Текті тоқыратқан трагедия

Олардың дені жауған оқ пен жанған оттың арасында жүріп, көзсіз ерлік көрсетсе де, батыр атағы берілмеді. Ұлтын жанындай сүйген әкелеріне жалған таңылған «халық жауы» деген жала үнемі алдарынан шығып отырды. Майданға да сол «жаланы жуып-шаюға» аттанды. Екінші дүниежүзілік соғысқа бәлен қазақ қатысты, оның бәленбайы батыр атағын алды, еліміз мыңдаған тонна азық-түлік, оқ-дәрі жөнелтті дейміз ғой. Ал, ұлттың кеткен есесі, жоғалтқан қазынасы – рух пен сана күйзелісі сияқты ең негізгі мәселелер көп айтылмайды. «Аштық және соғыс» еңбегінде ғұлама Таласбек Әсемқұлов соғыстың кесірінен болатын рухани, гендік шығынды ешкім, ешқашан өтей алмайтынын толығымен дәлелдеп шығады. Соғыс елдің сорпа бетіне шығарларын қырып салып, халықты тексіздендіреді. Рухани аздырады. Мәселен, Алашты азаттыққа бастағанымен, Кеңес Үкіметі жаласымен «халық жауы» саналған халықтың шын жанашырлары ұрпақтарының көбі соғысқа өздігінен сұранып аттанды. Неге? Өйткені, «халық жауларының» отбасындағылар Отанға деген адалдығын қолдарына қару алып майдан даласында дәлелдесін деген жымысқы үндеу болған. Қазақтың қаймақтарын 1937-1938 жылдары бір қырса, олардың ұрпақтарын осындай жымысқылықпен қайта бір «тазарту» саясаты астыртын жүрген.Осының алдында ғана газетімізге Аманжол Бұхарбаев атты майдангер туралы «Батыр» деген мақала жарияладық. Онда танк экипажының командирі Аманжол Бұхарбаев  54 фашисті жер жастандырып, жаудың 4 пулемет нүктесін, сондай-ақ бірнеше өздігінен жүретін артиллериялық техникаларын жойып жіберіп, қаруластарымен қоса танкінің ішінде отқа оранып, ерлікпен қаза тапқаны айтылады. Бірақ, сондай көзсіз ерлік иесіне батыр атағы берілмей қалған. Құжаттары архивте құпия жатқан. Ресей ол құжаттарды жалғанның жарығына бертінде ғана шығарды. Ұрпақтары аталарының ерлігін сонда бір-ақ біліп, біз естіп жазғанбыз. Жазбамызда жауынгерге батыр атағы біріншіден – қазақ болғандығынан, екіншіден Армия қолбасшысының салғырттығынан берілмеді деп топшылаған едік. Сөйтсек, олай емес. Аманжол Құсайынұлы Бұхарбай немересі кезінде «халық жауы» болып атылып кеткен Алаш арысы Имам Әлімбектің жақын ағайыны болып шығады екен. Аталары Ермағаннан Бақтыбай мен Бұхарбай туса, Бақтыбайдан – Әлімбек, Бұхарбайдан Құсайын туады. Әлімбектен – Имам, Құсайыннан Аманжол болып жалғасады ғой. Имам мен Аманжол бір атадан туған немере, шөберелер ғана. Жоғарыда «халық жауларының» балалары Отанға деген адалдығын дәлелдеп, әкелерінің «кінәсін» соғыста «жуып-шайсын» деген қауесет жүргенін ескерсек, Аманжол Құсайынұлына батыр атағы берілмегенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Бір ғажабы, «халық жауларының» ұрпақтары ерекше қабілет иесі болғандықтан, олардың көбі сол кездегі нұсқау бойынша бронмен елде қызметке қалдырылған. Талантты маман, таптырмайтын кадр есебінде. Соған қарамастан, әлгіндей үндеуге байланысты олар соғысқа өздері сұранып аттанған. Біз айтып отырған Имам Әлімбектің жақын туысы Аманжол Бұхарбаев тағдыры – сол тағдыр. Олай болмағанда ерлігі – батыр атағына лайық көзсіз ерлік-ті. Бар мәселе, ұлтын шексіз сүйгеннің ұрпағы болғандығында.

