Ақтоғай

Татулық тағылымы

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бірлік ұғымы ұлттар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулық пен ел болудың белгісі болса, түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астына шоғырланған мекенімізден сол ұлтаралық татулықтың жарқын көрінісін анық аңғаруға болады.

Пейілі даладай дархан, жүрегі жомарт қазақ халқы қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне пана болып, қанатының астына алды. Тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанымен бөлісті. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Солардың бірі – Ақтоғай ауданы, Шашубай кентінің тұрғыны, таяуда ғана торқалы тоқсан жасқа келген қазыналы қария Нина Яковлева.

Нина Григорьевна Ресейдегі Калинин облысы, Пенов ауданы, Павлиха деревнясында дүниеге келген. 1958 жылы жолдасының жұмыс жағдайына байланысты отбасы Қазақстанға қоныс аударады. Ол 1962 жылдан бастап Кеңес кезіндегі дүрілдеп атағы елге жайылған «Балқашбалық» кәсіпорнында 40 жыл табан аудармай еңбек етті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан асыл ана бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл. Бұл мереке тұғыры биік, тәуелсіз Қазақстандағы әр ұлт үшін ерекше қастерлі, тарихи маңызды қазына екені анық. Осынау бірлік күні мерекесі қарсаңында көнекөз қария Нина әжейге телефон арқылы хабарласып, әңгіме өрбіткен едік…

«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады». Ертең еліміздің ең басты мерекелерінің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеміз. Бұл мереке еліміздегі барлық этностарды жақындастыра түсетін ортақ үйіміз – Қазақстанның ең басты мерекелерінің бірі. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев барша қазақты достықтың киелі шаңырағына теңеп, еліміздегі түрлі этностарды оның алтын арайлы уықтарына балаған болатын. Шашубай кентінде онға тарта ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бізге Қазақстан азаматтары ретінде барлығымызға тең құқық берілген. Сонымен қатар білім алу, емделу, мемлекеттік қызмет атқару мүмкіндіктеріне иеміз. Қазір қазақ жерін мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Елімізде ауыз біршілік пен татулық жарасымды бола берсін. Ауылдастарымды, барлық аудан жұртын бірлік және ынтымақ күнімен құттықтаймын. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілеймін. Өңіріміз өркен жайып, мемлекетіміз – молшылыққа, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін», –  дейді нина әжей.

Расында бір шаңырақ астындағы елдің болашағы да ортақ. Қазақстан халқының күш-қуаты да осында.

Думан ҚАБЫЛ.

Басқа материалдар

Back to top button