Мағауия Сембай

Тау тұлға

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің қарашаңырағында Мағауия Сембаймен ширек ғасыр бірге қызмет еттім. Газеттің ыстық-суығын бастан кештік. Мәкең Бас редактор қызметін абыроймен атқарды. Тау тұлғалы Мәкең – өзінің тұрпатына сай кең адам. Кейбір басшылар құсап басқан ізіңді аңдып, тырнақ астынан кір іздеу – бойына жат. Әсіресе, журналистерді еркін ұстайды. Журналистке де керегі осы. Шығармашылық адам өзін еркін сезінгенде ғана серпіліп, шабытына қанат бітіп, татымды дүниелер жаза алады. Мен сол бақытқа ие болғаныма шүкіршілік етемін.

«Әйел адамды жұмысқа алмаймын» деп қалжыңдайтын еді. Сонда «Мәке, мен әйелмін ғой» дегенде «Жұлдыз, сен әйел емессің – ақынсың» дейтін. Затым – әйел. Ана болған соң балаң ауырып-сырқамай тұрмайды. Ондай кезде сәбиіміздің сауығып кетуін сабырмен күтіп, қабағын шытып көрген емес.

Жүрегінде ізгілік бар еді. Айтулы мерекелерде ешкімді алаламай, бәріне бірдей бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы беріп, қол астындағылардың жағдайына қарайласып отыратын. Өзі бас болып, ұжымды жұмылдырып, үлкен-кіші қаламгерлердің басын қосып, демалдыруды да үзілмес дәстүрге айналдырған. Жер жәннаты Қарқаралының тауына шығып, аспан түстес Балқаштың көліне түсіп, бір жадырап қаламыз. Шығармашылық адамға мұндай демалыстың пайдасы зор. Әріптестер бір-бірімен сырласып, рухани күш алып, бір жасап қалады. Басшымын деп орынсыз айғайламайтын еді. Шектен шығып бара жатқан жағдайда ғана дауыс көтеріп, жастардың бетін бері қаратып қоятыны бар. Онысы – ширасын дегені. Өз ісіне мығым Мәкең кеуде көтеруді білмеді, өзін қарапайым ұстады. Зейнет демалысындағы ардагер журналистерді ұмытқан емес. Өмірден өтіп кеткен әріптестерінің жар-қосақтарын редакцияға шақырып, сый-сияпат жасауды дәстүрге айналдырған.

«Тау баласы тауға қарап өседі». Қарқаралының биік тауына көз тігіп өскен Тау ұлы қара ормандай оқырманның сүйікті газеті – «Орталық Қазақстанның» Тау тұлғасына айналды.

Қанша дегенмен қамшыл қарындасымын ғой. Арқа сүйемесем де, ағам деп құрметтедім. Асқар таудың құлағаны қабырғаға батты.

Көңілге бір медеу – аты-жөні тасқа басылып қалды. Мағауия Сембай ағамыздың есімі «Орталық Қазақстан» газетінің тарихында «газетті ең ұзақ басқарған Бас редактор» ретінде мәңгіге жазылды.

Жұлдыз ТОЙБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button