Бас тақырып

Тазартылған құйма алтынмен операциялар жүргізу

2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі халыққа алтын құймаларды сату бағдарламасын іске қосты.

Бағдарламаны Ұлттық Банк халықтың инвестициялық мүмкіндіктерін арттыру үшін әзірледі. Қазіргі уақытта құймалар бес номиналда сатылады: 5, 10, 20, 50, 100 грамм. Алтынның әрдайым өз артықшылықтары болды.

Алтын әр түрлі валюталарға қарағанда, іс жүзінде инфляцияның әсеріне ұшырамайды, жоғары өтімді, сақтау мерзімі жоқ. Сонымен қатар, алтынмен жасалатын операцияларға қосылған құн салығы салынбайды. Инвестициялық тартымдылықтан басқа, алтын бағалы сыйлық.

Халыққа сатылатын құймалар Қазақстанның теңге сарайында жасалады. Әрбір құйманың қорғаныш элементтері бар (құймалардың жылтыр беті, микромәтін және бедерлі қыры) және арнайы орауда шығарылады, ол орау құймаларды механикалық бүлінуден қорғайды және ораудың ашылғанашылмағанын оңай тексеруге мүмкіндік береді.

Алтын құймалардың қорғаныш орамын ашуға болмайды, себебі, қорғаныш орау да құйманың сапа сертификаты болып табылады. Егер қаптамасы бүлінген болса, онда мұндай құйма да тапсырылуы мүмкін, бірақ мұндай жағдайда сатып алу алдында банк не уәкілетті ұйым құйманы инкассалық операцияға қабылдап, Ұлттық Банк тиісті сараптама жүргізгеннен кейін оның құнын төлейді.

Бірінші кезеңде құймаларды сату уәкілетті банктер арқылы жүзеге асырылды.

 Екінші кезеңде «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Қазақстан Республикасында айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін уәкілетті ұйымдарға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған тазартылған алтын құймаларымен операцияларды жүзеге асыру құқығы берілген. Мұндай операциялар уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Уәкілетті ұйымдарға осындай операцияларды жүзеге асыру үшін қандай да бір рұқсаттар мен лицензиялар алу талап етілмейді, Ұлттық Банктің аумақтық филиалымен шарт жасау жеткілікті. Халыққа сату жазбаша өкімнің негізінде жүргізіледі, құймалары бар операциялар ұқсас бойынша тізілімдердің электрондық журналында тіркеледі. Екі миллион теңгеден асатын сомаға тазартылған құйма алтынмен операциялар жүргізілген кезде тазартылған алтынмен операцияларды есепке алу журналында клиенттің деректері міндетті түрде тіркеледі.

Сондай-ақ, шағын алтын құймалары туралы ақпарат, оның ішінде қорғаныш элементтері көрсетілген буклеттер туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық Банкінің (www. nationalbank.kz) интернет-ресурсында қолжетімді екеніне назар аударамыз.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Қарағанды филиалының баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button