Бұл тақырыптың мұндай қалтарысын білмес едік. Жақында филология ғылымының кандидаты Азамат Мамыровтың Мәншүк Мәметова туралы мақаласынан ұшыраттық. Онда Мәншүк майданнан жазған хаттарының бірінде былай деген:

«Абкетай, конечно я Вам пишу откровенно, только не огорчайтесь и не думайте ни о чем. Если погибну то за Родину, за отца и за Вас» (7.08.1943).

Сөйтсек, соғысқа бойжеткен басымен өзі сұранып аттанған Мәншүк апамыздың әкесі де Алашорда қайраткері Ахмет Мамытұлы (Мәметов) екенін мен де кейін білдім (ағасы Жиенғалидың қызын кішкентайынан бауырына басқан). Ахмет Мамытұлы – сол кездегі «Қазақ» (редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы), «Бірлік туы» (редакторы – Мұстафа Шоқай) газеттерін шыға ру шылардың бірі. Өмірінің соңғы жылдарында Ахмет халық медицинасына қызмет еткен. Дәрігерлік жолды қызы Мәншүкке де аманаттаған. Әкесінің 1937 жылы «алашордашыл-ұлтшыл» деп тұтқындалып, ату жазасына кесіліп, «халық жауы» ретінде оққа ұшқаны – Мәншүктің жүрегін қатты жараласа керек. Ата аманатын орындау мақсатында дәрігерлік мамандықты таңдаған жерінен ол әкесінің «халық жауы» болмағанын дәлелдеу үшін соғысқа сұранады. Жоғарыда біз келтірген, анасы Әмина Сүлейменқызына (ол да қазақтың қайраткер қызы) жазған хатында: «…Егер қаза болсам, Отан үшін, әкем үшін және сіз үшін…» деген жолдар соның айғағы. Хат Оралдағы Мәншүк музейінде сақтаулы.

Соғысқа қатысқан Алаш арыстары ұрпақтары арасынан Батыр атағы берілген жалғыз адам Мәншүк апамыз ғана көрінеді. Қалғандарын ерлігіне сай елеулі марапатқа ұсынбаған. Мәселен, майданда болған қазақ қыз дарының бірі – Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның қызы Зейнеп (Елизавета) Сәдуақасова. Зейнеп 1923 жылы қазақтың біртуар қайраткер ұлы Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шықты. 1927 жылы ММУ-дің медицина факультетін бітірді. 1933 жылы Голощекин үкіметінің былығын бетіне басқаны үшін жұбайы Смағұлды Воронежге жер аударды, сол жақта белгісіз жағдайда шейіт болды. Жап-жас Смағұлдың асқан дегдарлығын алаштанушылар ерекше атайды. Ал, әкесі Әлихан Бөкейханның өмірін ел жақсы білсе керек.

Әкесінен де, жарынан да айырылған Зейнеп, оның балаларының өмірінің қасында тар жол тайғақ кешу бер жағы шығар. Соғыс өрті лап еткенде, 1941 жылдың 1 тамызында 3-ранг тегі әскери дәрігер, 38 жастағы Зейнеп Сәдуақасова майданға Мәскеуден аттанды.

Соғыстағы көрсеткен жәрдемі үшін бірқатар медальдармен марапатталды. Алғаш рет 1943 жылдың 27 қаңтарында «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін таққан. 1943 жылдың 13 қазанында медқызмет майоры Зейнеп Сәдуақасова «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Ал, 1944 жылдың 17 қазанында «Қызыл Жұлдыз» орденін иеленді. «…Особую ценность для выводов представляют собой материалы, разрабатываемые т. Садвокасовой, по лечебному обслуживанию ра ненных и больных бойцов и офицеров. Дисциплинирована. Сочетает большую работу по специальности с общественной работой. Достойна награждения орденом «Красная Звезда» деп көрсетілген онда.

