Тектінің тұяғы, жақсының қияғы

Қарап отырсам, Ғабдеш бауырым да алпысқа келіп қалыпты. Қазақ әнінің ақ еркесі Игілік ОМАРОВТЫҢ шенеунік ұлы Ғабдрахман ОМАРОВТЫ айтамын. Әкесіне еліктеп әнге салғанда орыстанып кеткен Қарағандының қазақтары селк етіп, естерін жиятын. Политехникалық институттың инженер-механик мамандығына оқып жатқан оғыланның бір қыры осындай еді…

Ғабдешпен бірге өстік. Көрші Жеңіс ауылының ертерек көзге түскен баласы. Маңайындағы бауырлары да сайдың тасындай, бірінен-бірі өтеді. Азуын айға білеген айтыскер Ермек Омаров, «Сәкенін білген бұл қазақ Ғалымын білмей өте ме?», – деп, таң атпай тайдың жалына жармасатын Ғалым Жайлыбай. Жауырыны жер иіскемеген небір балуандар, домбырасы мен қобызын аялаған әнші-күйшілер. Бұл жігіттердің дені жоғары класс оқушылары еді…

Түгіскен өңірі – даңқы жер жарған Жаңаарқаның құтты бір мекені. Шаруашылығы шалқыған. Ақтылы қой өргізген. Жер қайыстырып жылқы қайырған берекелі ауыл. Ақсақал-қарасақалы – бір үйдің адамдарындай ынтымақшыл. Аналары – шетінен алтын құрсақ. ұлтқа лайық ұл-қыз өсірген жандар. Осындай киелі шаңырақтың бірінде дүниеге келген Ғабдрахман қайда барсын? Ақ- көйлек, бауырмал, «аузын ашса, жүрегі көрінетін» бозбаланың бірі болып өсті. Сара шешеміз әлі күнге жанын беріп отырады.

Ғабдешпен 14-15 жасымызда, біздің ауылда, Қараағашта таныстық. Жекен әкемнің үлкен ұлы Оралбай ағамның үйлену тойында. Зүбәйра жеңгемнің жағынан Игілік әкеміз құдаларды бастап келді. Әйгілі әншінің үкілі домбырасын Ғабдеш ұл қызғыштай қорып, құшақтап төрде отырды.

Боз биенің еті желініп, бата берілгеннен кейін ел ду етіп Икеңнен ән сұрады. «Тау ішінде», «Ақ ерке», «Бәрінен де сен сұлу», «Ауылым», «Мақтымқұлының толғауы», «Қайыптың термесі»…

«Қолы босаған» Ғабдешті қайран досым Өміржан екеуміз ортаға алдық. Содан бері біргеміз. Студент атандық. Жатақханада бірге тұрдық.

Ғабдрахман Игілікұлы еңбектің талай тезінен өтті. Трактор айдады. Қой бақты. Сарысу мен Сөртіге шомылып, Арап қырда ойға батты. Қиял қуды. Дегенмен, пешенесіне басшылық қызметтер жазылған екен. Жоғары білім алысымен, №2 Қарағанды автобус паркіне аға инженер болып қабылданды. Елгезек, жас маман ұжымның тілін тапты. Жұмыс жанданып, өндірістік көрсеткіштер жақсарды. Содан кәсіпорындағы кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды.

Бұл қызметті жеті жыл жемісті атқарған Ғабекең 1992 жылы Қарағанды облыстық автотранспорт және аралық жолдар жұмысшылары кәсіподағының төрағасы болып жоғарылады. Кейінірек, мемлекеттік қызметке ойысты. Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданы ішкі саясат бөліміне шақырылып, аталған бөлімді басқарды. Әкімнің орынбасары болды. Бұл қызметтерді Ғабекең 2001-2009 жылдары аралығында атқарды.

Қай салада жүрсе де, Ғабдрахман Омаров ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сенім білдіріп, соңынан ерген жұмысшыларды қолдады, қадірледі. Ел ағаларымен тығыз байланыс орнатты. Мәселен, кәсіподақтар қызметінде жүргенде қалың бұқараның тұрмысына, әлеуметтік жағдайына мән берді. Белгілі заңгер, республикаға аты мәлім ардагер Яков Зиновьевич Богулавскийді қызметке шақырды. Жұмыс берушілермен талай сөзге келіп, сынға түсті. Әділдік үшін арпалысты.

Қазыбек би ауданы әкімдігінде Дмитрий Антонович Чернов төрағалық ететін ардагерлер кеңесімен қоян-қолтық жұмыс істеді. Толғағы жеткен талай мәселелер дер кезінде шешілмесе де, ертелі-кеш орындалып жатты. Жалпы, Ғабекеңді қоғамдық ұйымдар ерекше құрметтейтін.

Қарбалас тірлік Қарағанды қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және жолдары мекемесіне басшы болып ауысқанда қыза түсті. Күндіз-түні ат үстінде жүруге дағдыланған азамат қала шаруашылығында барынша шыңдалды. Ірі облыс орталығының бірі саналатын шаһардың шырайын келтіру оңай шаруа емес еді. Тегеуріні мықты, табанды басшы бұл қызметте де абырой биігінен көрінді. Іскер екенін тағы да дәлелдеп, ел аузына ілікті. Облыс басшылығының үдесінен шықты.

