Тарих

Тауқымет

Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі Жаманқұл КАРИН (1924-2001) Ақтоғай ауданы, Нұркен селолық округіндегі алғашқы ұстаздардың бірі. «Бірлестік» (Қызылтас) колхозына қарасты Бектауата маңындағы ауылда дүниеге келіп, 9 жасында ашаршылық салдарынан Балқаш қаласындағы балалар үйіне түскен майданге р – ұстаздың өткен ғасырдың 30-шы жылдарында бастан өткізген қиыншылықтары туралы жазған естелігін жариялап отырмыз.

Мен 1924 жылы орта шаруаның отбасында туыппын. Коллективтендіру науқанына дейін (1928-1932 жылдар) қазақтар негізінен осы жалпақ даланың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық жүргізу тәсілімен өмір сүрді. Қарапайымырақ айтқанда, негізінен мал өсірумен шұғылданды. Негізгі баспана киіз үй болды. Қар түсе шым (саман) балшықтан салынып, төбесі қайың, терекпен жабылған, пешпен жылытылатын қыстауларына көшетін. Қар кете жайлауларына көшетін.

Әкейдің отбасы сан жағынан сол кездегі орташа қазақ отбасы болды. Мен алты баланың ең кішісі едім. Қанша ірі қара малы болғаны есімде жоқ. Бір жылы әкейдің күзге қарай «Туһ, алпыс қозы деген де түк емес екен!» деп, көгенді сілкіп алып жатқаны есімде қалып қойыпты. Яғни, жүзге тарта қойы болса керек деп ойлаймын қазір.

Көк биенің көмегі

1932 жыл есімде. Елдің малы өте азайды. Әкейдің үлкен баласы (сол кезде 21-дегі жігіт) мініп жүрген көк бие қалды, бір сиыр бар ма, жоқ па, есімде жоқ. Қалған малды белсенділер коллективтендіреміз деп тартып алған. Жүзге тарта қойы, бірліжарым қара малы боп, өзін-өзі асырап отырған қазақ отбасын қолдан жасаған қастандықпен ойран еткен озбыр саясат еді. Біз сияқты өмір сүріп отырған қалың қазақ, аштықтан қырыла бастады.

Жаппай Қытайға қарай ауа көшу басталды. Кедей шаруалардың отбасында өлім-жітім көбейді. Әкейдің үлкені колхоздың астығын Шұбартауға (қазіргі Ақтоғай ауданының совхозы – ол кезде аудан орталығы ғой деймін) тасуға көк биемен жалданып, жазда бізге талғажау қылатын бірдеңе тапқандай болды. Сөйтіп, 1932 жылдың күзіне қарай біздің отбасы ешқандай күнкөріссіз қалды. Елдің басым көпшілігі сондай, тіпті, бізден де ауыр жағдайда еді.

Әкей қарапайым, момын, өз малының жағдайын күйттеп қана күн көріп жүрген адам еді. Біреудің ала жібін аттау дегенді өмірде білмей өтті. Отбасындағы ширағымыз үлкен ағай болды. Жан сақтау мақсатында жан-жаққа шапқылай бастады. Аң аулауды кәсіп қылды ғой деймін. Бірақ, одан ештеңе өнбеді. Ашыға бастадық. Үлкен ағай ұрлыққа аттанды. Сөйтіп, қарапайым момын шаруаның момын баласы қарақшыға айнала бастады.

Мен күндіз жалғыз көк биені мініп жүріп оттатамын. «Жан-жағыңа жіті қарап отыр. Біреу шақырса, барма, жақындаса дереу үйге қарай қаш!» деп үйретеді үлкендер. Түнде көк биені киіз үйге кіргізіп, ортаға байлап қойып жатамыз. Әкейдің інісі Мәлібек, отбасымен бөлек тұратын адам, әкейге кеп: «Қытайға көшу керек, әйтпесе тірі қалмаймыз» деп, бірнеше күн үгіттеді. Әкей көнбеді. Содан бір топ отбасы, әкейдің інісі бар, бала-шағаларымен түн ішінде Қытай ауып кетіпті, – деп естідік. Кейінірек, бірнеше жылдан соң, бірліжарымы тірі оралды. Қалғандары жолда мерт болса керек. Әкейдің інісінен әлі күнге дейін дерек жоқ.