Соғыстан аман оралған Зейнеп Әлиханқызы өмірін медицина саласына арнады. Медицина ғылымдарының докторы (1965), профессор. Н.Семашко атындағы әлеуметтік гигиена және денсаулық саласын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының бір бөлімін басқарды. Өмірінің соңғы жылдары ауыр дертке ұшырады. Өлер алдында «Мне отец дал сердце, которое раньше меня спасало, а теперь не дает спокойно умереть» деген соңғы сөзін айтып барып, демі үзілді. Бұл 1971 жылдың 21 маусымының түні болатын.

Сәдуақас пен Зейнептің ұлдары Ескендір (Кенка) де дәм-тұзын майдан даласында тауысқан. Тағдыр тәлкегіне жастай түскен ескендір соғысқа 17 жасында сұраныпты. Ұлт көсемі Әлиханның жиені 1941 жылдың 19 қарашасында Мәскеу облысы, Скирманово деревнясы маңындағы шайқаста із-түзсіз кетті.

Ноян Нығметұлы – 285 ДОБХ атқыштар дивизиясы 1030-атқыштар полкінің сапер взводының командирі. 1944 жылдың 17 ақпанында аға сержант Ноян Нұрмақов алғашқы марапаты – «Ерлігі үшін» медалін тақты.

«Халық жауы» деген тақсыретті қамытты Абай ұрпақтары да арқалады. Тұрағұл Ибраһимұлын «алашордашыл-ұлтшыл» деп айыптады.

Алғашында 1922 жылы Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатовпен бірге, кейін 1927 жылы тағы тұтқындалды. 1928 жылы Шымкентке жер аударылды. Сол жақта қуғында жүріп, 1934 жылы қайтыс болды. Тұрағұлдың бір ұлы Зұбайырға 1928 жылы «алашордашының баласы» деген айып тағылып, жер аударылды. 1933 жылы Бішкекте дүние салды. Тағы бір ұлы Жебрайыл әкесінің артынан бара жүріп, ауыр науқасқа ұшырап, 1930 жылы қайтыс болған. Осы Жебрайылдың ұлы Алпаш соғысқа қатысып, аман оралды.

Жалпы, Абайдың кіндігінен тараған 10 ұрпақ майданға аттанып, оның екеуі ғана аман­есен оралған. Біреуі осы Алпаш болса, екіншісі Мағауияның немересі – Ишағы Жағыпарқызы. Ишағы соғыста авиация технигі болды, Харбин қаласы маңындағы шайқастарға қатысты. Алпаш 1990 жылы Алматыда қайтыс болды, Ишағы 2012 жылы 92 жасында дүние салды.

Абай ұрпақтарының бәрі дерлік қуғын­сүргін көрді. Атап айтсақ, Мекайыл 1931 жылы «бай баласы» деген желеумен қудаланды. Ол осы жылы Семей түрмесінде сотсыз атылған. Осы Мекайылдың балалары Құзайыр (1945 жылы) және Қалышер (1942 жылы) соғыста қаза тапты.

Ақылбайдың ұлы Әубәкір де айдалды. Ол да Тұрағұлдың артынан барып, 1934 жылы Шымкентте қайтыс болды. Осы Әубәкірдің Қапсәләм (1943 жылы), Әлихан деген ұлдары соғыста шейіт кетті.

Сондай­ақ, Мағауияның немерелері Жошыхан Жағыпарұлы, Берекехан Құтбайұлы және Тоқтамыс (Тоқташ) Ізкайылұлы да соғыстан қайтпапты. Әбдірахманның жиені Еніғам да майданнан оралмады. Бұлардың бәрі де майданға жас кезінде алынғандықтан, ешқайсынан ұрпақ қалмады.

