Руханият

Теңдесі жоқ тың жоба

   Жуырда облыстық өлкетану мұражайында облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан АҒЫМБАЕВТЫҢ, аймағымызға ат шалдырған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының экспедиция мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мемлекетіміздегі қасиетті жерлерге зор мән берілген.

Тәуелсіздік тарту еткен ең басты құндылық – тіліміз бен дініміздің қайта жандануымен қатар, рухани, мәдени, тарихи, табиғи құндылықтарымыздың ту биікке самғауы. Соның бір дәлелі – өңірімізге өзіндік мақсатымен келген ерекше экспедиция. Ерекше деуімізге де себеп бар. Бұл жолы ғалымдар мен техника мамандары өңіріміздегі 27 нысанның нақты географиялық орналасқан жерін ғаламтордағы «Google» картасына енгізіп, фотосурет және бей­небаян түсірілімін жасап, қысқаша мәлімет берумен қатар, қағаз және элек­тронды тасымалдау құралдарына көшірілетін Қазақстандағы қасиетті жерлердің картасын жасамақ ойда. Аталған карта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.

Елімізде тарихи, мәдени, табиғи және спорт салаларына қатысты барлығы 450 нысан аталған жобаға еніп үлгеріпті. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында болып келген экспедиция құрамында төрт адам бар. Олардың қатарында картограф пен 3D фотосуретші тағы бар. Сөйтіп, облысымызда орналасқан киелі жерлер қатарында Қарағанды қаласындағы Нүркен Әбдіров ескерткіші, осы батыр атындағы спорт Сарайы, Кеншілер мәдениет сарайы, «Шехтерлер даңқы» монументі, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, К.Станиславский атындағы орыс драма театры, Тәуелсіздік стеласы, облыстық өлкетану мұражайы, Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы, Теректі әулие петроглифі, Алаша хан, Жошы хан кесенелері және тағы басқалар бар. Бағдарлама мен экспедиция жетекшісі, Қазақ ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми жетекшісі Түгелбай Бекбергеновтің айтуынша, бұл тізім экспедиция барысында өзгеріп отыруы мүмкін.

Елімізде тарихи, табиғи маңызы бар нысандар қалада қаншалықты көп болса, одан тысқары жерлерде де баршылық. Соның барлығын картаға түсіру мақсатында келіп отырмыз. Осы өңірдегі нысандарды аралап шығуға шамамен бір аптадан артық қана уақытымыз бар. Ғаламтордан көріп жүрген киелі жерлер суреті сын көтермейтінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ал, біздің жұмыс осы олқылықтың орын толтыруға бағытталған. 180 градус тұрмақ, 360 градусқа дейін көре аласыз, – деді Түгелбай Бекбергенов.

Айта кетейік, мұндай жобаның елі­мізде теңдесі жоқ. Енді бір-екі жыл кө­лемінде әлемнің кез келген тұрғыны мемлекетіміздегі тарихи, табиғи нысандарды үйден шықпай-ақ аралай алатын болады. Ал, мұндай жұмыстар елімізде туризмді дамытуға ауадай қажет екені анық.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button