1932-1933 жылдың күзі, қысы қалай өткені есімде қалмапты. Әйтеуір, наурыз айының басында бәріміз тірі екендігіміз есімде. Ер жете бастағандығым ба, әлде өмірдің бала санасында терең із қалдырғаны ма, одан кейінгі оқиғалардың өрбуі анық есімде.

Наурыз айы біздің өлкемізде қақаған қыс екендігі жұртқа аян. Сәуір туды, бірақ, біздің өміріміз тәуір болмады. Біздің үйде түйір ас қалмады. Былтырғы сойған малдың қаны көмілген жерді қазып жедік бір күні. Далаға шыққанда байқаймын, адамдар аштықтан өліп жатты. Біздің қыстаудың күл-қоқысында екі адамның ыңырсып жатқаны есімде. «Бер, берші…» дегеннен басқаны айтуға шамасы келмейді. «Барма, барсаң ұстап алып жеп қояды», – деп қорқытып қойды бізді үлкендер. Кейін ойласам, адам ашыққанда, психологиясы өзгеріп кетеді екен. 5-6 кішкентай баласын тастап, қашып кеткен әкені көрдім. Байғұс балалар ауыл кезіп жүріп, теңселіп, әр жерде жүріп өлді.

«Тоғыз күн қалды» – деді бір күні әкей. Сөйтсем, жалғыз көк биенің құлындауына неше күн қалғанын санап жүр екен ғой, байғұс ата-ана.

Әкей көнбеді. Сол күні көк биені сойдық. Кейіннен ойласам, әкейдікі бірденбір дұрыс жол екен. Түнімен үлкендер тау тасқа етті жасырумен болды. Үйде тамақ ұстау қауіпті еді. Аштық өзегіне түскен адамдар жыртқыштан да қауіпті, үйге шабуыл жасауы мүмкін еді.

Заманына қарай адам да өзгеріп, заман қиындаған сайын адам баласының бойындағы жаман қасиеттер көріне бастайды екен. Кейіннен естідім, қыстауы көршілес, рулас, бір ауқатты отбасы болушы еді. Көк биені соярдың алдында әкей соған барыпты. «Көк бием сүтті, тұқымы жақсы. Құлындатайын, жаздай сауайын да, күзде саған берейін. Дәл қазір союға обал ғой, құлындауына аз-ақ қалды және қазір өзі арық. Союға келетін бір малыңды бер» – депті. Әлі де союға келетін малдары бола тұра, сауда өзіне пайдалы бола тұрса да, көнбепті. «Өлсең, өле бер» дегендей ишарат жасапты.

Тамақ ішіп, әлдене бастадық. Құрысқан тізелеріміз жазылып, жүруге келіп қалды. Бұл екі ортада күн де жылынып, жаз шықты. Бұл 1933 жылдың жазы болатын. Осылай, әбден әлденгеннен кейін жолға азық алып, әкей мені және тағы бір баласын алып, жолға шықтық. Үйдегілермен соғысқа аттанып бара жатқандай жылап қоштастық. Бетіміз – Балқаш.

Балалар үйін пана еттім

Әкелі-балалы үш жаяу Балқашқа беттеп келе жатырмыз. Әрине, біз, балалар қайда бара жатырмыз, бізді алда не күтіп тұр, одан бейхабармыз. «Өндіріс ошағына бір жеткізсем балаларым аман қалар еді» деген ой екен ғой әкейді жетелеген.

Әкейдің қыстауы Бектауата тауының маңайында болатын. Балқашқа дейінгі 100 шақырымдай жерді бірнеше күнде жүріп өттік. Елсіз дала ғой, жолда ешқандай оқиға болған жоқ.

Әкейдің немере інісі заводта істейтін. Соның үйінде тынықтық. Енді әрі қарай не істеу керек. Жалғыз жұмыскер бізді асырай алмайды. Өзінің отбасы да бірталай. Әкем менімен жылап қоштасты да, үй иесі ағайға ертіп жіберді. Ол кісі мені көл жағасындағы ұзын барактарға жақындау үйілген тастың тасасына ертіп әкелді.

  • Анау сабаннан салынған барактар – детдом, – деді, – Сен сонда барасың. Сені ешкім керек қыла қоймайды. Бірақ, сен кетпе. Күні бойы ақ киім киген әйелдердің көзінде бол. Сосын сенен сұрайды, «әкең бар ма?» деп. «Жоқ», – де. «Шешең бар ма?» «Жоқ», – де. Әкең атын сұраса, Қытайға ауып кеткен әкеңнің інісінің атын айт.