Сұрапыл соғыста қандай ерлік көрсетсе де, «халық жауының» балалары тиісті марапатқа бөленген жоқ. Себебі, «халық жауы» деген жала қыр соңдарынан қалмады. Сондай ерлігімен көзге түскен тағы бір «халық жауының» қызы – Халида Маманова. Оның әкесі – Жетісудағы атақты «Ма мановтар мектебін» (бұл мектептен ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев түлеп ұшқан) ашқан Есенқұл Маманов. Сталиндік репрессия кезінде Мамановтар әулетінен 36 шаңырақ қуғындалып, 15 адам атылған екен. Есенқұл 1928 жылы мал­дүниесі кәмпескеленіп, Чкаловқа (Орынбор) жер аударылды. Айдауда жүріп, ауырып қайтыс болды.

Халида соғысқа әкесінің, әулетінің «халық жауы» емес екендігін дәлелдеу үшін барған. 1942 жылдың ақпанында майданға алынды. 1941 жылы Алматы медицина институтын бітірген еді. Халидаға, бірақ «лейтенант» шені берілмей, дәрігер болуға рұқсат етілмей, қолына күрек ұстатып, өлген адамдарды жерлеуге жекті. Мұндай әділетсіздікке төз беген қайсар қыз Сталинге хат жол дап: «Егер мен «халық жауы» болсам, штрафротаға жіберіңіз. Тірі қалсам, менің отбасыма, маған тағылған жаланың барлығын алып тастайсыз» деген талап қойған. Ұзамай Халида 821­батальонға ауыстырылды. Осы батальон құрамындағы амбулаторияны басқарып, Берлинге дейін аман жетті. Халидаға «аға лейтенант» шені 1943 жылы ғана берілді. Майдандағы ерлігі һәм еңбегі үшін ол «сталинградты қорғағаны үшін», «1941­1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және «Қы зыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

1945 жылы Халида Мамановаға «медицина қызметінің капитаны» шені берілді. Елге оралған соң, Халида дәрігерлік қызметін жалғады. Алматыдағы, Қарағандыдағы медицина институтында қызмет етті. Медицина ғылымының докторы атанды. 1959 жылы Ақтөбе институты ашылғанда, осы оқу орнының патофизиология кафедрасының меңгерушісі болды. Осы кафедраны өзі құрды. Одан бөлек, Халида институт қабырғасынан Қазақ ұлттық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Осыдан бастап басына қайтадан бұлт үйірілді, оны «ұлтшыл» деп айыптады. Қаншама шақыртуларға қарамастан, оның шетелге шығуына тыйым салынды. Тек 1977 жылы Болгарияға баруына рұқсат берілді. Алайда, сапар тобымен барған Халида сол жақта жұмбақ жағдайда дүниеден өтті.

Иә, бұлардың бәрі қазақ халықын кемел келешекке бастаған қаракөктің тұқымы еді. Аталарын жазықсыз қудалап, нахақ өлім жазасына кессе, балалары сол жаланы жуу жолында шейіт кетті. «Жаным – арымның садағасы» деген Алаш ұранын ту етіп көтерген асыл боздақтардың көбінен ұрпақ қалмады. Ұлттың генефондына (тектік даму) төнген мұндай өлшеусіз шығынды ешкім, ешқашан толтыра алмасын жоғарыда келтірдік. Оны Таласбек Әсемқұловтың мына сөзінен біліңіз: «Қандай қоғамда болса да әйел мен еркек жыныстылар, қария мен бала, ауру мен сау, адал мен арам, қылмыскер, гений мен нақұрыс, ынжық пен жалқау адам бар. Қоғамның қандай болмағы, сол аталғандардың қайсысы өліп, қайсысы тірі қалуына байланысты».

Ендігі мәселе, біз қазір ортамыздан шыққан ерекше қабілет иелерін қаншалықты аялап, алға шығарып жүрміз. Дарынды қазақ жастарының шетел асып жатқаны осындайда еске түседі.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Деректер ғаламтор көздерінен алынды.