққан тағы бір әнші тобының әндеріне бейнебаян түсіріп беруге уәде етті. Қаперлеріңізде болсын, «Арнадым саған» теледуманының келесі маусымына үміткерлерді іріктеу басталып кетті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button