Тағы ағай ескертті:

  • Егер жылап, қайтып келсең немесе осы тастар жаққа қарай берсең, тура мына таспен бір-ақ ұрып, басыңның мылжамылжасын шығарамын! Түсіндің бе? Артыңа қараушы болма! – деп жекіді. Әрине, менің қазір ол ағайға (бертінде қайтты, Балқаш қаласының құрметті азаматы болды) ешқандай өкпем жоқ.

Ол кездегі тірі қалудың бірден-бір жолы осы болатын. Ол кезде 9 жасқа толған едім. Мен жөнелдім. Артыма қараған жоқпын. Барактардың жанына келдім. Мені керек қылған ешкім бола қойған жоқ. Сенделіп жүрдім.

Сабаннан салынған барактар алаңды қоршай орналасқан. Алаңның ортасында ұзыннан ұзақ тақтайдан шегелеп орнатылған столдар тұр.

Түс болды, күн төбемнен өтіп бара жатыр. Ағай үйреткендей, көлеңкеге кетіп қалмай, ақ киім киген әйелдердің көзіне түсуге тырысып жүрмін. Балаларға түскі ас берді. Мені және мен сияқты осы маңайда біраздан бері сенделіп жүрген, үсті-бастары жыртық-жамау бір-екі баланы ешкім керек қыла қойған жоқ.

Түс ауды. Қарным аша бастады. Біз сияқты жалба-жұлба аш-арық балалар көбейе бастады.

Бесін кезінде екі милиционер келіп, ақ халатты әйелдердің бір-екеуін ертіп кеп, бізді бір-бірлеп шақыра бастады. «Әкең бар ма?», «Жоқ». «Әкең аты кім?», «Мәлібек». Ағай үйреткендей Қытай ауған әкемнің інісінің атын айттым. «Мұнда неге келдің?» «Қарным ашқан соң келдім». Милиционер қағазға бірдеңелерді жазды да, ақ халатты әйел мен детдомның балаларының жанына қосты.

Бір-екі бала «тергеуден» мүдіріп, туысқандары немесе әке-шешелері бар боп шықты ма, оларды үйіне қайтару үшін милиционерлер өздерімен бірге алып кетті.

Маған детдомның балаларымен бірге кешкі тамақ берді.

Сабан барактардың ішіне сабан төселген. Екі жақ қабырғаға басымызды беріп жатқанда ортадан екі адам өтетіндей жер қалды. Екі-үш баланың үстіне бір жыртық көрпеден тиді. Жатарда сабан барак қатар-қатар жатқан балаға лық толды. Көпшілігі мен сияқты бүгін жиналғандар.

Таң ата тобығымнан тиген соққыдын жаным шығып кете жаздап ояндым. Мені тепкен үлкен кісі дыбыс беріп, оянғанымды көріп, аттап келесі балаға еңкейіп, үңіліңкіреп қарады да, дәл тобығының тұсынан теуіп кеп жіберді. Қорыққаным сондай, тырп етпей, не істер екен деп, бағып жаттым. Бала оянбады.

Байқасам, тағы бір кісі жүр екен. Екеуі жаңағы баланы біреуі аяғынан, екіншісі қолынан ұстап, есікке қарай алып кетті. Басымды көтеріп, есік жаққа қарасам, барактың кең есігінің алдында үстінде ағаш қорабы бар ат жеккен арба есікке көлденеңдеп тұр екен. Екеуі баланы құлаштап тұрып арбаның үстіне лақтырып тастады. Бұл екі кісі, қайтып келіп, балалардың бәрін аяғынан теуіп, оянбағандарын жаңағыдай көтеріп алып кетіп, арбаға лақтырып жүрді. Мен қорыққанымнан бүркеніп тырп етпей жата қалдым. Қозғалсам мені де сүйретіп апарып, қораптың үстіне апарып тастайтындай көрінді. Таң әбден атып, балалар тұра бастағанда мен де тұрдым. Қатарымыз сиреп қалыпты. Алып кеткен балалардың көпшілігінің жатқан жеріне үлкен дәретке отырып қойғанын байқадым. Бұл жағдай күнде қайталанатын еді. Соған қарамай, барактар кешке жатарда балаларға лық толатын еді. Әлгі балалардың өліп қалғандығын түсіндім.

Детдомда басқа ұлттың балалары өте сирек, тіпті, жоқ болатын. Қыршын қиылған қазақтың балалары.

