Бас тақырыпЖаңалықтар

“Тауды бұзып, тас жарамыз”

«Батыстың жастары рухани байлықты ұстап тұрудың алғышарттарын іздейді. «Экономиканы қалай көтерсек болады?» деп бас қатырады. Ал, қазақстандық жастар рухани тың жоба арқылы елге жаңалық әкелсек деп мақсат қояды. Жеті жұрттың тілін білген біздің жастар – әдебиет пен мәдениетке, төл тарихты тануға осылай ұмтылыс жасайды», – дейді Астанадағы Тәуелсіздік сарайында бас қосқан республика жастары. Көшбасшы жастардың айтуынша, Елбасы атаған «Рухани жаңғырудағы» қыран белгісі, алдымен, ХХІ ғасыр жастарының жан-жақты әрі бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. Бұған себеп жоқ емес.

Егемен ел жастары – Елордада

Жастардың Астанадағы бұл басқосуына Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болды. Ұйымдастырушылар «Жастар синергиясы – Бірлік энергиясы» форумы арқылы, алдымен, «Рухани жаңғырудың» маңызын ашпақ болған. Өйткені, көпшілік жастар бағдарламаның атауын жатқа білгенімен, байыбына бара бермейтіні рас.

Мақсат орындалды. Республиканың қала, ауылдарынан келген өзге ұлт өкілдері, жастар ұйымдарынан келген 200-ге жуық делегат форумның маңызын ашты. Қарағандылық делегаттар да қалыс қалмады.

Жастардың айтуынша, «Рухани жаңғыру» – алдымен, қыран болып биікке ұмтылуды білдіреді. Бала қыран шексіз аспан әлемінде өз күш-қуатына сеніп самғайды. Өсе келе өз бетімен тіршілік етіп, қанатымен ұша алатын қыран екенін көрсетеді. Бұл – біздің қазіргі бейнеміз.

Ал, қыран белгісіндегі сары, көк, қызыл түстер – адамның бойындағы талантты ашады. Талантқа бергісіз барлық қасиеттер жанын толықтырып тұрса, адам қанаттанады. Сол сияқты барлық түстер қамтылса, адам да, қыран да тек биікте самғайды.

Қыранның қанатын кеңге жаюы – бірлікті білдіреді. Ал, бірлігі бекем ел – бәріне төтеп бере алады. Жастар – «Рухани жаңғыруды» осылай түсінуі керек» дейді форумда сөз алған көшбасшы жастар.

Олар әр ұлтты бауырына басқан қазақтың, қазіргі таңда бейбітшілікті ту еткен «Мәңгілік Елге» айналғанын мақтан тұтатынын айтады. Мысалы, Жаңаарқа өнер мектебінің мұғалімі Нұрдәулет Кәрібековтің ойы өзгеге ұқсамайды.

«Қазақстанда Менделеев ашқан элементтің барлығы кездеседі. Сондай-ақ, елімізде 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Бай әрі бірлігі бекем Отанымызды көтеретін – біздер», – дейді.

Ал, жастар арасынан шыққан белсенді кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдері «Рухани жаңғыруды» елге жасаған жақ сылық деп түсінетінін айтады. «Business camp» шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізіп жүрген олар, шетелде жүріп-ақ жаңғыру жобаларының алғышартын жасағанын тілге тиек етті.

Мәселен, «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген Әбутәліп Мүтәлі елімізде «Bolashak Enjineering» компаниясының негізін қалаған. Тіптен, шетелде оқып жүргенде қазақтың шұбатын Франция еліне жеткізіп, кәсіп бастаудың жолына кіріскен. Шетелде білім алған қазақстандық, қазіргі таңда әлемдік STEM білім беруді Қазақстанда дамытып, робототехника сыныптарының ашылуына мұрындық болып жүр екен.

«Рухани жаңғыру» – елім маған не берді емес, мен еліме не істей аламын?» деген сауалға іс жүзінде жауап беру»,– дейді Әбутәліп Мүтәлі.

Форумның ашылу салтанаты осылай басталды. Көшбасшы жастардың қызықты талқылаулары бірнеше идеяларды қамтыған стартап жобалардың сырына үңілуге мүмкіндік берді.

Алдымен, «Рухани жаңғырудың» мәнін ашып алған жастар, екінші бөлімде стартап жобалар арқылы «Жастар синергиясы – Бірлік энергиясының» маңызына тоқталды. Сонымен, «Жастар синергиясы» дегеніміз не?