2010 жылдың қаңтар айында Ақтоғай ауданына әкім болып тағайындалды. Алаштың айтулы ұлдарының кіндік қаны тамған қасиетті өлке Ғабдрахман Омаровты құшақ жая қарсы алды. Жарылғап Тоқметов, Мәдениет Сәтеков, Оразбек Рақымбеков сынды еңбек ардагерлері ақыл-кеңестерін үнемі айтып отырды. Басты шаруа Сарышағанда басталды. Көпқабатты үйлердің жылу, су жүйелері қалпына келтірілді. Қазандық салынды. Басқа да, біраз игі шаруалар қолға алынды. Бұл ауданда екі жылдай ғана еңбек еткен Ғабдрахман Игілікұлы 2011 жылдың қараша айында Жаңаарқа ауданына әкім болып бекітілді.

Жаңаарқаның көршілерге «өтіп кеткен» 1 миллион гектар жері қайтарылды. Фермерлердің саны мыңға жақындады. Кәсіпкерлік жандана түсті. Аудан орталығында 2 алаң пайдалануға берілді. Екі мөлтек аудан салынды. Ауылдарға су тартылды. Жолдары жөнделді. Соның бірі – Қараағаш ауылын ауданға қосатын көтерме жол асфальтталды. Ералиев, Ескене, Жұмажанов ауылдарында 3 мектеп және 1 клуб салынды. Мәдени іс-шаралар қыза түсті. Ауданның тарихына, ақиық азаматтарына арналған ғылыми конференциялар өтті. Мұндай жиындарға елімізге есімдері мәшһүр қоғам және мемлекет қайраткерлері, ірі ғалымдар, аузымен құс тістеген ақын-жазушылар қатысып отырды. Иә, тізе берсек, ұшан-теңіз жұмыс істелді. Қай істі қолға алса да тәжірибелі әкім ардагерлермен ақылдасып отырды. Хамзе Сәтжанов, Қаржас Мақашев, Қуат Ахметов, Мұхаметжан Тілеуханов, Қамбар Сейткамалов сынды ағалардың келелі кеңестеріне сүйенді. Ауыл аралап, тыным таппады.

Ел адамдары, жақсы-жайсаңдармен сыйласты. Қазаққа әнімен де, сәнімен де қадірлі, асқар тау әкесі Игілік Омаровтың дос-жаранынан алшақтаған жоқ. Кеше ғана дүниеден өткен Кәкімбек Салықов Жезқазғанға жолы түссе, Жеңіске соғып, Ғабдрахманмен жүздесу үшін Жаңаарқаға баратын. «Досымның көзі» деп елжіреп отыратын. Халқымыздың кең қолтық композиторы Ілия Жақанов Ғабдрахманмен жиі хабарласады. Атақты ағаларға талай мәрте еріп барып, Икең үйінде қона жатқан кездер естен кетпейді. Өзім де жолға шықсам аяулы ағамызға сәлем бермей өтпейтін едім.

Бірде Икең үйіне соғып, әңгіме-дүкен құрдық. Қайтатын уақыт жақындады. Мені қолтықтап, мәшинеге шығарып салатын. Бұл жолы да әдетінен таймады. Көлікке отыра бергенде, радиодан «Әнші Игілік Омаровтың концертін тыңдаңыздар» деген диктордың даусы саңқ ете қалды. Ән падишасы – «Ақ ерке». Қуанып кеттім. Ағама жалт қарасам бота көздерінен жас парлап тұр екен. Ауырып жүр еді. «Түс», – деп ымдады. Бағлан сойғызып, бас ұстатты. Таң ата бір-ақ жіберді. Әдеттегідей «Сайлауханға (ақын С.Нәкенов – авт.) сәлем айт», – деді…

Игілік Омаровтың шаңырағы Арқа мәдениетінің орталығы болды. Көзі тірісінде бұл үйге тоқтамаған тұлпар, қонбаған сұңқар жоқ еді. Жақсылар мен жайсаңдардың тұрағы еді. Аллаға шүкір, бұл күні де Игілік ағкемнің әулетінен қонақ арылмайды. Әсіресе, Ғабдеш бауырым әрі досым қара шаңыраққа келгенде бір жасап қаламыз…

Игілік Омаров Ғабдрахманның әкесі ғана емес, рухани ұстазы болды. Домбыра ұстатты. Әнге үйретті. «Әкім бол» деп айтқан жоқ. Ғабдеш қызмет бабымен жоғарылаған сайын «Жүрегі жұмсақ еді», – деп қобалжып отыратын. Мұндайда, ел азаматтары – Мәрлен Асқаров, Әбілқайыр аға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Мейрамбеков тәрізді саңлақтар басу айтып, әнші әкенің көңілін аулайтын.

Ғабдрахман Омаров осы кезеңде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Түркияға шақырылып, «ТҮРКСОЙ» тағайындаған «Сәкен Сейфуллинға – 120 жыл» төсбелгісін тағып қайтты.

Бұл күні Ғабдрахманның өзі де – үлгілі әке, өнегелі ата. Жары гүлсім – жаны бөлек ана, әже. ұл мен қызы Данияр мен гүлзардың қызығына кенеліп отыр. Қан дегенді қойсаңшы. Әншілік өнер немерелердің бойында да буырқанып тұр.

Мен Ғабдешті қашанда сағынып жүремін. Өзі тұрғызған Жаңаарқа кіреберісіндегі екі тұлпар бейнеленген дарбазада шұрқырасып табысушы едік. Екі жылдан асты кездесе алмай жүрміз. Қашан мені қарсы алады екенсің, аңқылдаған бауырым?! Халқыңның ақ батасын алған ұл едің. Алпысыңда Алла дегеніңе жеткізсін! Ысқақ әулиенің, Омар атаңның, Игілік әкеңнің әруақтары алқасын!

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.