Әкей, балаларды жаппай аштықтан аман алып қалудың бірден-бір жолы – оларды жетім есебінде детдомға тапсыру екенін сонда-ақ ойлаған екен. «Нәубеттен аман өтсек, кішкене жағдайымыз түзелсе, қолма-қол алып келеміз ғой балаларды», деп отыратын», – дейді шешей кейіннен.

Кейіннен дейтінім, әкей сол сапардан ауылға жетпепті. Қазақстанда аштық жағдайында, әр түрлі эпидемияның қаһар шашып, аждаһаша аранын ашып тұрған кезі. Балқашта іш сүзегін жұқтырып алып, екі-үш күн ғана ауырып, о дүниеге аттанып кетіпті әкей… Бар болғаны қырықтан аса берген шағы екен ғой сол кез.

Бір-екі күннен кейін сол әдіспен бізбен бірге Балқашқа келген әкейдің екінші баласы да детдомға түсті. Ол ағам да, «бірінші түнгі сынақтан» жақсы өтті. Кейінірек, бізді Қарағандыға жақын ағылшындар салған рудник Спасскіге көшіргеннен кейін әкейдің үшінші баласы да детдомға келді. Әкейдің қайтыс болғанын содан естідік.

1932-1933 жылдардағы қанды қырғыннан еліміз есеңгіреп шықты. Көп уақытқа дейін есін жия алмады. Сол себепті, көп жылдар бойы бізді біздің отбасы өзіне ала алмады. Әрине, бұл тасбауырлықтан емес, асырай алмайтындықтан еді.

Кейіннен ойласам, детдомдағы бірнеше жылғы көргенім де нәубеттің салмағын сездіре түсетін сияқты. Бірақ, бұл басқа әңгіме.

Спасскіде өткен күн Бізді, детдомның балаларын, 1933 жылдың күзінде арбаға тиеп Қарағанды қаласының түбіндегі Спасск руднигіне алып барды. Тәрізі, сабан барактар қыстап шығуға жарамайтын болған соң көшірді-ау деймін.

Бұл уақытқа қарай аш-жалаңаш балалардың нөпір тасқыны азайды. Біздің де нашарларымыз өліп бітіп, ықшамдалып қалдық.

Ағылшындардан қалған рудникте бірнеше барак бар екен. Бізді соған орналастырды. Бұл барактардың Балқаштағы сабан барактардан айырмашылығы шамалы. Сол сияқты бір жағында есігі, бір жағында жалғыз терезесі ғана бар кәдімгі барак. Бар айырмашылығы – төбесі, қабырғалары қалың, жылу ұстайды. Пешпен жылытылады. Қысты осында өткіздік. Тағы бір ағам осында келді. Оның 15-16-ға келіп қалған кезі еді. Сөйтіп, әкейдің үш баласы осы детдомда болдық.

Қыс қатты болды, үздіксіз боран соғып тұрды деуге болады.

Ел әлі есін жия қойған жоқ. Қазақтың ұлан-ғайыр даласында қасқыр ғана жортатын. Ұлы даланың сол қыстардағы бірден-бір қожасы қасқыр болды. Бірақ, олардың да жағдайы мәз емес еді. Ғасырлар бойы мыңғырған малға толы дала төсінде жел ғана азынайды, қарлы боран ғана құтырады. Ашыққан қасқырлар детдомның балалары жататын барактарды да айналдырды. Олардын дәнігуіне детдом қызметкерлерінің адам өліміне әбден бойы үйренгендігі де себеп болды деп ойлаймын. Өлген балаларды адам құсатып көмбей, апан шұңқырларға тастап, көме салатын. Кім біледі, шала-шарпы көмілген адам денесін аршып алып дәнікті ме жыртқыштар?.. Ұзын барактың төріндегі жалғыз терезесінен қарап тұратын еді, ұлып.

Бірер рет қайғылы оқиға да болды. Түнде дәретке шыққан бірер баланы алып та кетті. Осыдан кейін ғана детдом басшылары балаларды реттеп жатқызды. Барактың түп жағына кішілерін, одан кейін үлкеніректерін. Ал, шығар есік үлкен, жігіт боп қалған балаларды жатқызды. Түнде бір бала дәретке шығам десе, үлкен балалардың бірнешеуі таяқпен қаруланып, далаға қоса шығатын болды.

Міне, детдом суреттерінен есте қалғаны осы.

Жаманқұл КАРИН,

Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі.

1994 жылдың қаңтары.

Басқа материалдар

Back to top button