«Жастар синергиясы» – көшбасшылар жолы

«Жастар синергиясы» – табысты жастардың ойлап тапқаны. Кәсібі арқылы нәсібін тапқандардың сөзі. Бір сөзбен айтқанда, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында жүзеге асатын жобалар ойлап табатын алаң. Әлбетте, бұған белсенді әрі креативті жастар атсалысады. Осыны негізге алған ҚХА мүшелері де республиканың түпкіртүпкіріндегі белсенді жастарды жинапты. Оған қоса, бұл форумға «Жаңғыру жолының» құрамындағы республикалық стартап жобалардың авторлары арнайы келген екен. Олар «Табысты жобалар» шеруінде өздерінің қызықты ұсыныстарымен бизнес өкілдерінің әрі кәсіпкерлердің қызығушылығын туғызды. Әсіресе, қарағандылық Вячеслав Литвиновтің CasteTech «Exoskeleton» – мүмкіндігі шектеулі адамдарды сапалы және қолжетімді оңалтуды қамтамасыз ету жобасы және Темiрлан Жамсаптың CasteTech «Soul Map» – аурулардың электрондық деректер қорын жасау жобалары қолдауға ие болды.

Мысалы, «Workapp» жобасымен Қарағанды облысының атынан «Табысты жобалар» шеруіне қатысқан Абай Отарбаев және Ардақ Жакин халықтың сұранысы бойынша тұсауы кесілген жобаны ұсынды.

Жергілікті пәтер иелерінің кооперативінен шағымдар көп түсетінін ескерген олар «Workapp»-ты ойлап тапқан. Әзірге Қарағандының жүз пәтерін қамтыған авторлар кеншілер шаһарынан орталық ашып, қалалық әкімдіктің де қолдауына ие болған көрінеді.

Абай ОТАРБАЕВ, «Workapp» жобасының авторы:

 –Үйлерге, жергілікті пәтер иелерінің кооперативіне қызмет көрсетуге арналған жобаның жүзеге асқанына екі жыл өтті. Басты мақсат – халықтың әлеуметтік жағдайына үн қосу.

Сондай-ақ, жоба иелері қаладағы төбесінен су ағатын әрі жертөлесі нашар үйлерден хабардар екен. Жылу маусымына дайындық кезінде қалалық әкімдікке көмек көрсетенін айтады авторлар.

«Замандастарым «Рухани жаңғыруды» қалай түсінесің?» деген сауалға тосылып жатады. Өйткені, қазір рухани құндылықтарды бірінші орынға қоятын жастардың қатары сирек. Сұрақтың мағынасына да үңілмейді. Ал, мен, «Рухани жаңғыру» бұл – ХХІ ғасыр адамдарының қоғамға айтқан шынайы рақметі деймін. Халықтың жағдайын ашып, алғысына бөлену», – дейді қарағандылық Абай Отарбаев. Оның сөзін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Исламбек Сәлжанов та қолдады.

Ұлы Дала маржаны

Форумның үшінші бөлімінде ҚХА Төрағасының орынбасары, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Исламбек Сәлжанов бастаған кәсіпкерлер бірқатар стартап жобалардың авторларын марапаттады.

Исламбек СӘЛЖАНОВ, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

– «Рухани жаңғыру» – жастардың жолы. Форумға келген респуб лика жастарының осыны ұғынғаны қуантады. Мәселен, 20 жасқа келген Астанамызды дамыту жөнінде қаншама жоба жасаған 20 жастағы жастарымыз бар.

Кәсіпкерлер жеңімпаздарды марапаттаған соң, жастар Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы сәндікқолданбалы «Ұлы Дала маржаны – Астана» көрмесіне қатысушыларды қошеметтеді. Форумның қорытынды бөлімінде «Жаңғыру жолы» қолданбалы өнер шеберлері өздерінің үздік қолтаңбалары қалған үлгілерді ұсынды. Көрмеге Ұлы Дала елінің руханимәдени өмірінен сыр шертер бұйымдар қойылды. Бұл ретте Қарағанды облысының өкілі, теміртаулық Наталья Воротынскаяның шеберлік бұйымдары ҚХА-ның марапатына ие болғанын атап өткен жөн.

«Рухани жаңғыруды» – қазақтың ұлттық ою-өрнегі мен әшекейінен көретін Наталья ханым, ұлттың дәстүрін сүйетінін айтады. Сәндік-қолданбалы өнерді дәріптейтін шебер, сүйікті жұмысы рухани ләззат сыйлайтынын жеткізді.

Форум ұйымдастырылған күні республиканың өңірлерінен келген жастар Қазақстанның жаңа тарихынан сыр шертер – ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайын тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Елордада бой көтерген жаңа мешітке ат басын бұрды.

Жалпы, Елорданың 20 жылдығын ту еткен «Жаңғыру жолы» форумы республика жастарының басын қосып, бағытын бір арнаға бұрды. «Тауды бұзып, тас жарған» жастар форумының мәні ашылды. Маңызы айқындалды.

ҚХА-ның облыстардағы өкілдіктері атсалысқан форум, Қазақ жерін мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінен құралған жастарға бір-бірін танып, тың жобалар ашуға мүмкіндік берді. Әлбетте, Елордада бас қосқан еліміздің жастарына керегі де осы еді.

Аяулым СОВЕТ,

«Орталық Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ – АСТАНА – ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button